Киберкеңістік – жіті қадағалауды талап ететін сала. Әсіресе дін тақырыбындағы интернет материалдары, сайттар мен өзге де ресурстар қатаң бақылауда болуға тиіс. Бұл елдегі діни ахуалдың тұрақтылығына әсер ететін жұмыс.
Жуырда «Нұр Мүбарак» университетінде өткен «Киберкеңістіктегі діни дискурс: сын-тегеуріндер мен шешімдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы мәселе кеңінен талқыланып, тиімді ұсыныстар талқыға салынды.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, киберкеңістіктегі жалған ақпараттар мен идеологияларға оңтайлы жауап қатудың жолы – сауатты да сапалы контент жасау. «Киберкеңістіктен біздің алдымызда бірқатар сын-тегеуріндер бар. Олар: гиперреалистік фейк технологиялар, манипуляция және жалған ақпараттар (фейк). Киберкеңістік арқылы елдер арасында дінге қарсы көзқарастар мен пікірталастар да жиі кездеседі. Олардың барлығына төтеп берудің бірден-бір әдісі – сауатты, маңызды контент жаса, оны тарату. Бізге цифрлық гигиена өте маңызды. Азаматтарымызға гипфейк жасанды интеллектпен жасалған жағымсыз конттенті жою, екінші жағынан ағарту жұмыстарын жүргізу өзекті» деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы үш айда 3 мыңнан астам зиянды контент бұғатталған және жойылған. «Біз 3 айда 3 мыңнан астам контентті жойдық. Барлық онлайн платформада, TikTok, Instagram, Telegram, Facebook болсын, әр жойылған контентте өкінішке орай, қосымша 2-3 материал туындайды. Сондықтан жұмысты тоқтатпаймыз. Біз үшін бастысы – жою емес, тиімді және нақты ақпарат тарату», деді ол.
Әрине діни сапалы контент жасау үшін білікті дін мамандары көп болғаны дұрыс. Ол үшін елімізде діни білім беруге баса назар аударылуға тиіс. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов бұл бағытта жасалып жатқан ілкімді жұмыстарға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, дін мамандарына, оның ішінде «Нұр-Мүбарак» университетіне бөлінетін мемлекеттік білім гранттарының саны артпақ.
«Нұр-Мүбарак университетінің түлектері елімізде оқу орындарында, медресе-колледждерде, мешіттерде ұстаз болып, өңірлерде дін істері басқармаларында басшылықтан бастап, инспектор, маман болып қызмет атқарып келеді. Оқу орны қажетті жағдай жасай отырып, студенттердің сапалы, терең білім алуына көбірек көңіл бөлуде. Осы орайда, мемлекет тарапынан университетке бөлінетін білім гранттары ұлғаяды. Бұл өте маңызды мәселе екенін біз түсінеміз», деді Қанат Жұмабайұлы.
2023 жылы дін мамандарын даярлауға мемлекеттен 315 грант бөлінген. Биыл бұл көрсеткіш артады деген сенім бар. Себебі вице-министр Қанат Ысқақовтың айтуынша, мемлекеттік дін саясатын дамытуда білікті мамандарға мұқтаждық бар. Ал қазіргі киберкеңістіктегі түрлі алауыздықтар мен заманауи сын-қатерлерге қарсы тиімді тәсілдің бірі – мамандар даярлау екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Қанат Жұмабайұлы лаңкестік топтар мен ұйымдардың бірден-бір құралы – ғаламтор екеніне тоқталды. Ал олардан туындайтын алауыздықтың алдын алудың сапалы да тиімді тәсілдерін дамытудың маңыздылығы – сауатты қоғам қалыптастыру екенін ерекше атап өтті.
Жасұлан БАҚЫТБЕК