Қоғамның бұзылуы мен түзелуінде ең негізгі рөл атқаратын кісілер – ата-аналар. Бүгінгі қоғамдағы жағдай – кешегі ата-ананың жемісі. Сондай-ақ бүгінгі ата-ананың тәрбиедегі еңбегі – ертеңгі жаңа қоғамның көрінісі. Атам қазақты «не ексең соны орасың» деуіндегі сыр осында жатыр. Ата-ана – жаңа ұрпақтың ұстазы мен бағбаны. Кейде бір елдің жастары бұзылып, соны көрген қарттар: «Бүгінде заман жаман, жастар бұзылған. Бұл деген сұмдық қой. Біздің кезімізде жастар түзу, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуші еді» деп жас ұрпақты кінәлап жатады. Алайда, шындап келгенде, жастардың бұзылуына кім кінәлі? Кінәратты кімнен іздеу қажет? Әлбетте, кінә жастарда емес, қарттарда, ата-анада. Ата-ананың баласын жақсы бағаға оқытып, қарнын тоқ қылып қойсам, жетеді дегені– өте қате түсінік. Өйткені, бағбан – ата-ана ұрпақты қалай өсірсе, солай жемісін береді. Қисық ексе – қисық, түзу ексе түзу шығады. Ал қисық өсіп, буыны әбден қатайған ағашты тез түзеуге тырыссаң, сынады.
Иә, қазіргі заманда бір адамдар бар. Олар жаннатқа баратын жол үйінде тұрғанда, оны өзге жақтан іздейді. Отбасы, бала-шағасына мән бермей, «Отбасымды Алла тағалаға тапсырдым» деп, шалғайдағы елдерге ислам дінін таратпақ болады. Аллатағала оларға бөтен елді емес, бала-шағасын аманат етіп бергенін ұқпайды. Аманатқа қиянат жасай отырып, ислам дініне қызмет етпек болады. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне назар салсақ, ата-ананың «тәрбиелік міндеті» нағыз жиһад екенін аңғарамыз, тіпті, соған көзіміз жетеді. Ал әлгілер осыны біле бермейді. Сондықтан да ата-ананың жиһады – бала-шағасының тәрбиесі. Ал бұл заманда кейбір ата-ана пәлен елде «жиһад» дегенге алданып, өзі ғана барып қоймай, шиеттей бала-шағасын да алып кетіп жатқаны жанды ауыртады, тұтас қоғамға қауіп тудырады.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір адам ғазауатқа шықпаққа өтініш білдіреді. Алланың Елшісі сұрай-сұрай келе, оның бала-шағасы бар екенін және оларға қарайлайтын ешкімінің жоқ екендігін біледі. Сол кезде Расулулла (с.ғ.с.): «Олардың қасына бар. Өйткені, жиһадтың жақсысы солардың арасында» дейді. Тіпті, Табаранидегі бір хадисте, Пайғамбарымызға зор денелі, қуатты бір адам келеді. Оның мына келбетін сахабалар көріп, кейбірі: «Пайғамбарым! Шіркін, мына кісі күшін Алла жолында жұмсаса ғой» дейді. Сонда, Пайғамбарымыз: «Егер бұл кісі күш-қайратын жас балалары үшін жұмсаса, онда ол Алла жолында, кәрі ата-анасы үшін жұмсаса, онда ол Алла жолында, нәпсісін қорғау үшін жұмсаса, онда ол Алла жолында, отбасына нәпақа табу үшін шыққан болса, онда ол Алла жолында. Бірақ тәкаппарланып мақтану үшін шыққан болса, онда ол шайтан жолында» дейді.
Міне, кейбір діннен бейхабар адамдар үйіндегі жиһадты тастап, өзге жақтан жаннат іздейді.
Бірде Ибну Мүбарак деген кісі мұсылман бауырларымен бірге ғазауатта жүреді. Бір әңгіме үстінде ол қасындағы серіктеріне қарап: «Осы жиһадтан да артық амал бар екенін сендер білесіңдер ме?» деп сұрайды. Серіктері: «Жоқ» деп жауап қайырады. Ол сонда: «Ал мен білемін. Ар-намысты бір адамды ойлап қараңдар. Әлгі адамның отбасы, бала-шағасы бар. Түнде тұрып, ұйықтап жатқан балаларын бақылап, үсті ашық қалғандардың үстін жабады. Міне, осы кісінің осы амалы біздікінен де жоғары тұрады» дейді. Ал осыны бүгін келіп өз бала-шағасын Сириядағы азғын топқа қосып, қолына мылтық ұстатып, бомбаның астына тастаған ата-анамен сіз салыстырып байқап көріңіз.
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бала тәрбиесі туралы: «Балаларыңа деген сүйіспеншіліктеріңді беттерінен сүю арқылы көрсетіңдер. Себебі, әр сүюге жұмақта сендерге бір дәреже беріледі, әр дәреженің арасы бес жүз жылға тең келеді» деп сүйіншілейді. Міне, бізге ислам діні бала-шаға хақында осылай дейді. Ата-анаға «жиһадты, жаннатты алыстан іздеме, ол үйіңде» дейді. Сондықтан да «бала, баланың ісі – шала» деп, оларға немқұрайды қарауға болмайды. Тіпті, қарай да алмайсыз. Өйткені, ол – ата-анаға берілген аманат. Ал аманатқа қиянат жасағанды Алла тағала жақсы көрмейді.
Кеңес өкіметі кезінде қазақтың небір зиялылары болды. Ол өмірбақи «қазағым, халқым» деп қалам сілтеп өтті. Алайда,олардың көбісінің балалары тәрбиеден мақұрым еді. Атеист, әсіресе, өз тілін білмеді. Ақыретте ата-анадан «Зиялы екенсің, ендеше, алдымен халқыңа қалай қарадың?» деп сұрамайды. «Балаңа қалай қарадың?» деп сұрайды. Он жерден кітап жазып, халыққа пайдалы болғанымен, ол балаңызға пайдалы болмаса, онда еңбегіңіздің өшкені, еш кеткені.
Екі дүние сәруәрі(с.ғ.с): «Кісі өлген соң артында қалдырған нәрселерінің ең жақсысы – өзіне дұға ететін салихалы бала, сауабы өзіне келіп тұратын ізгі амал, өзінен кейін халық пайдасын көретін ілім» дейді. Мінекей, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) баланы ең бірінші айтып, оның маңыздылығына назар аударып тұр. Кейбір ата-ана бала тәрбиесінің негізі ұрысу,жеку деп түсінеді. Яғни, бала қателескен жағдайда оны құлағынан тартып, қатты ұрысатын болсаң, қайтып қателеспейтін болады деп ұғады. Бұл – өте жаңсақ ұғым. Оған мына хадис дәлел: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кезінде Раф ибн Амр деген жас бала болады. Жас болса да жүрегі иманға тұнып тұрған еді. Бірде осы бала балалық жасап, бір мұсылман кісінің құрма бауына барып, уылжып пісіп тұрған құрмаларға тас лақтырады. Иесі дереу көріп қалып, Рафты Расулулланың (с.ғ.с) алдына алып келіп, шағымданады. Тіпті, тұспалдап тиісті жазасын берсеңіз етті дегендей, пейіл танытады. Бірақ Алланың Елшісі (с.ғ.с) оған қарап: «Балапаным! Айтшы қане, ағашқа неге тас лақтырдың?» деп сұрайды. Раф басын төмен салып: «Қарным қатты ашып кетті. Сосын шыдай алмай құрма жемек болып, тас лақтырған едім» деп күмілжи жауап қатады. Рақымдыпайғамбар: «Бұдан былай құрма ағаштарына тас лақтырушы болма, жерге түскендерін теріп же!» деді де Рафтың басынан сипап, «Аллам! Оның ашыққан қарнын тойдыр» деп дұға жасайды.
Міне, бұл оқиға сырттай қарапайым болып көрінгенімен,Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) осы мінезінен балаға деген тәрбиелік әдістерді байқай аламыз. Біріншіден, бұзықтық жасаған бала өзін кінәлі санап, сөз естимін, тіпті, таяқ жеймін деп қорқып келеді. Осындай баланы Пайғамбарымыз қатты сөз сөйлемей, «Балапаным!» деп қарсы алды. Осы кезде баланың көңілі жібіп, Алланың Елшісі (с.ғ.с) өзіне қорған санады.
Екіншіден, Пайғамбарымыз қателік жасаған баланың басынан сипады. Бұл да бала тәрбиесі үшін аса маңызды. Бүлдіршіндерге сөгіс беру, қатқыл сөз айту – олардың қателігін түземейді. Қайта, арттыра түседі. Мысалы, сәби балалар қашан да бүлдіргіш келеді. Соған құмар болады. Алайда, оны олар бүлдіру үшін емес, мәнісін білу, үйрену үшін жасайды. Яғни, бүлдіру арқылы бейтаныс дүниені таниды. Сіз үшін бұзық болғанымен, олар үшін қызық нәрсе. Ал егер сіз оған мәселенің мәнін түсіндірмей, бірден ұрсып тастайтын болсаңыз, онда ол бала бұйығы болып, өмірді шала таниды. Пайғамбарымызды (с.ғ.с) Алла тағала әлемдерге рақым етіп жіберген. Құранда: «Біз сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік» дейді. Ендеше, ол тек үлкендерге ғана емес, сәби, бүлдіршін балаларға да рақым пайғамбар етіп жіберілген. Сондықтан ол әлгі балаға өз тілінде сөйлесіп, қателік жасағанын түсіндірді.
Үшіншіден, қателік жасаған баланы алдымен тыңдап, себебін білу керек. Бірден үлкендігімізді пұлдап, тарпа бас салып ұрысуға болмайды. Біз көбінесе баланың сөзіне құлақ аспай бірден пәтуасын шығарып, жазғыра саламыз. Өйткені, біздің ұғымымызда «біз – үлкенбіз, олар – кіші. Біздікі қашан да дұрыс, олардікі әрқашан бұрыс» деген қасаң түсінік қалыптасқан. Біз осы қасаң қағидамен амал етеміз. Бірақ, «тағдыр әділдік жасайды» деген сөз бар. Бізден де үлкендер бар. Мысалы, таңертең баланың бір қателігі үшін оның сөзіне құлақ аспай, орынсыз жазғыра салып жұмысқа кетеміз. Көп ұзамай біз өзіміз де дұрыс басшыға бұрыс бір іс жасап, бастықтан сөз естиміз. Бірақ, іштей «мені өзінен дәрежесі кіші деп басынып, сөзіме құлақ аспағанын қарашы» деп күйініп тұрамыз. Иә, Алла тағала әрқашан жәбір көрген, әлсіз, қауқарсыздардың қасында. Ол аманатқа қиянат жасағандарды бос жібере салмайды.
Төртіншіден,Екі дүние сәруәрі (с.ғ.с) баланы ағашқа тас лақтырудан тиғанымен, оған басқа бір іс жасауды көрсетті. Яғни, баланың жолын байлап қойған жоқ. Бала қателік жасау арқылы үлкендерден жол көрсетуді сұрайды. Ендеше, олардың қателігі – үлкендерге жол көрсет деген белгі. Сондықтан, балаға тиым сала бермей, оған басқа жол көрсету керек. Міне, Пайғамбарымыз балаға: «Жерге түскен құрмаларды теріп же, солар саған жетіп артылады әрі жердегілер ең жақсы піскендері» деген тәрізді насихат айтып, дұрыс жолды көрсетті.
Бесіншіден,Алланың Елшісі (с.ғ.с) балаға дұға жасады. Бала үшін ата-ананың дұғасы аса маңызды. Оған ең жақын дұға да осы ата-ананың дұғасы. Кейбір ата-аналар баласы қателік жасаса, қарғап, «әдірам қал, мойның үзіліп, астыңа түскір неме» т.б деп жатады. Бұл да дұға. Бірақ, бұл – бәддұға, теріс бата. Бұл – мүлде дұрыс емес. Балаға ең жақыны ата-анасының дұғасы болғандықтан, бала да дәл осылай, теріс дұғада тілегеніңдей болып өседі. Ержеткенде ата-анасына әңгіртаяқ ойнатады. Сонда, ата-анасы «көктей солғыр, сені осылай болсын деп тәрбиеледік пе?!» деп қарғайды. Алайда, өздері осылай терісбата бергендерін естерінен шығарады. Сондықтан жазықсыз баланы қарғап, отты қолымен көсеп, өрт тілеуге болмайды.
Мінекей, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қателік жасаған балаға жекімей, қайта ол үшін дұға жасап тұр. Ендеше, барлық ата-ана да осыны өнеге тұтуы тиіс.
Расулулладан (с.а.у.) өнеге болған хадистердің бірінде былай жазылған: «Мына төрт ерекешелік адамның бақыт көзі:
- Жарының салихалы әйел болуы.
- Баласының жақсы бала болуы.
- Араласатын адамдарының ізгі жандар болуы.
- Тіршілік табысын өз тұрған жерінен таба білуі».
Міне, осы хадисте де Пайғамбарымыз «жақсы бала – бақытың» деп отыр. Ендеше, ата-ананың бақыты да, соры да өз қолында. Ұлы мен қызының қадірін білмегендер ақыретте қасірет тартса, ұл-қызының бойына ізгі қасиет дарыта білгендер күні ертеңгі мақшарда шапағатын көріп, Хақ тағаланың қалауымен жәннатқа кіріп, сол жерде де бала-шағасының мәңгілік қызығын көре бермек, иншалла!
Тағы айта кетерлігі, жас ұрпақтың дінді үйренуі халал жеуден басталады. Ал бұл күндегі буын, әсіресе, қаладағы жастар не жеп жүр? Тоқсан пайызы химикат тағамдар. Ағзаға залал астар. Газды нәрселер. Таза ауа жоқтың қасы. Көптеген тағамдар бар харам араласқан. Бұлардың бәрі жас ұрпақтың геніне, тіпті, санасына кері әсерін тигізеді. Мәңгүрттікке итермелейді. Бүгінгі жастар бір-бірімен сырласпайды, ұялы телефонмен ымдасадады. Бір-бірімен асық ойнап, гүл теріп, жауқазын қазып, қырды аспайды, үйде компютермен ойын ойнап, түнді асады. Бұған кінәлі – біз, әрине. Жас ұрпақ жас ағаш тәрізді. Қалай бағыттасаң солай қарай өседі. Бақ кінәлі емес, бағбан кінәлі.
Мұхитдин ИСАҰЛЫ,
Теология ғылымының докторы