Бұған дейін уәде еткеніміздей, өзгеге қан беріп, өмірін сақтап қалуға себепкер болып жүрген донорлар жайында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығындағы қан және оның компоненттерін дайындау бөлімшесінің трансфузиолог дәрігері Зәуреш Елікбайқызымен сұхбаттасқан едік.
Донор болуға денсаулығы жарамды адам нені ескеруі керек?
Қан беруге өз ықтиярымен келген адам, егер денсаулығы жарамды болса көңіл-күйі мен асқа деген тәбеті жақсы, түнгі ұйқысы тыныш, қан қысымы мен дене температурасы қалыпты болуы керек.
Ескерту! Темекіге тәуелді адамдар қан тапсырғанға дейінгі екі сағатта шылым шекпеуі тиіс. Себебі, донордың қаны балаларға құйылуы мүмкін. Қан тапсырғаннан кейін де 2 сағат өтпей шылым шегуге болмайды. Өйткені, донор қан бергеннен кейін ағзасы әлсірейтіндіктен, қосымша асқынулар болуы әбден мүмкін.
Сондай-ақ, анда-санда спирттік ішімдік тұтынатын адамдар аз мөлшерде ішкен болса, 72 сағаттан кейін ғана қан құрамы тексеріліп, донор болуға жіберіледі.
Кімдерге донор болуға тыйым салынады?
Донор болуға салынатын тыйым екіге бөлінеді: уақытша және тұрақты түрдегі, яғни, абсолютті тыйым.
Уақытша тыйым санатындағылар: жедел респираторлық ауруға ұшырағандар, температурасы көтерілгендер, тісін жұлғызғандар, татуаж жасатқандар және кез келген созылмалы ауруы өршіген науқастар.
Ескерту! Көптеген антибиотиктерді ішкен адамға 2 аптаға дейін қан тапсыруға болмайды. Мәселен, аспирин және оның құрамдас бөлігін қабылдаған жағдайда 3 күн уақыт өтуі тиіс. Өйткені, ол дәрілер қан құрамын өзгертіп жіберетіндіктен, донор бола алмайды.
Денесіне татуаж жасатқан, татуировка салдырған және емдік алтын ине қабылдағандарға да уақытша қан тапсыруға тыйым салынады. Соның ішінде ерекше айта кететіні, денесіне сурет салдырған адамдар татуировканы қашан жасатқанын жасырмай айтуы тиіс. Сурет салдырғаннан кейін 4 ай өтсе ғана донор бола алады. Онда да бақылау анализін міндетті түрде тапсырып, қайтадан қан құрамын тексереміз. Әрине, денеге сурет салдыру шариғатта да құпталмайтын іс екенін айта кеткен жөн.
Абсолютті тыйым санатындағылар: қан арқылы берілетін жұқпалы ауруға ұшырағандар, яғни, адамның иммундық тапшылығының вирусы немесе СПИД-ке шалдыққандар;
Құрт ауруымен ауыратындар, тіпті, туберкулезбен бала кезінде, жас күнінде ауырса да, ондай науқастарға қан тапсыруға болмайды!
Гепатиттің В, С түрлерімен ауыратындар, жыныстық жолмен берілетін аурулар, сифилиске шалдыққандар, бруцеллездің өрбіген кезінде тапсыруға болмайды.
Жүрек-қан тамыры ауруларының 3-ші сатысындағы миокарда, инфаркт, қан қысымы жоғары науқастар, миына қан құйылған адамдар;
Нашақорлар мен маскүнемдер.
Сонымен қатар, шетелге шығып келген, әсіресе, малярия ауру тараған аймақтарға барып келген адамдар 3 жылдан кейін лабораториялық тесттен, диагностикадан өтіп, қаны таза болған жағдайда ғана донор бола алады.
Қан тапсыру процесі қалай жүреді?
Ең бірінші қан тапсырушы орталыққа тіркеліп, сауалнама толтырады. Онда қандай аурулармен ауырғандығы, соңғы апталарда қандай дәрі ішкендігі секілді сауалдарға жауап береді. Одан кейін 20 мл қан зертханалық тексеруге жіберіледі. Қанды 5 инфекцияға тексереміз:
Қан арқылы берілетін адамның иммунтапшылық вирусы;
В, С вирустық гепатиті;
Мерез ауруы;
Бруцеллез ауруы.
Тіпті, тексеру нәтижесі күмәнді болған жағдайда ондай донордан қан алынбайды.
Бұдан кейін, 450 мл көлемінде қан аламыз, қосымша инфекциялық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында донордың қанын екі деңгейлі скринингтен өткіземіз. Олар: иммунноферменттік анализ және полимеразды тізбекті реакция инфекциялық қауіпсіздігі, одан бөлек иммунно-гематологиялық қауіпсіздігін арттыру үшін қосымша шаралар жүргізіледі.
Тексерулерден кейін донордың қаны жарамды болған жағдайда оны фракциялау арқылы 3 бөлімге бөлеміз:
Эритроцит жүзіндісі;
Қанның сары суы – плазма;
Лейко-тромбоцитарлық суы.
Әрбір эритроцит жүзіндісін лейкофильтрден өткіземіз. Себебі, ауруды қоздыратын лейкоциттер эритроцит жүзінділерінің бетінде орналасады.
Плазмаға да 100% лейкофильтрация жасаймыз.
Онкогематологиялық ауруға ұшыраған кісілердің химиотерапиядан өткеннен кейін қан жасушалары түгелімен жойылатындықтан, оған аз мөлшерде тромбоциттер құямыз. Сол үшін тромбоциттің де, плазманың да құрамындағы патогенді микробтарды вирустан толықтай тазалаймыз.
Осылайша, қанды өңдеу процесі бірнеше кезеңнен өтеді. Әсіресе, балаларға құйылатын қан құрамындағы вирустарды рентген сәулелендіру арқылы жоямыз.
Біле жүріңіз! Бір рет берілген 450 мл қан 3 адамның өмірін сақтап қалады!
Ең сирек кездесетін қан тобы қандай?
Біздің орталықтың базасында резус тиімділгі оңнан (+) IV топ 7-8%-ды құрайды. Ал резусы терістен (-) I, II, III, IV топтың қаны өте сирек кездеседі.
Қан құрамын қанша уақытқа дейін сақтауға болады?
Біз шұғыл және жоспарлы түрде медициналық ұйымдардың тапсырысын 100% орындап отырамыз.
эритроцит жүзінділері +2-6ºC температурада 42 күнге дейін;
плазма -25ºC-тан төмен температурада 3 жылға дейін сақталады.
Бұл қан компоненттерін біз қорда артығымен сақтай аламыз және шұғыл немесе жоспарлы түрде медициналық ұйымдарға жібере аламыз. Бірақ тромбоциттерді ұзақ уақыт сақтай алмаймыз. Өйткені, тромбоцит жасушасы үнемі қозғалыста тұруы керек, оның сақталу мерзімі – 5-7 күн ғана. 20-22ºC температурада арнайы тромбомиксерде сақталады. Оны ұзақ уақыт қосымша қорда сақтай алмайтындықтан, біз ауруханалардан келген тапсырыстарға сай күнделікті келетін донорлардың көмегімен жедел жөнелтіп отырамыз.
Қанға көбінесе кімдер мұқтаж?
«Ажал айтып келмейді» демекші, кез келген қиын жағдай ешкімге ескертіліп келмейді. Сондықтан, бізге донорлар қай кезде болмасын аса қажет. Өйткені, туа бітті қаны ұйымайтын, онкогематолоиялық қан обырына ұшыраған жандардың өмірін созу үшін қан компаненттері ауадай қажет.
Еліміздің әрбір дені сау азаматы жыл сайын кемінде 2 рет қан тапсырса, онда бізде қан тапшылығы болмас еді.
Әйтсе де, қазір өз еркімен келген донорларымыздың қан құрамы зертханада жақсы нәтиже көрсетіп, жарамды болып жатса, «сіздерге хабарласып тұрсақ бола ма?» деп сұрап аламыз. Қазір елімізде өз еркімен қан тапсырғысы келетін жандардың саны соңғы 5-7 жылда әлдеқайда артқан. Қазіргі көрсеткіш 91% болса, ДСҰ көрсеткіштері бойынша 2020 жылға дейін донорлардың санын 100%-ға жеткізгіміз келеді.
Донордың мінез-құлқы, ерекше қасиеттері пациентке беріле ме?
Донордың мінез-құлқы, ойлау, есте сақтау қабілеті науқас адамға берілмейді.
Қан берудің донор адамға қаншалық пайдасы бар?
Ең алдымен, қан тапсырған адам өзінің денсаулығы жайында бірқатар ақпаратты тегін алады. Мәселен, қан тобын, резус тиімділігін, гемоглабин деңгейін, бауырдың қызметін, қан қысымын, бойы мен салмағын, өте қымбат тұратын 5 инфекцияға тегін тексеруден өтеді.
Ағза жұмысы күшейеді, иммундық және эндокринді жүйенің жұмысы жақсарады, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі бірнеше есеге төмендейді. Ғалымдардың зерттеуінше, тұрақты түрде донор болған адамдарда жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі 30%-ға дейін төмендеген. Психологиясына да оң әсерін тигізіп, түнгі ұйқысы түзеледі.
Ең бастысы, донор болу – өзгеге көмек, сауапты іс.
Донор болу жасқа, жынысқа қарай ма?
Егер денсаулық жағынан талапқа сай болса, кәмелет жастан бастап донор болуға рұқсат етіледі. Ең егдесі 60 жас деп белгілейміз, бірақ, онымен шектемейміз. Өйткені, жас күнінен тұрақты түрде қан беріп жүрген донор болса 65 жастағы қариялардан да қан ала береміз. Ал бұрын қан беріп көрмеген үлкен кісілерге қан жоғалту тым қауіпті әрі ағзасы үйренбегендіктен донор болуға тыйым салынады.
Кімдер жиі қан тапсырып жүр?
Танымал адамдардан спортшылар Илья Ильин мен Серік Сәпиевтің қан тапсырғанын білемін. Әнші Нұрлан Өнербаевтың жылына бір рет қан тапсырып тұрады екен, өз басым ол кісін 3 рет қабылдадым. Одан кейін науқастардың мүшкіл халін жақсы түсінетін медицина мамандығының студенттері, дәрігерлер, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің денсаулық елшілері, Назарбаев университетінің шетелден келген оқытушылары жиі тапсырады.
Тағы бір айта кететіні, донор болғысы келетін әйелдердің көбі туу жасындағы адамдар болғандықтан, оларға қан тапсырмауға кеңес береміз. Ал қазіргі ер адамдар, әсіресе, жастар жағы темекі мен алкогольден, жаман әдеттерден аулақ болып, намаз оқитындықтан, олардың көптеп келуі заңды.
Қан тапсыруда елордадағы мешіт қызметкерлері, имамдар да өте белсенді. «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» мешіттеріне біздің көшпелі тобымыз барғанда имамдардың көмегі көп болды. Адамдар тез әрі көп жиналып, қан тапсырғанын көрдік. Сонымен қатар, әскери бөлімше қызметкерлері, «Ұлттық Ұлан» сарбаздарының жиі қан тапсырып тұратынын айта кету керек.
Донорлар жұмыстан немесе сабақтан неше күнге босатылады?
Егер донор өз еркімен қан тапсыруға келсе ҚР Заңнамасына сәйкес, 2 күн сабақтан немесе жұмыстан босатылады. Алғашқысы – қан тапсырған күні болса, екінші күнін жұмыс берушімен, басшыларымен келісе отырып белгілейді немесе еңбек демалысына бір күн қосып алуына да болады. Әлденіп алу үшін 0,25 АЕК (631 теңге), ыстық тамақ немесе шәйға шоколад беріледі.
Ал ақылы қан тапсыруға резус тиімділігі теріс донорлар қабылданады. Оларға 2 АЕК (5050 теңге) төленеді және 1 күн жұмыстан немесе сабақтан босатылады.