Қазақ «ана тілі» деп бекер айтпаса керек. Өйткені бала өзінің анасының тілінде сөйлейді. Келешек ұрпағымыздың өз тілін біліп өсуі үшін бүгінгі аналарымыздың өзге тілде шүлдірлемегені маңызды. Осы орайда елордамызда жас аналар арасында қазақша кітап оқу клубын ұйымдастырып, қазақ тілінде сөйлеуді насихаттап жүрген Арайлым Мустакова есімді замандасымыздың еңбегін атап өткен орынды. Ол құрбысы екеуі бірігіп «Шолпы» атты қазақ тілді кітап оқу клубын ашқан. Мақсат – тұлға ретінде дамуға, дүниетанымды кеңейтуге септігі тиетін, ұлттық нақышы жоғалмаған орта қалыптастыру.
– Сіз жас аналар арасында кітап оқу жобасын бастаған екенсіз. Бұл идея қалай туындады? Қалай басталды? Осы жайында айтып берсеңіз.
– Иә, қазіргі таңда құрбыммен бірге ашқан «Шолпы» атты қазақ тілді кітап клубым және ұлттық нақыштағы бұйымдарды трендке айналдыру мақсатында ашқан онлайн дүкенім бар. Декреттік демалысқа енді шыққан кез келген әйел біраз уақыт үйде отырғаннан кейін күйзеліске түсетіні бар. Оны мен декреттің бірінші деңгейі деп санаймын. Бұл деңгейден өзім де өткен болатынмын. Бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөліп, көп нәрсе үйреніп жүрсең де, іштей өзің бір жерде қозғалмай уақыт көшінен қалып қойғандай сезім болады. Екінші балам дүние келген соң, мен де сондай сезімді басынан өткеріп, тұлға ретінде дамитын қазақы орта іздей бастадым. Өкінішке қарай, таппадым. Сол кезде декреттегі аналарға осындай орта керектігі жайлы ойлана бастадым.
Бір күні осы ойымды Сымбат есімді құрбыма айттым. Ол филолог, қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Қазақ тілінің бүгінгі ахуалы – екеуміздің де жанымызға бататын тақырып. Ол өзі тікелей тіл мәселесінің ішінде жүрген ұстаз ретінде қазақы орта қалыптастыру жайлы ойы бар екен. Сөйтіп екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, Астана қаласында түрлі даму, дүниетанымды кеңейту, ұлттық сипаты бар ортаны ұзақ іздей келе, сол ортаны өзіміз жасауымыз керек деп шештік.
Клубты құру мақсатында «дәстүр», «дүниетаным», «даму» деген тірек сөздерді алдық. Неге? Менің призмам бойынша біз жас аналарға кітаптарды оқыту, ұлттық тәрбиені айта отырып тікелей ұрпақ тәрбиесіне зор үлесімізді қоса аламыз деген ниет. Ал Сымбаттың призмасы: қазақша кітап оқуды трендке айналдыру болды. Осылайша біз осы жылдың ақпан айында «Шолпы» атты қыз-келіншектерге арналған қазақ тілді кітап клубын құрдық.
Атауын не себепті «Шолпы» деп қойдық? Шолпы бұйымының тәрбиелік мәнін білетін боларсыздар, оны таққан кезде қыздар арқаны тік ұстап, бойды да, ойды да түзеген екен. Біздің клубымыздың басты мақсаты да – ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып дамитын, оқитын орта құру. Ойды түзеу, біздің менталитетке сай рухани даму.
– Оған кез келген қыз-келіншек қатыса ала ма?
– Біз клубты ашқан кезде жас, жыныс бойынша шектеу қоймадық. Бүгінде клубымызда 18-30 жас аралығындағы мектепті енді бітірген қыздарымыз және жас аналар бар. 5 айдың ішінде клубымызға 45 оқырманды жинап, кітап оқуға қызықтыра алдық. Алда барынша көп оқырман жинап, қазақ тілді ортамызды кеңейтуді мақсат етіп отырмыз.
Осы күнге дейін 5 кездесу өткіздік. Бір кездесуімізге өзіміз оқыған кітаптың авторы да қатысты.
– Негізінен қандай кітаптарға басымдық бересіздер? Осыған дейін қанша кітап оқылды?
– 5 кездесуде оқырмандармен бірге 8 кітап оқып шықтық. Клубымызды ашар алдында біз көп кітап оқу клубтарын қарап, зерттеген болатынбыз. Ол жерде көбіне кез келген танымал кітап оқыла береді. Ал бізде клуб құру барысында өзімізге бірнеше критерий жасадық: Кітап міндетті түрде қазақша, авторы қазақ болуы керек. Кітап мазмұнында міндетті түрде қазақы тәрбие, ұлттық дәстүр көріністері болуы қажет. Сосын кітапты талқылау барысында сол кездегі дәстүр, тәрбие қалай болды, бүгін оны қалай қолдана аламыз деп тылқалаймыз. Қазақ дана халық қой. Сол халқымыздың өткенін бүгінмен байланыстырып, тарих пен дәстүр сабақтастығын жалғастырғымыз келеді.
Неге қазақша кітап таңдаймыз? Қазақ тілді кітаптардан алған инсайттарды өз өміріңізге енгізу жеңілірек, себебі онда психологиямызға, менталитетімізге жат нәрсе жазылмайды. Бестселлерге айналған шетелдік психологияны филтрсіз қабылдай салып, өз өміріңізге енгізу қиын. Ал қазақы танымға сай жазылған кітаптың адамға әсері бөлек.
Б.Момышұлының «Ұшқан ұясын» оқыдық, тұнып тұрған қазақы философия, ертегіні балаларға айтудың қаншалықты маңызды екенін айтады. «Ертексіз өскен бала –рухани мүгедек адам. Қазіргі аналар, әжелер ертегі айта бермейді, содан қорқам. Балалық шақтың бақыты сол кереметке сенгенінде шығар» дейді. Сол кездесуден кейін аналар шынымен балаларына ертегі айта бастаған. Бұл біз үшін маңызды.
– Сіздердің клубтарыңызға орыстілді жас аналар да қатыса ма? Оларға қалай әсер етіп жатыр?
– Иә, орыстілді оқырмандарымыз көп. Біздің осы күндегі үлкен кемшілігіміздің бірі – қазақ бола тұра орысша сөйлеуіміз ғой. Бізге орыс тілді кітап оқу клубынан көп қыз келіп қосылды. Кітапты талқылау барысында алғашқыда олар үндемей отыратын. «Неге белсенділік танытпайсыздар?» деген сұрағымызға «Біз қазақ тілін жеткілікті білмейміз», «сіздер сияқты әдемі сөйлей алмаймыз» деген жауап алатынбыз. Бірақ біз мақсатымыз кімнің қандай деңгейде қазақ тілін білетіндігін көрсетіп жарысу емес, керісінше бірігіп қазақ тілінде сөйлеуді жақсарту, кітаптар арқылы сөздік қорымызды толықтырып, қазақ тілінде әдемі сөйлеуді үйрену екендігін айттық. Содан кейін қыздар өздерін еркін ұстап, тырысып, барынша ойларын қазақ тілінде жеткізе бастады. Басында орысша сөздерді көп қосатын, қазір қазақша әдемі сөйлеуді үйренді. Шыны керек, қазақ тіліне деген махаббаттары ашылғаны сонша, клубтан тыс та қазақша сөйлеп жүргендерін байқадық. Бұл біз үшін үлкен жетістік.
– Бұл жұмыстарыңызға қолдау, демеушілік жасайтындар бар ма?
– Әзірше демеушілер жоқ. Кездесулерді өткізу, инстаграм парақшамызда клубымызды жарнамалау үшін керек қаражатты жабу мақсатында ұлттық нақыштағы бұйымдар сататын онлайн-дүкен ашқан болатынбыз. Сатылымнан түскен ақшаға «Шолпы» клубына керек заттар аламыз.
Дүкен ашудағы тағы бір мақсатымыз – басты назар шолпы мен шашбаудың заманауи стилизациясын көрсетіп, осы қазақылыққа деген махаббатты оятуды бүлдіршіндерден бастау болатын. Барлық жасқа арналған ұлттық әшекейлерді, олардың тарихымен таныстыра отырып саудасын жүргіземіз. Осындай кішкентай қадамдар арқылы бір өз миссиямызға жетеміз деген ойдамыз.
– Жуырда Қазақ тілі қоғамының мүшесі болыпсыздар. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалады?
– Иә, жақында Лариса Алдабергенқызы басшылық ететін Халықаралық қазақ тілі қоғамына мүше болдық. Қазір Астана қаласының көшелерінде тіл мәртебесін көтеру үшін жүргізіліп жатқан «Көрнекі» атты жобаға атсалысып келеміз. Алда қазақ тілін дамыту мақсатында тағы жобалар жасасақ деген ой бар. Ол жайында уақыты келгенде айта жатармыз.
– Болашақта тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Негізі бұл бағытта идея өте көп. Ана болған соң, білікті мамандарды жинап «Өнегелі ата-ана клубын», балаларға арналған қазақ тілді кітап оқу клубын ашу туралы ой бар. Бірақ балаларды кітап оқуға шақыру қиындау болып тұр, сондықтан «Балаңды тәрбиелеймін десең, алдымен өзіңді тәрбиеле» деп клубымызға аналарды кітап оқуға шақырудан бастаған болатынбыз. Осы жұмысымызды алдағы уақытта да жалғастыра бермекпіз.
– Ендеше, сіздерге сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ