Әлемде әр минут сайын теңіздер мен мұхиттарға бір камаз пластикалық өнімдер төгіледі екен. Дүниежүзілік экономикалық форумның статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 8 миллион тонна пластикалық өнімдер мұхит суларына ағызылатын көрінеді.
Дүниежүзілік экономикалық форум егер жағдай бұлай кете беретін болса, 2050 жылы теңіздер мен мұхиттардағы пластикалық өнімнің үлесі теңіз хайуандарының санынан да асып түсетіндігін ескертіп отыр.
Ғылым адамдары пластикалық заттарға оратылып қалған тасбақалар, балықтар, ақ шағалалар және басқа да кішкентай жануарларды құтқару барған сайын көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр.
Микроскопиялық планктондардан бастап киттерге дейін барлық теңіз хайуандарына зардабын тигізіп жатқан пластикалық қалдықтар табиғатқа айтарлықтай қауіп төндіріп отқаны ақиқат. Оның үстіне пластикалық қалдықтар оңайшылықпен топыраққа айналып кете алмайтынымен әрі одан түрлі химиялық заттар да бөлінуімен қоршаған ортамызға қауіпті.
Ал, бұл пластикалық өнімдер қайдан келіп жатыр?
Greenpeace халықаралық қоршаған ортаны қорғау ұйымы «Пластикалық өнімнен құтылыңыз» атты кампаниясы аясында 42 мемлекеттен 10 мыңдаған еріктілердің көмегімен теңіздегі пластикалық қалдықтардың мониторингін жүргізген. 9 айға созылған бұл зерттеу жұмысының нәтижесінде 239 теңіз тазаланып, 187 мыңнан астам пластикалық қалдықтар жиналған.
Greenpeace осылайша қоршаған ортаны пластикалық қалдықтармен ең көп ластайтын фирмалардың тізімін шығарған.
Мұхиттарды пластикалық қалдықтармен ластауға жол ашқан 10 фирма:
1. Coca-Cola | 6. Procter & Gamble |
2. PepsiCo | 7. Unilever |
3. Nestlé | 8. Pefetti van Melle |
4. Danone | 9. Mars Incorporated |
5. Mondelez | 10. Colgate-Palmolive |
Қайнаркөз: Greenpeace |
Greenpeace-тің бұл зерттеу жұмысына сүйенсек, Coca-Cola, Pepsi Co және Nestle жаһандық пластикалық ластаудың ең жауапты үш фирмасы болған. Себебі, бұл үш фирма – халықаралық деңгейдегі ең үлкен компаниялар. Әрі теңіздерден табылған қалдықтардың басым бөлігі осы үш компанияға тиесілі болған.
Greenpeace ұйымының еріктілері жинаған пластик қалдықтардың ішінде полистрен типіндегі пластиктерге жиі ұшырасқан, ал, пластикалық қалдықтардың мұндай түрлері қайта өңдеуге жарамайды.
Greenpeace ұйымының бұл есебінің артынан мәлімдеме жасаған Coca-Cola компаниясы: «Greenpeace ұйымының мұхиттарды ластауды тоқтату үшін қолға алып жатқан шараларын қолдаймыз. Біз де мойнымыздағы міндеттерімізді атқаруға дайынбыз. Компаниямыз үшін айқын мақсаттар белгіледік. Мақсатымыз – сатып жатқан әрбір сусынымыздың пластикалық құтысын не кері жинаймыз, не қайта өңдейміз»,–деді.
Coca-Cola компаниясының өкілдері бұл мақсатты 2030 жылға дейін жүзеге асыратындарын тілге тиек етті. Ал, Pepsi Co компаниясы 100 пайыз қайта өңделетін құтылар технологиясы бойынша жұмыс жасап жатқандықтарын әрі мұны 2025 жылға дейін жүзеге асыратындықтарын айтты.
Дереккөзі: bbc.com