Көкшетау қаласының 29 жастағы тұрғыны үшемді дүниеге әкелді. Бұл Ақмола облысында биыл дүниеге келіп отырған алғашқы үшем, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізде жыл басы үшемнің дүниеге келуі сияқты қуанышты жаңалықпен есте қалды. Қазір аналар мен балалардың жағдайы тұрақты. Балалар жақсы салмақ жинауда», – деді Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық қызметінің дәрігерлері.
Дәрігерлер атап өткендей, нәрестелер табиғи жолмен, яғни ЭКҰ немесе басқа да қосалқы репродуктивті технологияларды қолданусыз дүниеге келді. Бұл Раушан есімді әйелдің екінші рет босануы, оның бұған дейін бір баласы бар. Сәбилердің есімдерін ата-аналары Кәрім, Әлім, Әлихан деп қойды.
Дәрігерлердің сөзінше, әйелдің жүктілігі қалыпты болды, балалар мерзімінен бұрын, жүктіліктің 34 аптасында дүниеге келді. Екі сәбидің салмағы 2 кг 244 гр, бір сәби ағалары арасында ең кішкентай болып шықты, ол 2 кг 023 гр салмақта дүниеге келді. Бұл үшем үшін өте жақсы көрсеткіш.
Қазіргі уақытта облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері нәрестелерді күту бойынша барлық тиісті шараларды жүргізуде. «Қазір сәбилер палатада, анасының қасында. Дәрігерлер сәбилерге қарап, тамақтандыруда. Балаларды тезірек күшейту үшін анасы үлкен рөл атқарады. Ол мамандардың барлық ұсыныстарын орындауда. Осының арқасында ұлдар тез салмақ қосады. Үшемді дүниеге әкелу әрине қиын. Мұндайда жүкті әйелдерде қан кету қаупі туындайды. Сол себепті, босанғанға дейінгі бөлімнің, перзентхананың, неонатологтардың, анестезиолог-реаниматологтардың, акушерлердің, орта медициналық қызметкерлердің барлық бригадаларының үйлесімді жұмысы маңызды», – деп түсіндірді дәрігерлер.
Үшем туған ана мен оның сәбилерінің қашан үйлеріне шығарылатыны нақты белгісіз. Әзірге дәрігерлер оларды бақылап отыр. «Балалардың денсаулығының көрсеткіштері нормаға жеткенде, олар үйге жіберіледі», – делінген Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы перинаталдық қызметінің мәліметінде.