Бұл соғыстың нәтижесінде әзіреті Әли мен Мағауи мәселенің ақ-қарасына үкімді сот берсін деп шешкен еді. Осы кезде әзіреті Әлидің қарамағындағы кейбір қызу қанды мұсылмандар бұл шешімге наразы болды. Олардың пікірінше мәселеге нүктені адам емес, Алла беруі тиіс. Яғни, олар мәселені бейбіт мәмілемен емес, соғыспен анықтағысы келді. Бұл қызу қанды мұсылмандар әзіреті Әлиге бұл шешімінен бас тартуды талап етті. Соттың шешімінің негізінде ислам халифаты екіге бөлінгенда, әлгі топ та әзіреті Әлиден іргесін бөлді. Бұл топты мұсылмандар «харижилер» (бөлінушілер) деп атады. Харижилер әзіреті Әлиді күпірге кірді деп санады. Бұларға кейбір бәдәуи араб тайпалары қосылды. Олардың «Үкімді Алла берсін» деген ұранын жер-жерден қолдағандар болды. Сөйтіп, «харижилер» қысқа уақыттың ішінде үлкен күшке айналып, кешегі өздерінің әміршісі болған әзіреті Әлиге қарсы соғыс ашты. Әли болса, харижиттердің бүлігін басуға әскер шығарып, екі жақ «Нахраван» деген жерде соғысып, харижилер жеңіліске ұшырады. Алайда, 661 жылы әзіреті Әли харижи жансызының қолынан қаза тапты.
Харижилер ислам халифатындағы Құрайыштың үстемдігіне де қарсы болды. Харижилердің басым көпшілігі Рабия тайпасынан еді. Рабия тайпасы мен Құрайыш тайпасының арасында исламнан бұрын бақталастық бар еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у) исламдық реформасынан кейін, трайбалистік таным біршама тиылғанмен, омаядтардың кезінде қайта бой көрсетті. Омаядтар кезінде исламның дәуірлеуімен бірге Құрайыштың тасының өрге домалауы, Рабия тайпаларының қызғанышын тудырды. Харижи мәзһабында тайпалық бақталастық туралы ештеңе айтылмағанмен, олардың ұстанған теңдік принципінде, осы Құрайыштың үстемдігіне деген қарсылық бар болатын.
Харижилердің ішкі тәртібі қатал секілді көрінгенмен, оларда да әртүрлі көзқарастардың негізінде бөлінушіліктер орын алды. Дегенмен, Харижи мәзһабтарының өзіндік ортақ ұстанымдары болды. Олардың ортақ түсініктері мен ұстанымдарына тоқталар болсақ:
Біріншіден, харижи топтарының ең жақсы пікірлерінің бірі халиф сайлауының еркіндігін қалағандығы болатын. Олардың көзқарасы бойынша халифті тек ат төбеліндей аз ғана адам емес, бүкіл мұсылмандар дауыс беруі тиіс болды. Халиф әділ, шариғатты берік ұстанып, қателік пен жаңылысудан ұзақ болғанда ғана билік ете алады. Егер, тайқыған жағдайда, орнынан алынады.
Екіншіден, халифалық араб ұлтының ішіндегі бір әулетке ғана тиесілі емес. Құрайыш және араб емес әулеттен де шығуы шарт емес, халифа болуға әрбір мұсылман құқылы. Харижилердің бұл пікірінің сырына келер болсақ, халифа Құрайыштан болмаса, өзге ұлттан шыққан халиф шариғаттан ауытқыған жағдайда, оны орнынан алып тастау оңай болсын деген ниеттен туындады. Халифа Пайғамбарымыздың (с.а.у) ұрпағынан немесе Құрайыштан болмаса, оны қорғайтындар да дәрменсіз болады деген түсініктері болды. Олар осы түсініктің негізінде өз іштерінен Құрайыш емес саналатын Абдуллаһ б. Уахб әр-Расиді әмірші етіп сайлаған болатын.
Үшіншіден, харижилердің Нажадат тобының пікірінше адамдар қоғамдық қарым-қатынаста ынсапты болған болса, онда халиф сайлаудың да қажеті жоқ. Бірақ, адамдардың құқығы аяққа тапталатын болса, онда имам сайлаған дұрыс. Яғни, олардың түсінігінше имамға мойынсұну уәжіп емес, тек, қажеттілікке байланысты, қабыл еткен дұрыс.
Төртіншіден, харижилер күнә істегендерді кәпір деп санайды. Тіпті, күнә істемесе де, пікірінде қателік болса да кәпір саналады. Өйткені, қате пікір шындықты жоққа шығарады. Осы себептен, харижиттер Сиффин соғысындағы мәселеге үкімді сот берсін деген әзіреті Әлиді кәпір деген болатын. Харижиттер өздерінің түсініктеріне қайшы келетін пікір айтқан үшін әзіреті Талха мен әзіреті Зубайр және өзгеде сахабаларды кәпір деген еді.
Харижилер халифатқа қарсы ұдайы көтеріліс жасағанмен, жеңіліске ұшырауының сыры олардың ауызбіршілігінің жоқтығынан еді. Омаядтар кезінде харижилердің бүлігін басуға тағайындалған қолбасшы Мухалаф бин Әби Суфра харижиттердің өз арасындағы ымырасыздықты ұтымды пайдалана отырып, көтерілісті жаншыды. Оқиғаның барысына тоқталар болсақ, харижилердің әскерінің садақ оқтары улы еді. Осыдан халифат әскерінің көбі қырылды. Мухалаф харижи басшысы Катариге: «Оқтарың маған жетті. Саған жіберген мың дирхемді ал. Маған тағы да оқтар жібер» деп хат жазады. Хатты алған Катари «жебе жасаушы ұста астыртын халифат әскеріне оқтар берген» деген оймен күмәнданып, оны өлтіреді. Кейбір харижилер Катаридің бұл ісіне қарсы шығады. Мухалаф харижилердің арасына тағы да іріткі салу үшін бір христианды ақшаға сатып алып оған: «Сен Катариге барып, оған сәжде етесің» деп бұйырады. Әлгі христиан харижилерге барып бұны істегенде, олардың ішінен Катариге қарсы топтар пайда болған еді. Осындай, іштен іріту айла-шарғысымен Мухалаф харижиттерді жеңіліске ұшыратты. Сөйтіп, харижи қозғалысын жаныштады.
Мұхан ИСАХАН,
дінтанушы