«(Раббың) сендерге мінулерің үшін кемелер мен жануарлар жаратты, сонда олардың үстіне мінген кезде Раббыларыңның нығметін еске алып: «Бұны біздің қызметімізге бергенге шүкір және тәубе етеміз. Әйтпегенде біз оларды бағындыра алмас едік. Раббымызға міндетті түрде қайтамыз – деп айтыңдар» (Зумәр сүресі 12-14 аяттар).
Құран Кәрімнің бұл аятында біздің алатын бірнеше дәрісіміз бен ескертулердің барына тоқталасақ.
- Құдай адамды жаратқанда теңізде де, құрлықта да жол жүретін көптеген көліктер жасап шығаруға ақыл мен ой берді. Теңізде жүзген кемелер мен құрлықтағы тасымалдайтын аттар, қашырлар, есектер мен түйелер – осы көліктердің бір парасы ғана. Ғасырлар бойы адамдар бұл көліктермен алыс елдерге саяхаттар жасаған және жүктерін де тасымалдау үшін пайдаланды. Кейінірек пойыздар, автокөліктер, ұшақтар мен ғарыш кемелері сияқты заманауи көліктер қосылды. Негізінде Құран түскен кезеңде адамдар білмейтін көлік құралдарының болатыны жайында бір аятта былай делінген: «Жылқыларды, қашырларды және есектерді мінулерің үшін және көздердің көркі үшін жаратты. Алла тағала сендер біле алмайтын да көп көлік жаратты» (Нахл сүресі 8-аят)
- Тасымалдау құралдарын адамның игілігіне берген Алла. Кемелер, көліктер, ұшақтар сияқты адамдар жасаған көліктер мен жануарлардың барлығы Алланың адамдарға қызмет ету үшін қойған құралдары. Егер Алла тағала адамды жердің халифасы етіп жаратпаса және жердің барлық нығметтерін адамның қызметіне бермесе, адам баласы өзінің физикалық күші мен өлшемімен малды да өз қызметіне ала алмас еді, не кемелерді де жасай алмайды және теңіздерде, құрлықта жүретін пойыздармен, автокөлікпен немесе әуеде ұшатын ұшақтармен саяхаттай алмайды.
Құдай адамға алдымен ақыл берді. Сосын Адам атамызды жаратқанда оған жер бетіндегі жаратылыстардың атауларын және олардың не үшін қолданылатынын үйретті. Сонымен қатар, жер бетіндегі жануарларды адамдарға бағындырды. Құдай теңіздегі суға қалқымалы күш берді. Құдай ұшақтардың ауада ұшуына мүмкіндік беретін ақпарат пен ауа райы жағдайын жасады. Демек, адам табиғаттың жаратылысынан пайдаланса немесе өзі шығарған затты пайдаланса, мұны өзінің құдіреті мен біліміне емес, әлемдердің Раббысының құдіреті мен мейріміне жатқызып, «Мен бұған өз күшіммен қол жеткізген жоқпын, егер Алла бұларды маған қызмет етпегенде, мен мұны істей алмас едім» дей отырып Алланы әртүрлі кемшілік сипаттардан пәктеуі тиіс.
Кейде адамдар Алланы ұмытып, өз күшіммен осы жетістіктерге жеттім деп ойлайды. Алланың жәрдемінсіз ұшақ, кеме, пойыз жасай аламын деп, хайуандарды да өзі үйретіп алғандай сезінеді. Бұл жаман адасушылықтан тез арада арылып, Алланы ұлықтау керек. Ендеше, адам баласы жер бетіндегі берілген мүмкіндіктерге алданып, өзін «Жердің Раббысы (!)» деп қателеспей, «Тәңірдің құлы» екенін үнемі есте ұстауы керек.
3) Адам бір жерден екінші жерге сапар шегу үшін көлікке мінгенде бірден өзінің нақты сапарын ойлап, бір күні бұл дүниеден екінші әлемге сапар шегетінін ешқашан ұмытпауы керек. Бұған қоса алғанымызда, ұмытпауымыз керек болған тұстарының бірі де, біз көлікті құрлықта, теңізде немесе әуеде мінгенде, бұл көліктердің апатқа ұшырау мүмкіндігі бар. Кеме суға батып кетуі, ұшақ құлауы, көлік апатқа ұшырауы мүмкін, біз жануардың арқасынан құлап қалуымыз мүмкін. Күнделікті қолданыста болған көліктердің апатынан да көптеген адамдардың көз жұматынын жаңалықтардан көріп жүрміз. Сондықтан кез келген саяхаттың нәтижелі аяқталатынына кепілдік жоқ. Міне сол себепті өмірдің өткінші екенін ескеру керек.
Қорытындылайтын болсақ, Раббымыз бар мүмкіндіктерге өз күшімізбен жеттік деген қате сезім мен ойдан сақтасын. Барлық көлік түрімен қамтамасыз еткен Раббымызды және бір күні бұл дүниеден мәңгілік әлемге сапар шегетінімізді естен шығармауымызды нәсіп етсін.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Астана қаласы «Діндерді зерттеу» орталығының теолог маманы,
PhD докторы