Күндердің күнінде 25 жастағы баласын жетектеген ақсақал пойызға отырады. Біршама уақыттан кейін олардың жанына қызметкер кісі келіп отырады. Пойыз қозғалып жүре бастағанда ақсақалдың баласы терезеге қарап:
– Әке, қарашы, талдардың барлығы артқа кетіп жатыр, – дейді. Әкесі күлімсіреп отырады. Мұны көрген көрші кісі еңгезердей жігіттің өзін бұлай ұстауын түсінбейді. Сәл уақыттан кейін жігіт тағы:
– Әке, қарашы қандай әдемі жануарлар мен өзендер! – дейді. Кенет жаңбыр жауып, күн күркірейді. Жігіт қуаныштан терезеден қолын шығарып:
– Әке, менің қолыма жаңбыр суы тамып жатыр, қарашы, – дейді. Әкесі әдеттегідей күлімсірейді. Мұны бақылап отырған әлгі кісі ақсақалдың жанына жақындап:
– Әкей, бұл балаңызды емханаға апарып емдетпейсіз бе? – дейді. Сонда ақсақал:
– Біз қазір ғана ауруханадан келе жатырмыз. Ұлымның бүгін ең алғаш рет көзі ашылып, қоршаған ортамен танысып жатыр. Мен оны мұндай жағдайда қолдауым керек, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы