Дәрет пен ғұсыл алу үшін судың дәмі, иісі, түсі өзгермеген болуы қажет. Мұндай суды таза әрі тазалаушы су деп атайды. Яғни ол су таза, әрі дәрет пен ғұсылға жарамды. Сондай-ақ, осындай суға хлор немесе темірдің тоты секілді нәрселер араласқанда да олар таза және тазалаушы қасиетін жоғалтпайды. Себебі, хлор да, темір тоты да табиғатынан таза нәрселер. Екеуі де нәжіс, яғни ластық емес.
Ал суға түскен темір секілді таза нәрсе су сипаттырының (дәмі, түсі, иісі) бірін немесе екеуін өзгертсе, алайда аққыштығын жоймаса және «су» атауынан басқа атауға өзгертпесе, су «таза және тазалаушы» үкімін жоғалтпайды. Сондай-ақ суға араласқан таза сұйықтық су құрамына басым әсерін тигізбесе, су «таза және тазалаушы» үкімінде қалады. Яғни мұндай сумен дәрет те, ғұсыл да алуға болады.