Шариғатта бүгінгі химиялық ем туралы айтылмаған, әрине. Алайда, ғалымдар мұндай заманауи мәселеге шариғи үкім шығару үшін соған ұқсас мәселенің үкімімен салыстырмалы пәтуа шығарады. Мысалы, химиялық емнің салдарынан төнетін қауіпті күйік шалған, ұзақ жатып қалудың әсерінен денесі бүлінген немесе жұқпалы аурыдан қайтыс болған мәйітті ғұсылдандырумен салыстыруға болады.
Егер, дəрігерлер химия қабылдаған адамның мәйітін жуу өзгелердің өміріне қауіпті десе, мәйітті барлық шариғат ережелері бойынша жуу шарт емес. Алысырақтан тұрып үстінен су құйып, ырымын жасаумен шектелген дұрыс. Ал егер мәйіттің денесі су құюға да жарамайтын қалыпта болса, онда топырақпен тайамум жасауға болады (Марақи әл-фалах кітабынан).
Алла Тағала адамға төніп тұрған қауіптен сақтану керектігін көптеген аятта айтқан. Мысалы: «Уа, иман келтірген жандар! Сақтықты ұмытпаңдар» (ән-Ниса сүресі, 71-аят), «Өз қолдарыңмен өздеріңді өлімге байламаңдар» (әл-Бақара сүресі, 195-аят), – делінген.
Қазақта «сақтанғанды Құдай сақтайды», «сақтықта қорлық жоқ» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан, Алладан пана тілеп, сақтанып жүргеніміз абзал.