Әлеуметтік желіні шулатып жатқан қысқа белдемшелі бойжеткен қыздың бейнежазбасы кім-кімді де ойландырып тастады. Желі қолданушылары автормен келіспейтінін білдіріп, сыртқы келбет пен киім – әр адамның жеке ісі екенін айтуда. KAZISLAM порталы ақ пен қараның ара-жігін ажыратып көрсету үшін дін мамандарының пікірлерін ортаға салды.
Исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, әйелдердің кейбір жерлерін жауып жүруі – шариғаттың талабы. Бірақ, қара түсті болсын, белгілі бір пішінде кию керек деп шектемеген. Әркім өзінің талғамына қарай, заманына сай, менталитетіне лайықты киім таңдай алады. Ол өзінің фэйсбук парақшасында аталған бейнежазбаға сыни тұрғыда пікір білдірген.
“Қазақ қызы ешуақытта бөгде еркектің нәпсісін қоздырып, ойын арам іске елітетіндей тым ашық-шашық киінбегені бәрімізге мәлім. Тіпті Еуропаның өзінде кейбір ірі компаниялардың дресс-кодында әйелдердің тым қысқа етекпен жұмысқа келуге болмайтындығы бекітілген. Бұл ең әуелі этика, ұят мәселесі. Қазақтың “есті қыз етегін қымтап ұстайды” деген мақалының да мәнісі осында. Әрине, имандылық ең әуелі киімде емес, санада, жүректегі иманда. Бұған талас жоқ. Десек те, арам пиғылды еркектердің көз құртына айналып, шабылуына ең бірінші болып тым ашық-шашық киінетіндердің ұшырайтындығы да шындық.Заман өзгеріп, санамыздың шайқалғаны соншалық қазақы тәрбиеде ұят саналатын қылықтар бүгінде мәдениет, еркіндік, жаңа заман талабы секілді ұрандармен суғарылып, керісінше асыл құндылықтар түрлі желеулермен тұншықтырылып жатыр. Соның салдарынан елімізде студент қыздарды айтпағанда, мектеп жасында жүкті болып, түсік жасатып жатқан оқушы қыздардың саны жыл сайын артуда. Қыздарымыз етегін ерте ашып, қызығын қыздай ұрлатуы ауыр жағдай. Сондықтан келіннің босағаға пәк күйінде аттамауы да қалыпты жағдайға айналып, кезінде ұят, намыс саналған дүниелерге етіміз әбден үйреніп барады.Қазақы тәрбиені көрген ешбір ата-ана өз қыздарының тым ашық киінгенін қаламайтындығы сөзсіз. Ал мына роликті түсіргендердің ниеті дұрыс болғанымен, сценариі сәтсіз шыққан. Айтпақ ойы да, месседжі де белгілі. Қазақ қызы еркектерді елітіп, нәпсісін қоздыратындай тым ашық-шашық киінбесе дегені. Бірақ, тәсілі қате.Барлық тым қысқа етек киетіндер жезөкше болмағанымен, барлық жезөкшелер тым ашық-шашық киінетіндігі де даусыз. Сондықтан бұл ролик қоғамда қатты талқыланып, сынға ұшырайтындай бірінші кезектегі өзекті мәселе болмауға тиіс. Қоғамды жайлаған жемқорлық, әділетсіздік, ажырасу секілді дерттер ең өзекті мәселеге айналмайынша қазақ қоғамы осындай ұсақ-түйектің айналасында қала береді”, – дейді исламтанушы.
Ал тележурналист Гүлмәрия Барманбекова қазіргі заманда адамның киіміне қарап, тектілік белгісін анықтау мүмкін болмай қалғанын айтады.
– Мынау өлшеулі өмірге жалаңаш келіп, жалаңаш кететін адам баласының киім таңдау құқын өзіне қалдырыпты Тәңірім. Киіну – адамның талғам-тәрбиесінің көрінісі. Көбіміз сәнді киінуді білсек те мәнді киінуден қалып бара жатқанымыз рас. Иә, киімінің бренд таңбасына қарап қалтасының қалың-жұқалығын байқауға болады, бірақ ұлттық сыр-сипатын, болмыс-бітімін айыру қиын,-дейді Гүлмәрия ханым.
Сондай-ақ әйел қауымының қазіргі кезде киім тандауда жіберген кемшіліктері мен шешілмей келе жатқан мәселесін тілге тиек етті.
– Осы күні қай сауда орнына бармаңыз, жастардың неше түрлі сәнді киімдері самсап тұрады да, ересектердікін ырымға таппайсың. Болса да, некен-саяқ. Кейбір егде жастағылар киімнің әдемілігіне қызығады да, жас-кәрі деп жатпайды, үстіне жапсырып ала қояды. Енді қайтеді, өзінікін таппаса? Ол да адам, әдемі киінгісі келеді. Жас көрінгісі келетіндер де бар. Міне, осыдан кейін үлкен де, кіші де ілінгенін киіп жүр. Оған қоса қазір этнодизайн сәннің бағытын өзгертті. Бұрын қазақы ою-өрнек салынған киімдер тек қазақтың той-томалағында пакетке салынып, қолдан-қолға өтіп жүретін. Ал қырғыздар сол киімдерді пакеттен шығарып, замануи үлгіде тігіп, бізге сатып, қызығын көріп жатыр, – дейді Гүлмәрия Барменбекова.
Ал дінтанушы Абдусамат Қасым сауда орындарында киім сатып алғысы келген мұсылман қыз қолдан келгенше өзіне жарасымды әрі шариғат талаптарына сәйкесін таңдағаны дұрыс екенін және ондай киімдерді табу қиынға соқпайтынын алға тартады. Киген киімі дене-бітімін сырт көзге қатты айқындап, бөтен еркектердің көңілін бұзардай тырысып тұрса, мұнысы шариғат киімін киюдегі мән-мағынаға қайшы болатынын өсіп келе жатқан бойжеткен қыздарға ескертеді.
Сондай-ақ дінімізде рұқсат берілген мұсылман қыз-келіншектің киім киюіндегі бірнеше талапты атап көрсетті.
- Шариғатта рұқсат етілген жерлерден тыс барлық денесі жабық болуы тиіс. Құран кәрімде: «Сондай-ақ, зейнеттерін (шариғатта ұятты деп саналатын жерлерін) көрсетпесін. Бірақ, олардың өздігінен көрінгендері басқа…» делінген.
- Дене көрінетіндей жұқа болмауы тиіс. Деректерге қарағанда Тәмим тайпасынан бір топ адамдар Айша анамызға келеді. Үстеріне жұп-жұқа, қабыршықтай киім киген екен. Әзірет Айша оларға: «Егер мүмин, мұсылман болсаңдар, мына киімдерің мұсылман әйелдің киімі емес”, – деп ескерту жасаған екен.
- Дене бітімін сырт көзге қатты бедерлеп тұратындай тырысқан болмауы тиіс. Сахаба Усама ибн зәйдтің айтуынша, Пайғамбарымыз оған (Усәмаға) Мысырда жасалған қалың «құбтыя» деп аталатын киім кигізеді. Ал Усама оны өз әйеліне береді. Кейінірек Пайғамбарымыз (с.а.у.):
– Сен неге (өткендегі киімді) Құбтияны кимей жүрсің? – деп сұрайды.
– Әйеліме кигіздім, – деп жауап береді Усама.
Сонда Алланың елшісі Усумаға:
– Әйеліңе барып айт, оның ішінен ҒИЛӘЛӘ (ішінен киетін киім) киіп алсын. Құбтияның өзін ғана киетін болса, сүйегінің көлемін (дене-бітімін) сыртқа кескіндеп тұрады ма деп қорқамын, – деп ескертті.
4. Ер кісілерге тән киім болмауы тиіс. Ер кісілердің өздеріне тән киімі, әйел кісілердің өздеріне тән киімі бар екендігі мәлім. Ендеше, ел арасында ер кісілерге тән танылған киімдерді әйел адамға киюге болмайды. Сахаба Әбу һурайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) ер кісілердің киімін киген әйелді және әйел кісілердің киімін киген еркектерді лағынеттеген», – дейді дінтанушы
Жалаңаштану – заман талабы ма?
Қайрат Жолдыбайұлының ойынша, орамал тағып, ұзын киген жандар замана көшіне ілесе алмай, қатардан қалып қойған ескішіл адамдай көрінеді. Біздің қоғамда әйел адамның етек-жеңін қымтап жүруі, жартылай жалаңаштанудан да тұрпайы көрінуде. Қоғамда заман талабына ілесудің өлшемі «жалаңаштану» сияқты көзқарас қалыптасты.
– Орамал тағып, ұзын киім кию үрдісі – тосырқап, таңдана, кейде түсінбей, тіпті жатырқай да, жақтырмай да қарайтын тосын құбылыс емес. Жаhанданудың арқасында біз бүгінгі таңда батыс мәдениетінен барынша әсерлендік. Әсерленгеніміз соншалық, оған ес-түссіз беріліп, жақсы-жаманын ажыратып жатпастан, залалы мен пайдасын сараламастан оларға қатты еліктедік.
Алла Тағала әрбір жаратылысқа өзіндік ерекшеліктер тарту еткен. Әйел адамның қоғамдағы, отбасындағы орны, жалпы болмысы, тәні ер адамдарға қарағанда мүлдем ерекше. Әйел адам осы ерекшеліктерін қорғай білген кезде ғана қоғамдағы биік мәртебесін сақтай алады.
Әйел адам өзінің аналық мейірімімен, күйеуіне деген ізеттілігімен қымбат. Ол осы қасиеттерімен әрдайым жоғары тұрады. Осы тұрғыдан алғанда орамал тағу, ұзын киім кию – әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін бөтен адамдардың арам пиғылынан, сұқ көзінен сақтайтын бірден бір қорған, – дейді исламтанушы.
Қара киіну – парыз емес
Қайрат Жолдыбайұлы осындай қасиеттерді айта келе, әйелдердің басын жауып, ұзын киім киюі – Құранның тікелей бұйрығы екендігін ескертеді. Бірақ, Құранда әйел адамның киетін киімінің нақты формасы айтылмаған дейді.
– Тек әйел баласы өзінің дене бітімін қатты кескіндемейтіндей кеңдікте, жүзі, екі қолы, тобықтың төменгі жағынан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай кез келген киім үлгісін таңдап кисе болғаны. Бұл шарттар орындалғаннан кейін, сәнді әрі жарасымды жалпы эстетикаға сай киім киюге ислам діні қарсы емес.
Сауд Арабиясы мен Ирандағы әйелдер сияқты қара киіп жүру үрдісі барша мұсылманға парыз киім үлгісі емес. Ондай киім үлгісі олардың өз әдет-ғұрыптары мен қоғамына қарай таңдалған. Сондықтан Құран өлшемдерінен шықпау шартымен әр қоғам киім үлгісін өзінің менталитеті мен әдет-ғұрыптарына, заманына қарай әрі өмір сүрген жерінің климатына ыңғайлы етіп таңдай алады, – дейді Қ. Жолдыбайұлы.
Ұлттық киімдер неге қымбат?
Елімізде кейбір дизайнерлер ұлттық нақышта безендірілген киім тігумен айналысып жүр. Солардың бірі – Нұржамал Нұрпейісова. Оның қолынан шыққан заманауи көйлектер мен орамалдар қалталы әйелдер арасында сұранысқа ие бола бастаған.
Олардың ішінде төрт жылдан бері нарықта ұлттық нақыштағы сәнді киімдер ұсынып жүрген “Нұр шах” сән үйінің киімдері көзге ерекше түседі. Ою-өрнектермен безендірілген сәнді көйлектерінің бағасы қымбат болғандықтан екінің бірі алып кие алмайды. Сәнді көйлек бағасының қымбат болуының басты себебі – матасы шетелдікі.– Қолдан кестелеу көп уақыт алады. Біз пайдаланатын матадан бөлек, оған кесте салу оңай емес. Сондықтан бағасы соған лайық. Ал матаны біз шетелден әкелеміз. Жалпы әйел адамдардың көйлектері 45 мың теңгеден басталады, – дейді Нұржамал Нұрпейісова.
Айта кетсек, ҚР Мәдениет қайраткері Сая Қасымбек фейсбуктегі парақшасында орамал тағудың жөн-жосығын айтып, әдемі тағудың сырымен бөлісіп отырады. Оның айтуынша, орамал тағу – айналаңдағы адамдарға сенімділік туғызады әрі сыйластықпен қарайды. Сондай-ақ, әйелдің кемшілігін бүркеп, жағымды әсер қалдырады екен.
Қазақта: «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деген нақыл сөз бар. Киім адамның өңін ашып қана қоймай, оның ұятты жерлерін жасырады. Адам киген киімімен көрікті көрінетіндігі анық. Жоғарыдағы мамандардың пікірінен түйгеніміз: әйел баласы қоғамдық орындарда ашық-шашық киінбей, жат көзден жасырылуы тиіс жерлерін қымтап жүргені абзал. Әрине, зайырлы мемлекетте кімнің қалай киінуі – өз шаруасы. Дегенмен, нәзік жандылар ұят пен иба деген киелі ұғымдарды да естен шығармай, “қазақтың қызы деген ғажап атқа” сай болса деген тілек бар.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ
өте керемет