Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде АҚШ, Түркия, Малайзия, Индонезия, Мысыр, Пәкістан, Шешенстан, Ресей және отандық дін ғалымдары киберкеңістіктегі мүмкіндіктер мен олқылықтар төңірегінде жан-жақты талқылады.
Жеті жұрттың дін ғалымдарының басын қосқан «Киберкеңістіктегі діни дискурс: сын-тегеуріндер мен шешімдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция әуелі әнұранымыз бен қасиетті Құран аяттарымен ашылды. Алғысөзде университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххат мәртебелі меймандарға ризалығымен бірге конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы конференцияның өте өзекті мәселе көтергенін айта келе, ғаламтор кеңістігінің кеңеюінен ислам дініне қатысты ақпараттық шабуылдардың да күшейгенін атап өтті. Осы орайда тек дін мамандарын ғана емес, әрбір мұсылманға ғаламторды дұрыс пайдаланып, әлеуметтік желі қолданушыларын шариғат шеңберінен аспай, қоғамдағы өзекті діни мәселелердің жауабы мен шешімін мүфтияттан, Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуадан алуға, көпшілік қауым қабылдай бермейтін діни нәзік мәселелер төңірігенді пікір білдіруде парасаттылық танытуға шақырды.
Алқалы жиында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Мысыр Араб Республикасының Уақфтар вице-министрі профессор Махмуд Абдулхалиқ әл-Фахрани, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Қиқымов, МАР-ғы Әл-Азһар университетінің құрметті проректоры, профессор Мохамед Махмуд Ахмед Хашим мырзалар құттықтау сөз сөйлеп, өзекті де маңызды мәселелер қамтыған конференцияның берері мол деген сенімдерін білдірді.
Ал цифрлық дәуірдегі киберкеңістік аясына қатысты маңызды баяндамалар ұсынған ғалымдар тобын Малайзия халықаралық ислам университетінің Исламдық банкинг және қаржы институты деканының орынбасары проф. док. Хабибулах Закария бастады.
Мариланд университетінің профессоры док. Сахар Мохамед Хамис (АҚШ), Тенага ұлттық университетінің (UNITEN) проректоры проф. док. АбдулАзиз Бинмат Иса (Малайзия), Исламабад халықаралық ислам университетінің Ислам зерттеу институтының бас директоры проф. док. Мухаммад Зия Ул-Хақ (Пәкістан), НМУ жанындағы Ә. Ханифа ҒЗО директоры фил.ғ.д., профессор Керім Шамшәдин Тұрсынұлы, Мақасид институтының атқарушы директорының орынбасары проф. док. Ильдус Рафиков (Түркия, Ресей), Малайзия Халықаралық Ислам Университеті Ислам банкі және қаржы институтының профессоры проф. док. Ашуров Шарофуддин (Малайзия), Шешен Республикасы Мүфтиінің көмекшісі, Шешен Республикасы мұсылмандары діни басқармасының сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі Рамзан Межиев, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің профессоры, Геосаяси зерттеулер институтының директоры, т.ғ.д., проф. Асылбек Избаиров, Индонезия Ислам университеті, Ислам экономикасы оқу бағдарламасының басшысы Рейза Виргиаван, Lc., M.E. (Индонезия) тақырып аясында баяндама ұсынды.
Сондай-ақ қатысушыларға отандық «Sajda App» қосымшасының өкілі Нұрдаулет Оспанбековтың баяндамасы қызығушылық тудырды. Ал «Нұр-Мүбарак онлайн академиясы» жобасымен таныстырған жоба жетекшісі Естай Қалмұраттың да жаңалықтары көпшілікті елең еткізді.
Конференция қазақ, араб, ағылшын тілдеріндегі лездік аудармадағы үш тілдік нұсқада университеттің YouTube арнасында тілекелй эфирде ұсынылды.