Мәлік шахтың Хорезмге түркінің Бәғділ тайпасынан шыққан Ануш-Тегінді әмірші етіп тағайындаған жылдары Хорезмге көрші Қыпшақ түркілерінің ықпалы күшейе түсті. Себебі, Селжұқ мемлекетінің Қорасандағы билеушілері өз араларында орын алған тақ таласында қыпшақ жауынгерлерінің көмегіне жүгінетін. Қорасан билеушісі Хабаш бин Алтунтақ 1097 жылы Хорезмге Ануш Тегіннің ұлы Құтуббиддин Мұхаммедті әмірші етіп тағайындады. Құтуббиддин Мұхаммедтің Хорезмнің билігін қолына алуымен Селжұқ империясына сырттай бағынышты Хорезмшах квази-мемлекеті пайда болды.
Құтуббиддин Мұхаммед таққа отырған 1097 жылы Қорасан әміршісі Хабаши бин Алтунтак Селжұқ мемлекетіне көтеріліс жасап, жеңіліске ұшырады. Қорасанның жаңа әміршісі болып тағайындалған Санжар сұлтан да Хорезм билігін Құтуббиддин Мұхаммедке сеніп тапсырды. Осы кезде теріскейдегі түркі (қыпшақтар) хандары Хорезм өлкесіне жорықтар жасап, Үргенішті өздеріне бағынышты еткісі келді. Бірақ, Санжар сұлтан мен Құтуббиддин Мұхаммедтің екеуара ауызбіршілігінің арқасында Хорезм өлкесі ешкімнің талауына түскен жоқ. Құтуббиддин Мұхаммед қыпшақтардың шабуылын дер кезінде тойтарып отырды.
Құтуббиддин Мұхаммедтің тұсында Хорезм толық дербестікке қол жеткізе алмады. Хорезм өлкесі Қорасан әміршісіне жыл сайын белгіленген мөлшерде алым-салық төлеп отарды. Құтуббиддин Мұхаммед өзінің әміршілік міндетін мінсіз атқарғандықтан, Санжар сұлтан дәйім оған құрмет көрсетіп отырды. Сол дәуірде жазылған Амир Муиззиннің еңбегінде Құтуббиддин Мұхаммед «Жамаллад-дин» деп мақталып, оның есімі Санжар сұлтанмен бірге құрметпен аталды.
Құтуббиддин Мұхаммед 1128 жылы қайтыс болып, орнына ұлы Қызыл Арслан Атсыз Хорезм билігін қолына алды. Жастайынан ел басқару ісіне араласып, жан-жақты пісіп жетілген Қызыл Арслан Атсыз алғашқыда Санжар сұлтанға адал қызмет етті. Ол Хорезмге ұдайы қауіп төндірген қыпшақтар мекендеген Маңғышылақ пен Жент өңіріне жеңісті әскери жорықтар жасап, Хорезм әмірлігінің аясын кеңейте түсті. Бірақ, Санжар сұлтан рұқсат алмай Қызыл Арслан Атсыздың Қыпшақтарға жасаған жорығын құп көрген жоқ. Қызыл Арслан Атсыздың алғырлығы сарай уәзірлерінде шошытып, олар Санжар сұлтан мен Қызыл Арслан Атсыздың арасына от тастап, екеуін шағыстырды. Бұл тайталастың ақыры Қызыл Арслан Атсыздың Хорезмді Селжұқ мемлекетінен бөліп әкетуіне мәжбүрледі. Ол 1138 жылы Қорасанмен байланысатын есіктердің бәрін жауып, Хорезімдегі Селжұқ өкілдерін зынданға салып, өзінің дербес билеуші екенін жариялады.
Хорезім әміршісінің қылығына қатты ашуланған Санжар сұлтан Балх қаласынан қалың қолмен Хорезмге аттанды. Қызыл Арслан Атсыз Хазарасип қаласының маңына әскерін жинап, Селжұқ әскерімен бетпе-бет келмей, оларды шөлмен жүргізіп, біраз әуре-сарсаңға салғанымен, соңында жеңіліске ұшырады. Санжар сұлтан қолға түскен Атсыздың ұлы Атлықты өлім құштырып, қолға түскен қыпшақ жасақтарын Мервке айдады. Селжұқ билеушісі Хорезм билігін жиені Сүлеймен бин Мұхаммедке беріп, Үргеніште уәзір, атабек, хажиб және өзгеде қызметкерлерден тұратын өзіне бағынышты диван жүйесін құрып, Мервке қайтып оралды.
Хорезм халқына селжұқтардың жаңа әскери кеңестен тұратын билік жүйесі ұнай қойған жоқ. Халыққа керісінше өктем болса да, Қызыл Арслан Атсыздың ержүректілігі мен алғырлығы ұнайтын еді. Көп ұзамай 1140 жылы халық селжұқ бектеріне қарсы көтеріліске шықты. Сүлеймен бин Мұхаммед пен оның қызметкерлері Хорезмді тастап қашты. Қызыл Арслан Атсыз қайтадан Хорезм билігін қолына алды. Бірақ, 1141 жылы қайтадан Санжар сұлтанның билігін мойындауға мәжбүр болды. Дегенмен, 1141 жылы шығыстан келген қара қытайлар (Батыс Лиау патшалығы) «Катауан» соғысында Санжар сұлтанды тас-талқан етіп жеңгеннен кейін Қызыл Арслан Атсыз селжұқ мемлекетінен тәуелсіз екенін тағыда жария етті. Ол Хорезмді тәуелсіз деп ғана қоймай, әскерін бастап Қорасанға шабуыл жасады. Сарахс және Мерв қалаларын басып алып, қарсылық көрсеткені үшін шафиғи мәзһабының ғұламалары Ибрахим әл-Мәруази, Али бин Мұхаммед бин Арсланды өлтіріп, ал, Әбул-Фазл әл-Кирмани, Әбу Мансұр әл-Аббади әл-Мәруази, Бахауаддин Әбу Мұхаммед әл-Хираки сынды ғұламаларды Үргеніште ілім адамдарының санын көбейту үшін Хорезмге алып кетті.
Қызыл Арслан Атсыз келер жылы Селжұқтарға қарайтын Нишабур қаласын келіп қоршауға алды. Қаланы ала алмағанмен, халық Қызыл Арслан Атсызға салық төлеуге мәжбүр болды. Әрі Нишабур мінберінде Санжар сұлтанның атына емес, Хорезм шахының атына құтпа оқылды. Қызыл Арслан Нишабурге өзінің бауыры Йынал Тегінді әмірші етіп тағайындады. Алайда, Нишабур халқы оның билігін мойындай қоймады.
Осы кезде Термезді орталық ете отырып қайта күшейген Санжар сұлтан 1143 жылы Хорезмді өзінің уысынан шығармас үшін Қызыл Арслан Атсызға екінші рет соғыс ашты. Хорезм әскері жеңіліске ұшырап, Сарахс мен Мерв қалаларынан тонап алған қазыналарды қайтарып беріп, Селжұқ мемлекетіне жылына 30 мың динар салық төлеп, қайтадан бағынды.
Қызыл Арслан Атсызға жыл сайын 30 мың динар салық төлеу оңайға соққан жоқ. Отар ел болудан құтылу үшін селжұқтарға қарсы астыртын әзірлік жүргізуге көшті. Бірақ, Санжар сұлтан Үргенішке жіберген тыңшылары арқылы Қызыр Арслан Атсыздың астыртын дайындығынан хабардар болды. Күшеймей тұрғанда басып қалу үшін Санжар сұлтан 1147 жылы үшінші рет Хорезмге жорыққа шықты. Екі тараптың әскерлері екі ай бойы соғысып, ақырында селжұқ жасағы Хазариресп қаласын басып алды. Артынша Үргеніште қоршауға алды. Бірақ, Захид Ахупуш атты дәруіш-сопы араға түсіп, Үргенішті аман сақтап қалды. Осы жолы Қызыл Арслан Атсыз тізесін иіп тұрып Санжарға сұлтанға қарсы шықпаймын деп ант берді. Санжар сұлтан оған Хорезм билігін қайта табыстады.
Бұдан кейін Қызыл Арслан Атсыз күшейіп, Сыр бойындағы Қыпшақтарға 1152 жылы қасиетті жорық (ғазауат) жасап, Сығанақ пен Жент қалаларын басып алды. Аталған өңірге ұлы Ел-Тегінді әмірші етіп тағайындады. Бұл кезде Санжар сұлтанға қарсы оғыздар көтеріліске шығып, Селжұқ мемлекеті құлдырау кезеңін басынан кешірді. Оғыздар Санжар сұлтанды қолға түсіріп үш жыл қапаста (1153-1156) ұстады. Қызыл Арслан Атсыз оғыздарға қарсы 1156 жылы Қорасанға әскер кіргізіп, Санжар сұлтанды босатуын сұрағанмен, одан еш нәтиже шықпады. Өзі осы жорықта қайтыс болды. Бірақ, Селжұқ мемлекетінің күйреуімен, Хорезмшах мемлекеті толық тәуелсіздікке қол жеткізді.
Мұхан ИСАХАН,
дінтанушы, PhD доктор