– Бұл аңызды мен мектеп қабырғасында жүргенде шамамен 1991-1992 жылдары «Зерде» журналынан оқыған едім. Жаныма жақын болған соң көкейімде жатталып қалыпты. Ал осыдан он-он бес жыл бұрын осы аңыздың Халел Досмұхаммедовтың «Аламан» атты еңбегінде де келтірілгенін оқыдым, бірақ ол кітап қолыма түспеді. Сірә, тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде «Зерде» журналын шығарушылар қайта оралған зиялыларымыздың еңбектерін жаңғыртып жатқанда аңызды сол Халел ағамыздың кітабынан көшіріп басқан болса керек.
Менің баяндауым түпнұсқаға аса жанаса қоймас, дегенмен ескіден қалған соқпақтың сорабымен қысқаша аңыздап көрейін.
Сахарада жайын жүрген қазақтардың мұсылмандығына күмәнданған Бұхара ғалымдарының бір бөлігі «Мешіт-медресе бақпаған осы халықтың мұсылманшылығы шамалы, бұл қазақтарды дінсіз деп жариялап, құлдыққа салу керек» деген пәтуа шығармақ болады. Сонда Құдайына қараған бір ғұлама: «Бүкіл бір халықты сырттай тон пішіп, кәпір деп жариялау жөн болмас, алдымен кісі жіберіп, араларынан бір өкілін алдырып сынайық, сауалдарымызға жауап бере алмаса, сонда лайықты пәтуасын шығарайық» дейді. Осыған тоқтасып, кісі салғанда, қазақтар өз арасынан Көге деген жас жігітті жібереді. Көге ислам шариғатының бүге-шігесіне дейін жетік білетін білімдарлығымен Бұхара ғұламаларының таңдайын қақтырады. Оған тәнті болған бұхаралық ғалымдар: «Қандай тілегің бар, орындайық» дегенде Көге: «Мен осы Бұхараның ортасынан медресе салып, бала оқытсам деймін» дейді. Бұл тілегіне бұхаралықтар келіскен соң: «Тек бір шартым бар. Маған медресені салысуға балиғатқа толғалы дәретсіз жер баспаған жандар ғана келетін болсын» дейді. Сонда мұсылмандығымыз өзгеге өнеге боларлықтай дәрежеде деп астам ойда жүрген дүйім Бұхара жұртынан балиғатқа толғалы дәретсіз жер баспаған бір адам шықпайды. Сөйтіп Көге сол медресені жалғыз өзі салған екен деседі. Ел «Көге тасы» атап, соңында «Көкілташ» медресесі атанған, сан ғасыр бойы бүкіл Орта Азия руханиятына қызмет еткен сол оқу орны Өзбекстан жерінде бүгінге дейін тұр.
Бұл шағын аңыздың жалғасы бар. Бірақ ол бұл сауалдың жүгі емес. Таяу арада оған да айналып соғармыз деп ойлаймын.
Ал, жоғарыдағы аңызға бүгінгі күннің көзімен қарасам, маған Көкілташ медресесі дәстүрлі қазақ мұсылмандығына орнатылған ескерткіш тәрізді көрінеді. Сол медресені сайын далада салмай, онсыз да мешіт-медресенің кені болған Бұхара жұртының ортасына соғуы Көге бабамыздың көкірегіндегі ұлы арманның жарып шыққан көрінісі болса керек. Бабамыз сан ғасырдан кейін келетін ұрпағына тағы да тексіз біреулер келіп: «Сенің мұсылманшылығың шамалы, мешіт-медресе ұстап жарытпадың, сенің дінің дін емес, ең таза дін – біздің дін» деп көкірек кермесін, сүйегіне таңба салмасын, иманынан жаңылдырмасын деп, қазақтың қандай мұсылман екенін дәлелдеу мақсатында шаһарлы жұрттың ортасынан ойып ескерткіш қалдырған болар… Сол арқылы Көге бабамыз шын иманның мешіт пен медресенің санымен емес, адамның таза жанымен өлшенетінін, Алланың үйі қазақтың даласында кем болғанымен жүрегінде берік орнағанын дәлелдегісі келіп назаланған да болар…
Ақиқатын Алла біледі, ал абыздар мен аңыздар елінде өскен дала перзенті мен үшін – бұл ескерткіш қазақ халқының діни-ұлттық бірегейлігіне сынмен қарап, сына қаққысы келгендерге берілген тарихи жауап іспетті.