Жауап: Шариғатта дәрет жарамды болу үшін дәрет алынатын суға да мән беріледі. Дәрет алынатын су нәжістенбеген, таза су болуы қажет. Ал қандай сулар таза суға жатады? Таза суға иісі, дәмі, түсі өзгермеген ағынды сулардың бәрі жатады. Тіпті оған нәжіс (яғни, адамның кіші-үлкен дәреті, адамның жыныс мүшесінен шығатын басқа сұйықтықтар, қан, арақ-шарап, ит және жыртқыш жануарлардың сілекейі, олардың зәрі және тезектері, қаз, үйрек, тауықтың саңғырықтары, т.б. ) араласқан болса да, жоғарыда айтылған үш қасиеті өзгермеген жағдайда, ағынды су таза болып есептеледі. Ал ақпайтын, яғни тоспа суларға келетін болсақ, олар шамамен 50 шаршы метрлік алаңға жайылған, тереңдігі кем дегенде бір қарыс шамасындағы кішігірім көлшік (шалшық, тоған) немесе сол көлемдегі хауыз болатын болса, онда олар да нәжіс араласқанымен ағын су секілді үш қасиетінің бірі жоғалмайынша таза су болып саналады. Ал осы көлемнен кішірек болса, онда нәжістің бір тамшысы араласса, үш қасиетінің өзгермегеніне қарамастан нәжістенген болып саналады. Сондықтан хауыз суына түскенде, оның дәрет үшін жарамды болуы үшін осы жақтарына мән беру керек. Егер түскен хауызыңыздың көлемі 50 шаршы метрге жетсе, онда көп қиыншылық туындай бермейді. Ең бастысы, түсі, дәмі, иісі өзгермесе болды. Ал кіші хауыздарда өте сақ болған абзал. Себебі даладағы хауыздардан ит келіп су ішетін болса немесе зәр араласқан, яки хауызға түскен адамдардың денесінде жуылмай қалып кеткен нәжіс болып, сол хауыздың суына араласатын болса, онда ол су дәрет үшін жарамсыз болады.