Енді, кітап иелеріне қай діндегілер жатады? деген сұрақтың төңірегінде сөз етер болсақ, ислам ғұламалары яһуди мен християндардың* кітап иелеріне жататындығына бір ауыздан келіскенімен, бұлардан өзге сабийлердің (жұлдыздарға табынатындардың) және мәжусилердің (отқа табынатындардың) кітап иелеріне жатып-жатпайтыны, олар ислам құқығындағы кейбір жеңілдіктерді кітап иелері сияқты пайдалана ала ма, жоқ па? деген мәселе туралы түрлі көзқарас бар.
Имам Матуриди, «Әһлі кітап» деген терминологиялық ұғымды, Алла тарапынан келген бір иләһи «Кітапқа» иман еткендер, алайда, ол кітап кейін адам тарапынан өзгертілген болуы да мүмкін деп қарайды.
Имам Матуриди: «Ақыл иесі болған адам баласының тәбиғатында бір Жаратушыға деген сенім бар. Бұл сенім көңілдерде орнығып, беки түсуі үшін Адам атадан (ғ.с.) соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейін белгілі бір заманда, белгілі бір мекенге пайғамбар жіберіліп отырды. Осы тұрғыдан бүкіл пайғамбарлар «тәухид» (жалғыз Жаратушыға сену) сенімін насихаттады. Сондай-ақ, иләһи кітаптарға Забур, Тәурат және Інжіл жатады. Бұл кітаптар уақыт өтуімен бұрмаланып, өзгеріске ұшырады»[1] десе, Құрандағы: «(Сондай-ақ бұл Кітапты сендерге): «Хақ Кітап бізден бұрынғы екі қауымға (яһуди мен насараларға) ғана түсті. Біз олардың оқып-білгендерінен бейхабар едік», – деп айтпауларың үшін (түсірдік)» (Әнғам сүресі, 156-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Кітап сөзіндегі мақсат Тәурат және Інжіл» [2] деген.
Бұдан кітап иелері негізінен Зәбур, Тәурат және Інжіл түскен қауымдарды ғана кітап иелеріне жатқызуға болады.
Кейбір ғалымдар, «Әһлі кітап» терминологиясын кеңірек қарастырады. Олар, Құрандағы «Бақара» сүресі, 62-аяты, «Мәйда» сүресі, 69-аяты, «Хаж» сүресі, 17-аяттарында яһуди, христиандармен бірге сабийлердің, ал «Хаж» сүресінде мәжусилердің де аты қатар аталуын ескере отырып, оларға да Иләһи кітап берілгенін айтады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мәжусилерге кітап иелерімен бірдей қараңдар. Алайда, олардың қыздарымен некелесуге, бауыздаған малдарын жеуге болмайды» [3] десе, тағы бір хадисте: Хажар мәжусилерінен жизия* алынып, алынбауы жайлы сұрағандарға: «Оларға да кітап иелері сияқты қараңдар» деп, жизия алуға бұйырғаны келеді.
Қорыта айтар болсақ, кейбір ғалымдардың көзқарасы бойынша, жер бетінде Жаратушы Хақ тарапынан кітап берілмеген бір қауым жоқ. Бұл көзқараста болған ғалымдардың өзі, хадисте білдірілген ашық үкімге, яғни, мәжусилердің бауыздаған малының етін жемеу және қыздарын некеге алмау мәселесінде өзге ғалымдардың пікіріне келіседі.
Мәжусилерді кітап иелеріне жатқызбайтын ғалымдар болса, «Оларға да кітап иелері сияқты қараңдар» деген хадистің өзі олардың кітап иелеріне жатпайтындығына дәлел дейді.
* Қай ғасырда өмір сүрген яһуди, християндар немесе осы екі діндегі қай бағытты ұстанғандары кіретіндігі жайлы түрлі пікірлер де бар.
[1] Режеп Өнал, Әбу Мансур әл-Матуридие гөре ислам діші дінлер, 97 б.
[2] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 5-том, 262 б.
[3] Режеп Өнал, Әбу Мансур әл-Матуридие гөре ислам діші дінлер, 97 б.; Муатта, Зекет, 42.
* Мұсылман еліндегі кітап иелерінен алынатын салықтың атауы.