Барлығымыз да пенде болғандықтан, әрқилы күнәға жол беріп қоятынымыз жасырын емес. Өмірде кейде байқамай қалатын көптеген күнәлі істер болады. «Үлкен күнә емес қой, Алла өзі кешірер…», – деген оймен кіші күнәлар да саналы түрде жасалынып жатады. Бірақ, осы кіші күнәлар жиналып келіп, үлкен күнәға айналатынынан көп адам бейхабар.
Кіші күнәлардың үлкен күнәға айналуының бірнеше жолы бар. Олар мыналар:
Кіші күнәларды жиі жасап, жалғастыра беру оларды үлкен күнәға айналдырады
Үзбей істеген кіші күнәлардан гөрі тәубе етіп, қайталанбаған үлкен күнәнің кешірілуіне үміт көбірек. Бұл нақ бір тасқа тамып тұрған тамшы іспеттес. Тасқа тоқтаусыз тамған тамшы бір күні оны теседі. Ал егер сол тамшылардан құралған көп суды бірден құйса, тасқа әсер етпейтіні сияқты, үлкен күнә білместіктен жасалып, артынан тәубе етіп, Алладан кешірім сұраса, кешірім иесі Алла тағала кең екені мәлім.
Әрине, кіші күнә жасап қойып, Алладан кешірім сұрап, ондай күнәға қайта бармайтын болсақ, мейірімді Алла кешірері хақ. Бірақ, кешіреді екен деп күнәлі іске қайта бармауымыз керек. Тіпті, кейде күнәларды елемей көп істейтіндігіміз соншалық, қандай күнә істегенімізді де ұмытып жатамыз. Адам баласы әрбір жасаған күнәсі үшін кешірім тілейді. Ал сонда ұмыт болып кеткен күнәні қалай еске түсірмекпіз?!
Қолыңдағы бір уыс майда тастарды жерге шашып жіберіп оларды қайта толық жинап алу мүмкін бе? Керісінше, қолдағы үлкен тасты жерге тастап, оны қайта тауып алу оңайырақ. Жоғарыдағы сөзіміздің төркіні, міне, осыған саяды.
Кіші күнәларға «ештеңе етпес» деп немқұрайдылықпен қарау
Пенде күнәні кіші санап немесе «ештеңе етпес» деп жасауды доғармаса, Алла оны үлкен күнәға санайды. Абдулла ибн Масғудтан (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмін күнәларын басына құлайын деп тұрған тау сияқты көреді. Фажир (жаман) адам болса күнәларын мұрнының ұшына қонған шыбын сияқты көреді», – деген (Бұхари мен Мүслім жеткізген).
Расында бүгінгі күндері біз немқұрайлы қарайтын күнәлі істер көбейіп кетті. Алланы мейірімді, кешіргіш деп, тіпті, тәубе етпейтін де жағдайларға жеттік. Бұл жайында сахаба Анас (р.а.): «Сіздер көптеген амалдар жасайсыздар. Олар көздеріңізге қылдан жіңішке көрінеді. Біз Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тұсында ондай істерді үлкен бір апат секілді көретінбіз», – деген.
Расында ой жүгіртіп көрсек, бұл сөз бүгінгі заманымыз үшін де дөп айтылғандай.
Кіші күнәларды істегеніне қуанып, әрі онымен мақтану
Күнә жасағанына мақтану – бүгінгі таңдағы ең өкінішті амалдардың біріне айналды десем, артық кетпеген болар едім. «Кезінде олай қылған едім, бұлай қылған едім…», – деп шариғатта дұрыс саналмайтын істерді еске алып, онымен пәленшені үйткенмін-бүйткенмін деп мақтанып жатқан адамдарды көргенде, таң қалмайтын болдық.
Ол күнәлар сол кезде тәубе еткенде кешірілгенімен, кейін оларды айтып мақтансақ, сол күнәлі істі қайта істегенмен тең болады. Сондықтан әрбір сөзімізге абай болған жөн.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла тағалаға және ақырет күніне сенетін болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деген. Олай болса, сөйлегенде жақсы сөздер айтып, бұрын біреуге еткен жақсылықтар мен жамандықтарды еске алмауға тырысуымыз керек. Жасаған жақсылығымызды айтып мақтансақ, оның сауабынан айырады, ал жамандықты айтып мақтансақ, күнәмізді еселейді.
Алла тағала пендесінің айыптарын паш етпей, оған мүмкіндіктер беріп жатқандығын елемеу
Кімде-кім зұлымдық жасаса немесе басқа да жағдайларда бір күнәлі іс істесе, оның міндетті түрде бір пәлекетке ұшырайтынын білеміз. Бұл жайында аят-хадистерде аз айтылмаған.
Дегенмен, кейде зұлымдық жасаған кісілер белгілі бір уақыт жазасыз жүруі мүмкін. Мысалы, таразыдан жеп, тауарын алдап сатқандар арасында сол зұлымдықтарымен байып жатқандар жоқ емес. Міне, осындай жағдайларда харам нәрсе істесе де, Алла оған кедейлік немесе бір пәлекет бермеді деген ой туындауы мүмкін.
Құранның «Хужрат» сүресі, 12-аятында: «Кейбір ойларда күнә бар», – делінгендей, мұндай ойлар күнәға итермелейтін ойлардың бірі екені сөзсіз. Бұл жерде Алла тағала өз мейірімділігін көрсетіп, пендесіне тәубеге келер мүмкіндік беріп жатқандығын аңғаруға болады.
«Исра» сүресінің 15-аятында: «Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімге азап қылмаймыз», – делінген. Демек, Алла тағала ескертпей жазаламайтындығын айтуда. Міне, бұл жерден құл сүйгіш Алла тағаланың рақымдылығын байқаймыз.
Сондықтан жаза берілмеді деген ойдың өзі немесе өздеріміздің жасаған күнәларымыздан бір пәлекет келмеді деп елеусіз күнәлі істер жасауымыз үлкен күнәға итермелейтіні сөзсіз.
Ислам ғұламалары: «Алла тағаланың пәлекеттерді кешіктіруінің бір түрі – ол күнәһар бір күнә істесе, оның мәртебесін бір дәрежеге көтеріп қояды. Осылайша күнәһар адам өзіне келген пәлекетті сезбей қалады», – деген.
Мәселен, бір саудагер тұтынушыларды алдап тауарын өткізіп немесе харам нәрсені сатып, содан байып шыға келеді. Бұл байлық оның санасынан «күнәлі іс жасап жатырмын-ау» деген ойды ұмыттырады.
Кіші күнәлардың үлкен күнәға айналуының басқа да біз байқамай қалатын жолдары көп. Сондықтан әрбір ісімізге абай болып, сөзімізді түзеп, жақсылық пен сауапты істерді көп жасауға тырысайық. Бұл жолда Алланың өзі жар болсын!
Талғат ОМАРОВ