Қасиетті Құрбан айт күні Көкшетау қаласының іргесіндегі Бірлік шағын ауданында жаңа мешіт ашылып, жергілікті тұрғындар зор қуанышқа бөленді. Жаңа мешіттің ашылуына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, құттықтады.
Асыл дініміздің ұлттық болмыс-бітімімізбен біте қайнасып, имани құндылыққа айналғанын атап көрсетті. ҚМДБ Төрағасы ұлы дала елінің бағзы замандардан жалғасқан тарихы да бұған айқын дәлел. Бүгінгі тәуелсіз елдің көк байрағы асқақ желбіреп, ұлттық салт дәстүрлеріміз жаңғырып, елдігіміз еңселене түскені жүрекке жылылық шуағын себетінін атап өтті.
Ресми ашылу рәсімі өткесін мешітке және осы құлшылық үйін салған кәсіпкер Сайран Жақыповқа естелік сыйлықтарын табыс етті. Жаңа мешітке Етекбай молда есімі берілді.
Бұл мешіттің ерекшелігі – жанында арнайы спорт алаңы қоса салынған. Бесін намазы оқылғасын спорт алаңында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Балуандар белдесіп, күштілер көлікті сүйреді. Асық атқан қауым да сый сияпатсыз қалған жоқ.
Бұл спорт алаңына кәсіпкер азаматтың марқұм ұлы – Мақсаттың есімі берілді.
Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбит өз сөзінде қасиетті мереке күнгі шаралар мешіттің ашылуымен бастау алып, қайырымдылық істермен жалғасқанын жеткізді.
Осынау ізгі қуанышқа бөленген адамдар да ізгі тілектерін жолдап жатты. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын деген ақжарма оймен алдағы күндерге үмітіміз үзілмесін деп тарқастық.