Бүгін 1 маусым – балаларды қорғау күні. Әрбір жас өркен «балалық балдәурен шағын» көңілді әрі мәнді өткізсе дейсің. Нағыз қабілетті кезінде білім мен тәрбиені тал бойына сіңіріп өскен жас келешекте кемел тұлға болып қалыптасары сөзсіз.
Бала – өмірдегі із. Әрбір ата-ана өмірде баласы үшін барлық асулардан өтеді, қиындыққа төзеді. «Баламның табанына кірген тікен менің табаныма тисін» деген алғаусыз ниеті тағы бар. Ұрпағына жақсы тәрбие беріп, мұратына жетуді армандамайтын ата-ана мүлдем жоқ шығар. Сол балалардың ертеңіне алаңдап, оларға қамқорлық таныту әрбірімізге міндет. Олар болашақтың кепілі.
Бала біздің ертеңгі болашағымыз. Сондықтан, балаларға дүние есігін ашқаннан бастап оған жақсы тілектер айтып, өмірінің ұзақ болуын Алладан сұрап жатамыз.
Бала – ата-ананың қуанышы, әрі Алладан берілген өмірдегі ең үлкен нығметтердің бірі екендігі сөзсіз. Қазіргі таңда ақпараттық ағын бұл жас ұрпаққа да залалын тигізіп отыр. Күн ұзаққа теледидар мен смартфонға телміргендіктен бала тәрбиесінде орасан кемшілік байқалуда. Осының салдарынан жасөспірім шақта қылмыс жасап, аяғын шалыс басқандар да жоқ емес.
Барлық бала ата-анасының ыстық алақанын, ыстық құшағын аңсайды. Мейірім таба алмаса, мейірімді сырттан іздеуге мәжбүр. Ал, тәрбиесі жоқ, ата-анасы бар балалардың бүгіні мен ертеңі не болмақ? Жастайынан тәрбие жолын көрмеген жастардың басқан қадамы қатты ойландырады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балаларыңа қамқорлық көрсетіп, жақсылап тәрбиелеңдер»,-деп бұйырады. Тәрбиенің алғашқысын өзіне деген сүйіспеншіліктен бастаған. Сондықтан, мұсылман жанұяның басты міндеті – балаға ең алдымен хазіреті пайғамбарға, ата-анаға деген сүйіспеншілікті үйрету. Оған деген сүйіспеншілік оянбаса, өзгелерге сүйіспеншіліктің пайдасы шамалы болмақ.
Бұл тұрғыда хазіреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Сендерді шексіз ризықтандырған Алла Тағаланы жақсы көріңдер. Мені Алла Тағаланы жақсы көргендерің үшін жақсы көріңдер».
Жоғарыдағы хадистен байқағанымыз, әрбір балаға пайғамбарымыздың бойындағы тұнып тұрған тәрбиесін сіңіру қажет. Сонда ғана бұл дүниеде өкінбейтін тәрбиенің негізі қаланбақ.
Өкінішке орай, мұндай тәлімнен мақұрым болған кей отбасы балаларын қолдан зұлымдық пен барша жамандыққа итермелеуде.
Сондықтан болар, осының алдын алу үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:
«Балаларыңызды мына үш көркем мінезге тәрбиелеңіздер: пайғамбар мен оның туған-туыстарына деген сүйіспеншілікке және құран оқуға деген сүйіспеншілікке. Өйткені, құранды жаттап алған кісілер ешқандай көлеңкесі жоқ қиямет күнінде Алланың пайғамбарлары мен таңдаулы құлдарының қатарында Алланың көлеңкесінде болады».
Алла елшісі өзіне және отбасына деген сүйіспеншіліктен кейін балаларды құран оқуға деген ынта-жігерін арттыруды атаған. Өйткені, құран – Алланың сөзі. Аллаға сенген оның әмірлері мен тыйымдарын орындайды.
Сол үшін әрбір жан-жағын тани бастаған баланың құранға деген сүйіспеншілігін арттырып, оны үйренуге аса көңіл бөлуіміз қажет. Сол үшін ата-ана балаға тәрбиесін пайғмабарымыздың сүннетіне лайықты етіп бергені дұрыс. Бұл мәселеге атүсті қарамағанымыз абзал.
Балаларға сүйіспеншіліктің сыры
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінде балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлетін, әрі олармен жақсы қарым-қатынаста болатын. Ол балаларға деген сүйіспеншілігін арттырып, әрдайым назарда ұстап, кейінгі үмметіне үлгі бола білді.
Пайғамбарымыз хадисінде: «Кімнің баласы болса да, онымен балаша қарым-қатынас етсін»,-деген.
Бірде пайғамбарымыз немересі Хасан (р.а.)-ды сүйіп жатқанда Ақра бин Хабис атты кісі оған:
– Сіз балаларды жақсы көріп, бетінен сүйесіз бе? Менің он балам бар. Ешқайсысының бетінен сүймеймін дегенде, Алла елшісі оған: «Мейірімділік етпегенге, мейірімділік көрсетілмейді»,-деген сабақ боларлық жауап берген.
Балаларға қатты көңіл бөліп, олардың көңіліне қарап әрекет еткенін пайғамбарымыздың төмендегі оқиғасымен байланыстырып көрелік.
Құптан намазына пайғамбарымыз немересін ертіп мешітке барады. Пайғамбарымыз имамдық қызметін өзі атқарады. Cәждеге барған сәтте немересі арқасына мініп алса керек. Сәждеде ұзақ тұрады. Намаз соңында сахабалардың бірі пайғамбарымызға:
– Сәждені ұзақ қылдыңыз. Бір нәрсе болып қалды немесе уахи келген шығар деп ойладық,-деді. Пайғамбарымыз оған:
– Жоқ, ешнәрсе болған жоқ. Немерем арқама мініп алған соң, көңіліне қарап, тұра алмадым,-дейді.
Алланың елшісі балаларға сәлем беріп, олардың жағдайын білетін. Балалармен әзілдесіп, олардың көңілін көтеру арқылы тәрбиелейтін.
Баланы өсіріп, оған жақсы тәрбие беру қаншалықты маңызды болса, сол бала үшін өмірінің мәнді де сәнді өтуі үшін Алладан тілек тілеу өте маңыздырақ. Пайғамбарымыз ең жоғары көркем мінезі мен кейінгі үмметі үшін үлгі болған адамзаттың рахым нұры.
Алла Тағаланың сүйікті елшісі балалардың жағымсыз әрекетін оларға өкпелеп, жаман сөз айтып, қарғамауды өсиет етті.
Пайғамбарымыз былай деген: «Өзің қарғыс айтпа, балаларыңа қарғыс айтпа, сол секілді малдарыңа да қарғыс айтпаңдар. Егер бұл қарғыстарың дұғалардың қабыл болатын уақытында айтылса, Алла қарғыс тілегіңізді де қабыл етеді».
Балалық шағын пайғамбарымыздың қасында өткізген ибн Аббас былай дейді: «Алланың елшісі тәтем Маймунаның үйінде болатын. Мен де пайғамбарымызға дәрет су дайындап бердім. Тәтем пайғамбарға: «Абдулла су дайындады, – деді. Пайғамбарымыз да маған былайша дұға етті: «Аллаһым! Дінді жақсы түсінуді және оған Құранның ашықтамасын (тәпсірін) үйренуді нәсіп еткейсің», – деген екен.
Уалид бин Уқба: «Пайғамбарымыз Меккенің жеңісінен кейін, меккелік тұрғындар балаларын оған алып баратын. Пайғамбарымыз да балалардың бастарынан сипап, оларға дұға ететін.
Міне, байқағанымыздай, оның өнегелі өмірінің кішкентай бір бөлігінен үзінді ғана. Пайғамбарымыздың мейірімділігі, сүйіспеншілігі, рахымдылығы адамзатты таңқалдырмай қоймасы анық еді.
Адамзаттың асыл тәжі етіп жіберген Мұхаммед пайғамбардың үмметі еткен Аллаға шүкір етейік. Жәннаттың жолы сүннеттен ауытқымай, пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсейік.
Пайғамбар сүннетін бала тәрбиесінде назарда ұстасақ, бағытымыз дұрыс болатыны сөзсіз. Еліне қалтқысыз қызмет ететін, ата-анасын құрметтейтін, қоғамға пайдалы ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосайық.
Балалар аман болсын! Болашағы кемел, заманы тыныш болсын!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы