“Нұр-Мүбарак” университетінде көпшілікке қуаныш сыйлаған көрме өтті. «КІТАП АЛ ДА, САУАП АЛ!» деген ұранмен қасиетті жұма күні өткен ерекше кітап көрмесі – жамағатқа тың серпіліс сыйлағандай.
Бұл көрменің жұма күні өтуі бекер емес. Себебі Нұр-Мүбарак университетінің құрылысына атсалысу арқылы еліміздегі жалғыз ислами университетке қолдау жасап қана қоймай, болашақ дін мамандарына, ислам ғылымының дамуына үлес қосатын жамағат өздеріне сырты шартты атаулармен аталған кітапты таңдап алады. Сауапты шараның ұйытқысы болған Нұр-Мүбарак университеті кітапханасының ұжымы атынан меңгеруші Алтынгүл Тоқан:
– Мақсатымыз – университеттің дамуына, жаңа құрылысына ат салысып қана қоймай, жамағатты кітап оқуға жұмылдыру. Себебі кітап – құнды қазына, ол жерде ғасырлардан бері мұра болған білім жатыр. Біз өркениетті болашаққа білімді, саналы ұрпақ арқылы жете аламыз, – деді
«Артық білім кітапта» деген дана Абайдың сөзіне сай, көпшілікті кітап оқуға, кітапқа деген құрметті арттыруға үндейтін бұл жәрмеңкеде жұмаға келген жамағатпен қатар студенттер де өз үлестерін қосып жатты. Шағын болса да арқалаған жүгі нардай болған шараның хикметі де мол. Қасиетті Құран Кәрімде: «Міне осылар, жақсылықтарда жарысады да олар, оның озаттары», – деген («Мүминун» сүресі, 61).
Жақсылыққа жұмылдырған кітап көрмесі біршама сауапқа себеп болғаны да анық деген сенімдеміз.
“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі