Кішіпейілділік – өзін өте қарапайым ұстау және басқалардан үстем көрмеу. Кішіпейілділік өте тамаша мінез-құлық.
Ал өркөкіректік шайтанның қасиеті екендігі белгілі. Шайтанның адамға сәжде етпей тәкәппарлықпен Алланың әміріне қарсы келуі мәңгілік лағынетпен аяқталғандығы адамдарға ғибрат болса керек.
Адам баласына фани дүниеде берілген өткінші атақ-данқ, салтанат, билік, мал-дәулет және ғылымымен тәкәппарлануының соңы қайырлы болмасы анық.
Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ұлық Алла үнемдегенді бай, ысырап жасағанды кедей қылады, кішіпейіл болғанды көтереді (мерейін үстем қылады), тәкәппардың сағын сындырады», – деген.
Қазақтың: «үлкенге құрмет кішіге ізет» деген сөзінде кішіпейілдіктің тәлімі жатыр. Құрмет көрсету және құрметке бөлену мүминнің өмірлік қағидасына айналуы қажет. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Біздің үлкендерімізге құрмет, кішілерімізге мейірім жасамайтын бізден емес», – деген.
Ершат Оңғаров