Хакім (Хәкім) – [Әкім]
Алла Тағаланың 99 есімінің бірі – Әл-Хаким. Бұл – «Даналық Иесі, қате жасаудан пәк. Қате жасау Оның даңқына сай келмейді. Ол әр нәрсені өз орнына қояды», яғни, «хикмет иесі, бүкіл ісінің хикметі бар» деген мағынаны білдіріп, тағы бір ұлық тәңірлік сипатынан алынып тұр.
Өз кезегінде, бұл есім де мұсылман жұртының бір бөлігі ретінде қазақ арасына тарап, әуелгі тылсымдық тамыры көмескі тартып, араб-парсыдан енген көп сөздің бірі ретінде етене сөзге айналып кеткен. Біз тіптен, оның сыртқы пошымы мен ішкі мағынасына өзгеріс жасап, басқа туынды мағынаға өтіп кеткенін байқаймыз. Айталық, филология ғылымдарының кандидаты Нариман Нұрпейісов «Абай мұраларындағы хакімдік қасиет туралы толғамдар» атты мақаласында: «Хакім» араб тілінен енген сөз, «данышпан», «дана адам», «әкім» деген ұғымдарды білдіреді, соңғы уақыттарда «хакім» үлгісінде тіпті сирек қолданады десек те болғандай, ал енді «әкім» мағынасында санаға жақын, етене ұғым болып қалды» дей келе: «Хакім деген сөздің ұғымы, берер ғибадаты жайындағы жауапты хакім, дана адам Абай мұраларының өзінен іздедік және аз-кем таптық та» [1] дейді.
Расымен де, «Хаким, ғалым – асылда бір сөз, бірақ ғарафта (танымда) басқалар дүр» деп өткен данышпан ақынның аталған сөздің ілкі мағынасын терең пайымдағанын байқаймыз. Тіптен, оны даналық, кемелдік һәм ғалымдықпен қатар алып қарастырған. Ал бұл сөздің экзотикаға айналғаны сондай, қазіргі лексикамызда «данышпан көсем», «әлемдік ақыл-ойдың, даналық танымның иесі», не болмаса «күллі адамзаттың рухани ұстазы» деген теңеулер есебінде қабылданатын архаизмге айналып барады. Бұл туралы абайтанушы ғалым Асан Омаровтың «Бүгінгі күнгі Абайтану» атты монографиясында былай деген:
«Ғалым адамдардың міндеті – сыртқы дүниенің заңдарын, яғни көрнеу, жарық әлемнің сыр-себептерін ашу екені кім кімге де белгілі. Дүние ғылымдары ислам философиясында «ғылым заһири» («сыртқы ғылым») немесе «нақлия» делінетін еді. Сондықтан да 38-ші қарасөзінде Абай «бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады» дейді. Міне, хакімдер, сайып келгенде, осы ғалымдық ортадан жырылып шыққан сирек даналар. Олар ғалымдардан, Абайдың білуінше, дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгендеуімен, Құдайдың хикметін саралап, әрненің себебін білмекке құмар болуымен ерекшеленеді. Яғни тұтастық сана иелері. Абайдың «хакім» мен «ғалым» түсініктерінің айырмасы туралы терең ой-пайымдарын: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Ғалымдардың нақлиясымен мұсылман иман тақлиди (еріп иман келтіру) қылады. Хакімдердің ғақлиятымен жетсе иман якини (шын иман) болады», – деп сабақтағаны осыдан. Сонымен, ғалымдар – дүниеауи-тұрмыстық ғылымның білгір жүйріктері де, хакімдер – рухани ілімнің иелері. Міне, бұл сатылау Абайға да тән. Жоғарыда баяндалғандай, ол философ ғалым деңгейін меңгеріп барып, ілгерілеген ойшыл. Яғни ұлы Абай да әуелде «нақлия жүйрігі» ғалым болды, онан соң ғана хакімдік өріске жетті» [2].
Осымен үндесе, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Садуахасұлы «Әбу-Насыр әл-Фараби сомдаған әкімнің бейнесі қандай?» атты БАҚ-қа берген сұхбатында: «Жалпы «әкім» сөзі араб тіліндегі «хаким» сөзінен шығады. Әдеттегідей араб тіліндегі бұл сөздің (үкім шығарушы, басқарушы, билеуші, дана) деген сияқты бірнеше мағынасы бар. Сөздің мағынасы сөйлемнің мазмұны мен араб тіліндегі сөз түбірінің морфологиялық түрленуіне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, дана Абайды біз кейде «хакім Абай» деп жүрміз. Мұның мағынасы – данагөй Абай. Бұл жерде көріп отырғандай «хаким» сөзінің – дана мағынасы қолданылған. Дегенмен, бүгінде қазақ тілінде көп жағдайда араб тіліндегі «хаким» сөзінің – әкім, билеуші, басшы және басқарушы мағыналарында қолдану кеңінен тараған. Сондықтан да біз «әкім» сөзінің түбі араб тіліндегі «хаким» сөзінен бастау алады десек қателескен болмаймыз» [3] деп атап өткен.
«Даналық пен ғылым шашқан «хакім» ұғымы қалайша саяси-әкімшіліктік лауазым – әкімге айналып кетті, бұл қалай болды?» дегенге келсек, ежелгі дін мұсылман баласының басшылыққа тек қана өнегелі, дана, хикмет иелерін ғана лайық көрген. Әл-Фараби танымымен келсек, «нағыз әкім» – кемел адам. Бастапқыда рухани мағына үстеген атау кейін барлық сакральді мағынасынан айырылып, жай ғана билеушіге айналып кеткен сияқты. Біржағынан, мұның сыры жоғарыда айтып өткен «хикметтен» ада кісілердің ел тізгінін ұстауынан да болуы мүмкін.
Айта кетейік, дінтанушы Құдайберді Бағашар осынау егіз түсінікті қатар алып, «Хикмет не, хәкім кім?» атты мақаласында тереңінен қозғаған. Онда ол: «Иісі мұсылманға мәлім Жаратушы иеміздің көркем есімдерінің бірі – Хаким. Толық хикмет иесі Аллаһ екені талассыз, дегенмен ел ішінде терең түсінікке ие болған қарапайым адамды да хәкім деп жатамыз. Мұсылмандар пәлсапа ғылымын «Хикмет ілімі» деп атаған. Құранның «Лұқман» сүресінде Лұқпан хәкімнің даналық сөздері келтірілген» [4] деп жазады. Яғни, бұдан біз хакімдіктің басында Лұқпан хәкімнің тұрғанын көреміз. Пайғамбар я әулие екендігі таласты, дегенмен жүрегіне хикмет ұялаған хәкім болған деседі.
Сонымен, хәкім деген кім?
Тағы да сол Қ.Бағашар қисынына жүгінсек, «хәкім адам» тек сөз жүзінде ғана біліп қоймай, білгенін істеуге жанын салатын, тек пайдалы іліммен шұғылданып, ізгі істер жасайтын, Жаратушыны тануға, ғаламдағы жаратылыс сырларын білуге ынтығып, Құранды дұрыс ұғып, сүннетті толық ұстанатын, әр құбылыстың астарындағы құдірет сырды көре білетін ерекше сұңғыла жан. Демек, көп оқыған адам ғалым болғанмен, жүрегіне Аллаһ хикмет қондырмаса, хәкім болу бұйыра бермейді. Бұл аятта «Аллаһ кімге қаласа, хикметті соған береді. Ал кімге хикмет берілсе, оған көп игіліктің қоса берілгені» (Бақара сүресі, 269) деп ескертілген.
Бұл бұл ма, дінтанушы:
«Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән
Тереңге ден қоймаса?!
– деп Абай атамыз айтпақшы, хәкім адам әрдайым терең ойда жүреді, еш нәрсеге үстірт қарамайды, өмірден тиянақ іздейді, шын ақиқатты тани біледі. Осы себепті ғалымдар «хикметтің басын ғалам жайлы терең ойларға бару, ортасын дінге толық мойынсұну, соңын мәңгілік бақыт табу құрайды» деген» деп тұжырады сөз соңын.
Ал енді таза филологиялық жағына келсек, екінші жағынан, сөздің өзінің де бастапқы қалпынан қазақ тілінің үндестігіне сай өзгеруі заңдылық: (хә:ким) – әкім, кәкім, хаким. Бұл жағынан бұл сөз жалғыз емес. Мысалы, (хә:зир) – әзір, хазір, қазір немесе (хәрф) – әріп, қарып, қаріп, харып, қарыф, харіп, харф. – (хәра:м) – арам, қарам, харам. – (хи:лә) – айла, ила, қайла, хайла, хәйлә.
Алысқа бармай-ақ, жазушы Әкім Таразидің «Егемен Қазақстан» газеті бетінде жарияланған төл есімінің тарихы бұған дәлел [5]. Әкім атамыз Әулиеата әлі «Джамбул» аталып жүргенде Тараз атауын тірілтіп қана қоймаған. Дамолла Әшімнің үмітін арқалаған ол кісінің азан шақырып қойған аты – Хаким, дәлірек айтқанда, Хакім екен. Қалайша «Әкім» болғанын осыдан-ақ шамалауға болады.
Сонымен, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Сейтбекованың «Жаңа әліпбимен түрлі нұсқадағы кірме араб-парсы сөздерін біріздендірудің маңыздылығы» атты мақалысында [6] жазғанындай, арабтың ح «хә:» дыбысының түсіп қалуы қазақ тілінде сөздің барлық деңгейінде кездесетіндігін айтуға болады, мысалы: әкім, бата, неке және т.б. Сөз басындағы «хә:» дыбысы түскенде, сөз а, ә, е, ө, ү дауыстыларымен басталады. Ал сақталған жағдайда, қазақша қ-ға алмасады: қажет, қазір, құрмет. Бұл сөздердегі «хә:» дыбысы түсіріліп, жіңішке қалыптасқан үлгілері да бар: әжет, әзір, үрмет т.б. Бірде жуан, бірде жіңішке дыбысталатын мұндай сөздер тілде сингармониялық варианттар қалыптастырады. Осы орайда, бұл мәселенің Г.Раеваның «Түркі тіліндегі сингармониялық варианттар мен параллельдер» атты дисертациялық еңбегінде де [7] кеңінен талданғанын атап өткен жөн.
Қалай десе де, бүгінгі Қазақ сөздігінде [8] бұл сөз – араб тілінен енген зат есім ретінде 3 тұрғыда: 1. Көнерген сөз. Даулы мәселені шешетін тәуелсіз төреші. 2. Басқарушы, әкім. 3 Оқымысты, данышпан, философ мағыналарында қарастырылады.
Хакім салды [қылды]. Жария қылды, жарлық етті, үкім етті.
Хакімдік. Зат есім. Хакімге тән қасиет, әкімдік.
Хакімші. Зат есім. Басқарушы, әкім.
Хакімшілік. Зат есім. Әкімшілік.
Ал бұл сөздің «әкім» мағынасындағы вариациялары әркімге сөздіксіз де түсінікті. Тек осындай илахи есімінен өрбіген рухани сөздің ағымдағы уақытта семантикалық эрозияға ұшырап, биліктегі әкім-қаралардың теріс іс-әрекеті салдарынан жағымсыз сипат алып кеткені қынжылтады.
Абылайхан Қалназаров
Мәдениеттанушы-лингвист
Пайдаланылған әдебиеттер
- Н.Нұрпейісов. «Абай мұраларындағы хакімдік қасиет туралы толғамдар» атты мақала. 12.07.2013 ж., Сілтемесі: https://abai.kz/post/17438
- А.Омаров. Бүгінгі күнгі Абайтану. Монография. Ғылыми зерттеу мақалалар жинағы. – Семей, «Интеллект», 2011. – 262 б.
- Ж.Садуахасұлының «Әбу-Насыр әл-Фараби сомдаған әкімнің бейнесі қандай?» атты сұхбат. 27.03.2019 ж., Сілтемесі: https://kazislam.kz/әбу-насыр-әл-фараби-сомдаған-әкімнің-б/?lang=ru
- Қ.Бағашар, «Хикмет не, хәкім кім?» атты мақаласы, 03.04.2013 ж., Сілтемесі:
- Н.Жұмабай. «Тарази тағылымы» мақаласы. 17.09.2018 ж., Сілтемесі: https://egemen.kz/article/174469-tarazi-taghylymy
- А.Сейтбекова. «Жаңа әліпбимен түрлі нұсқадағы кірме араб-парсы сөздерін біріздендірудің маңыздылығы» атты мақалысы. Сілтемесі: https://qazaquni.kz/2018/06/08/85951.html
- Раева Г.М. Түркі тіліндегі сингармониялық варианттар мен параллельдер: филол. ғыл. канд. дисс. – Алматы, 2000. – 141 б.
- Қазақ сөздігі. Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі. Құраст.: Н. Уәли, Ш. Құрманбайұлы, М. Малбақов, Р. Шойбеков және т.б. Алматы, Дәуір баспасы. 2013 ж. 1485 б.