Бала тілі – бал, ал, қылығы – одан да тәтті. Ойын баласына жіті мән беріп қарасаңыз, әрекетінен ой саларлық мән-мағынаны байқауға болады. Себебі, бала Тәңір берген туа біткен жаратылысының жетегімен жүреді. Бұған қоса, бала үй ішіндегі үлкендерден көргенін айна-қатесіз қайталайды. Осындай жағдайдың бірі менің де басымнан өтті. Кішкентай қызым маған керемет нәрсе үйретті.
Екі жасар қызым үйде көрген әрбір әрекетін қайталайтын. Анасының жүріс-тұрысын, ағасының сөздерін және менің де кейбір қимыл-әрекетімді қаз қалпында айнытпай қайталайды. Намаз оқитын болсам жаныма құра қалады. Кейінірек, дәрет алып жүргенімді көрсе, жайнамазымды іздей бастайтын. Сосын азан ести қалса намаз оқу керектігін білетін болды. Демек, әке-шеше балаға сөзімен емес ісімен өнеге. Бала ата-анасының дұрыс дегенін дұрыс деп қабылдап өседі. Ал, жаман, бұрыс деп үйреткенді қате деп таниды.
Олай болса, тәрбие атүсті жүре қарайтындай оңай шаруа емес. Тәрбие асқан жауапкершілікті талап етеді. Бала бұзықшылық жасаған кез, бір нәрсені бүлдіргенде ұрсып, жазалауды тәрбие деп түсінуді доғару керек. Балаға тәрбиені кезекті қиын сабақ түрінде емес, бала дүниетанымына сәйкес жеңіл және қызықтыра, бойына жұғымды етіп берілуі керек. Әсіресе, он жасқа дейін берілген тәрбие, баланың саналы өміріне ерекше әсерін тигізеді. Хадисте: «Кімде-кім жақсы үрдіс қалыптастырса…» деп айтқандай балаға өзіміз үлгі болуымыз қажет. Басқа сөзбен айтқанда, баланы тәрбиелеу өзімізді түзеуден басталады.
Әңгімеге оралайын, қызым үйде пысылдап өзінше шаруа істеп жүр. Тарс-тұрс ете қалады. Баланың әдеті емес пе, әр нәрсені танып білу үшін оны мың құбылтып төңкеріп көреді. Қызым менің ашуланғанымды көріп қойса, лезде «зерттеуін» тоқтатып маған жымиып «әке мен сені жақсы-ы-ы көрем» дейді. Еріксіз қызыма ашулана алмай, керісінше айналып толғанып кете барамын. Сол кезде әз-пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с.): «Жақсы сөз – садақа», «Бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарау – садақа» деген мүбәрак сөздері жадыма келді.
Расымен де, үлкендер балалардан үйренетін қасиеттер көп. Балалар «қателігін» мойындай біледі, кешірімді, олардың сезімін ашық білдіре алатын ғажайып қасиеті бар. Расымен де, жақсы сөздің сиқыры бар. Жадырап күлімсіреудің де адамды баурап алатын сиқыры бар. Ересектер де қателік жасап қойса, мойындап кешірім сұрай білсе, қиын жағдайда жадырап күле алса, бір-біріне достығын, бауырмалдығын сөзімен де, іс-әрекетімен де көрсете білсе, көптеген күрделі мәселелер мен қарым-қатынастар тез шешімін табар еді.
Руслан ҚАМБАР