Тіл мәселесі – қазақ қоғамының ескі жарасы. Ал жарнама – елдегі тіл жағдайының шынайы бет-бейнесін айғақтайтын белгілердің бірі. Көтеріп отырған мәселеміз – көшедегі көрнекі ақпараттар мен хабарландырулар тілінің сапасы. Бұны қоғам ішіндегі қордаланған мәселенің сыртқы көрінісі деуге болады.
Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қоғамның тегеурінді талабына орай көше жазулары біраз дұрысталып қалғанымен, әлі де әттеген-ай деп сан соғар сәттер жетіп артылады. Өйткені көрнекі ақпараттардағы қазақ тілінде жазылған мәтіндер түзеліп, төрт тұяғын тең басып кетті деп айтуға әлі де ерте. Ауызды құр шөппен сүртпес үшін біз шынайы жағдайға көз жеткізбек оймен елорда көшелеріне арнайы рейд ұйымдастырған едік. Астана – еліміздің жүрегі әрі шетелдіктерге көрсететін бетке ұстар қаласы. Еліміздің өзге өңірлері үлгі тұтатын «үйдің үлкені» басқаларға қандай өнеге көрсетіп жүр? Әлде балық басынан шіріп жатыр ма? Осындай ойлар жетегімен біз шахардың сол және оң жағалауындағы бірнеше көшені аралап, заңнамадағы тіл нормалары қаншалықты сақталып жүргеніне көз жеткізуге тырыстық.
Ақиқатын айту керек, Астанада көше жарнамалары мен көрнекі ақпараттарының тілі бұрынғыға қарағанда едәуір түзелген. Бұрын орыс тіліндегі мәтіндер ғана сауатты жазылып, ал қазақша сөйлемдерде стилистикалық, орфографиялық, пунктуациялық қателер өріп жүретін. Алдымен орысша жазылып, кейін қазақшаға аударылған кейбір сөйлемдер өмірдің өзінен алынған «тірі анекдотқа» айналып кеткені де белгілі.
Ол заман келмеске кетті дегенімізбен, елорда көшелерін аралау барысында байқаған кейбір кемшіліктерді айтпай кетуге де болмайды. Мемлекеттік тілді менсінбеушілік дейміз бе, әлде немқұрайдылық дейміз бе, көрер көзге ұят қателер арадігідік кездесіп қалады. Мәселен, Астанадағы ең ірі спорт нысандарының бірі – «Алау» мұз айдыны қонақ үйінің алдындағы «ҚОНАҚ УЙ» деген жазуы бар баннер көзімізге бірден ілікті. Сол жағалаудағы «Рысқұлов» көшесінің атауы бірнеше жерде «Рыскұлов» болып тұр. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да кейбір отандасымызға «ү», «ұ», «қ» секілді қазақ дыбыстарын үйрете алмай-ақ қойдық. Әйтпесе бар болғаны екі-ақ ауыз сөз, соның өзінен өрескел қателік жіберіп жатса, не дерсің…
Кей дүкеннің сыртындағы «кеңсе тауарлары» деген сөздің қате жазылғаны өз алдына, «канцтовары» деген орысша жазуы қазақшасынан үлкендеу қаріппен беріліп, тіл туралы заң нормалары бұзылған. Негізі екі тілдегі сөздер бірдей өлшемдегі әріптермен берілуі керек. Осы «таурлар» деген қатені дүкен қожайыны ең құрығанда маңдайшаны ілу кезінде байқамады деп айту қиын.
Рейд кезінде көзге түскен тағы бір кемшілік – латын қарпімен жазылған атаулардағы ала-құлалық. 2017 жылдан бері елімізде қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі үш әліпби нұсқасы ауысқаны белгілі. Көшедегі кейбір ұйымдардың атаулары мен көрнекі ақпараттары сол үш нұсқа бойынша түрліше жазылып, қаланың сиқын бұзып тұр. Мәселен, латын әліпбиінің екінші нұсқасында «ш» әрпі ағылшын тіліндегі сияқты «sh» диграфымен берілгенін білеміз. Соған байланысты елордамыздың бірнеше жерінен «асхана» деген сөздің «ashana» деп жазылғанын байқадық. Мұны сауаты бар кез келген адам «ашана» деп оқитыны белгілі. Ал латын әліпбиінің соңғы үшінші нұсқасында «ш» әрпі «Ş» деп берілген. Бірақ аталған қоғамдық тамақтану орындары, жұмсартып айтқанда не өздері сауатсыз, не жұртты сауатсыз санайды.
Тағы бір мысал – елордамыздың сол жағалауындағы «Экономика үйінің» маңдайшасындағы жазу бірнеше жыл бұрын латыншаға ауыстырылған еді. Суреттен көріп отырғандай, ол латын әліпбиінің бұрынғы нұсқасымен «EKONOMIKA ÚIİ» деп жазылған. Ал соңғы бекітілген нұсқада кириллицадағы «і» әрпі нүктесіз «ı», ал «и» әрпі нүктелі «і» қарпімен жазылатын болған еді. Сол соңғы нұсқадағы латыншамен оқысақ, бұл «Экономіка үій» болып шығады.
Қалада не көп, киім-кешек дүкені көп. Өкінішке қарай, олардың да сыртқы көрнекі ақпаратында «киім» деген сөз бір жерде «kıım» болса, басқа жерде «kıim» деп жүр. Айта берсек, латынның жыры аз емес. Иә, оның нақты соңғы нұсқасы әлі бекітілген жоқ. Заман ыңғайына сай халықтың латын әліпбиіне деген құлшынысын да түсінуге болады. Дегенмен мұндай ала-құлалықтар ана тіліміздің берекетін кетірмесе, мерейін асырмайтыны анық.
Осы мәселелер бойынша Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркепке «Елорда көшелерінде мемлекеттік тілде жазылған ақпараттардағы қателіктер үшін оның қожайындарына заң бойынша қандай жауапкершілік көзделген, ол үшін қайда жүгінеміз?» деген сауал қойдық. Оның айтуынша, қазіргі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті мемлекеттік органдарда тіл нормаларының сақталуы бойынша мекемелерді бақылау функциясы жоқ. 2018 жылға дейін олар қате жазылған маңдайша атаулары, көрнекі ақпараттар бойынша кәсіпкерлерге оны түзету туралы талап қоя алатын. Алайда кейін бұл функция Кәсіпкерлік кодексінен алынып тасталған. «Мемлекет тарапынан кәсіпкерлер ісінің өркендеуіне көңіл аударылып, мүмкіндік жасау мақсатында оларға көп жеңілдік берілді. Соның ішінде жергілікті мемлекеттік органдардың тіл мәселесіне байланысты көп шағым түсуіне орай кәсіпкерлерді жиі мазалауының алдын алу үшін бақылау жасау, тыйым салу секілді функциялары жойылған. Сондықтан қате жазуларға байланысты кәсіпкерлерге хаттама толтырып, айыппұл салу мүмкін емес», деді ол. Яғни қазір әкімдіктер кәсіпкерлерге бұрынғыдай талап қоя алмайды, тек ұсыныс білдіреді.
Дегенмен Сәкен Есіркеп көше жарнамалары мен көрнекі ақпараттардан қате байқаған жағдайда әлеуметтік желіге Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасын белгілеп пост жариялауға немесе 109 нөміріне қоңырау шалуға болатынын жеткізді. Сонымен бірге e-otinish секілді басқа да платформалар арқылы нысанның суретін салып, мекенжайын жазып, мәлімет берсе, әкімдік тарапынан жарнама немесе көрнекі ақпарат иесіне хат жазып, түсіндіру жұмысын жүргізу арқылы мәселені шешуге атсалысатындарын айтты. «Біз өткен жылы 6 мыңға жуық заңсыз ілінген немесе қателіктері бар жарнаманы алып тастадық немесе түзету енгізуге ықпал жасадық. Биыл да осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, жыл басталғалы бері қатесі бар, шрифті сәйкес келмейтін, алдын ала келісілмей ілінген 1 504 маңдайша атауы және 1 021 сыртқы жарнама алынып тасталды және түзетіліп, орнына дұрысы ілінді», деді Сәкен Есіркеп.
Ал латын қарпімен жазылған мәтіндер мен атауларға келсек, қазіргі таңда жаңа әліпбидің соңғы нұсқасы заң жүзінде бекітілмегендіктен, өрескел қате болмаса, оған тыйым салып немесе дұрыстауға ұсыныс беріп жатпағандарын айтады. «Латын әліпбиіне көшу қадамдары басталғаннан кейін бізге мекеме атауларын латын қарпімен жазуға рұқсат беру туралы нұсқама берілді. Кәсіпкерлер де латыншаға құлшыныс танытып тұрады. Сондықтан ол атаулар кезінде латын әліпбиінің бұрынғы нұсқаларымен жазылып қалған. Егер кәсіпкердің өзі маңдайша жазуларын түрлі себеппен ауыстыратын болса, біз оларға қазіргі қолданыстағы кириллицамен жазуға ұсыныс айтып жатырмыз. Ал алдағы уақытта латын әліпбиінің нақты соңғы нұсқасы заң жүзінде бекітілсе, барлық мәтінді біріздендіреміз», деді ол.
Елорда көшелерінде жүргізілген рейд барысында көзімізге оғаш көрінген тағы бір жайт – кейбір астаналықтың өзінің қай мемлекетте тұрып жатқанын ұмытып кеткендей әсер танытуы. Бірқатар дүкен, дәмхана, нотариус секілді ұйым сыртқы жарнамалары мен көрнекі ақпараттарын тек орыс тілінде беріпті. Тіпті бір желі қолданушысы жариялаған суретке зер салсақ, Төтенше жағдайлар министрлігінің өзі Есіл жағалауына орнатылған ескертпе баннерді тек орысша жазған. Бұл, әрине, заң нормаларын бұзу болып саналады.
«Тіл туралы» Заңның «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» атты 21-бабында: «Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде – оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк-құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi» делінген.
Ал «Жарнама туралы» Заңның 6-бабында «Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ тілінде, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де таратылады» деп тайға таңба басқандай жазылған.
Біз жарнамаларын тек орыс тілінде жазумен қатар, орысша мәтіндерін қазақшасынан үлкен шрифтпен берген ақпараттарды да кездестірдік. Яғни бұл заңнамадағы екі тілдегі ақпарат бірдей әріптермен берілуі жайындағы талапты бұзумен қатар, қазақтілді тұтынушы құқығын табанға таптау.
«Егер мұндай жағдайды байқасаңыздар, ең алдымен, сол меншік иесіне бұның тіл және жарнама туралы заң талаптарына қайшы екенін айтып түсіндіру керек. Егер оған құлақ аспаса, 109 нөмірі арқылы әкімдікке шағым қалдыруға болады. Біз ондай мекемелермен міндетті түрде жұмыс істеп, мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттарды беруге міндеттейміз. Біздің қызметкерлеріміз де күн сайын рейд жүргізу арқылы осындай заңсыздықтарды жойып келеді. Бұл жерде халықтың да атсалысқаны маңызды», дейді Сәкен Есіркеп.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі қағажу көріп жүрген осындай жайттардың салдарынан қоғамда «Тіл полициясы керек» деген бастама көтерілгелі біраз уақыт болды. Сәкен Есіркептің айтуынша, тіл полициясына қатысты қоғамда екі түрлі түсінік бар: бірі – жеке азаматтардың рейд жасап, кәсіпкерлерге түрлі қоқан-лоқы көрсетіп, арандатушылыққа бой алдыруы. «Бұл – мәселені шешудің жолы емес», дейді ол. «Ең дұрысы, мемлекеттік органдарға тілге қатысты заңсыздықтарды реттейтін нақты құзырет берілетін болса, тіл полициясы керек деген талаптың өзі күн тәртібінен түсер еді. Осы мәселемен нақты бекітілген мекемелер айналысса, өзіңіз айтып отырған келеңсіздіктерді реттеуге болады», дейді ол. Осы орайда Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте тіл нормалары бұзылған жағдайда ескерту берілетіні, айыппұл салынатыны туралы жазылғанын, бірақ оны іске асыру тетігі жасалмағанын айта кету керек. Бұл жерде кодекстің «Тiл туралы заңнаманы бұзғаны үшiн жауаптылық» деп аталатын 75-бабы жайында сөз болып отыр. «Ұйымдарды тексеру үшін міндетті түрде хаттаманың үлгісі, тексеру парағы болуы керек, сонымен қатар арнайы уәкілетті орган бекітілуі қажет. Осының бәрінің нақты тетіктері жасалмағандықтан, қазіргі таңда аталған бап іске аспай отыр. Қазір осы олқылықты түзеу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті жұмыс жүргізіп жатыр», деді Сәкен Есіркеп.
Ал Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов аталған баптың жұмыс істеуі үшін заңнамаға қандай да бір өзгерістер енгізу бағытындағы жұмыстар әзірге аяқталмағанын, заңдарды алдымен Парламент бекітуге тиіс екенін, сондықтан нақты нәтижелер туралы айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасын тауып, заң талабы «аты бар да, заты жоқ» күйінде қала бермеуі керек. Кейінгі кездері мемлекеттік тілге немқұрайдылық танытушылардың неге көбейіп кеткенін де енді түсінгендейміз. Бұған жол берілмеуі керек. Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғайтын және айыппұл салу, басқа да жаза тағайындауға құзыреті бар арнайы мекеме жұмыс істеуге тиіс.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ