Харам ақшаға мешіт салуға болады ма? Кезінде арақ зауыты болған кісі, тәубеге келіп мешіт салдырса, ол мешітте намаз оқуға болады ма?
Егер бір кісі шынымен де тәубеге келсе, Алла тағаланың кешірмейтін күнәсі жоқ. Сондықтан бірінші кезекте тәубесі қабыл болсын. Кезінде білместікпен жасаған шығар. Алла тағалам жүрегін ашып тәубе ету мүмкіндігін сыйлаған соң, ол бұрынғы жасағандарының бәрін тастап, өз дүние-мүлкін жақсылық жолында жұмсаймын десе оған ешқандай кедергі жоқ. Мұндай байлықты харам екен деп жоқ қылып жіберудің қоғамға ешқандай пайдасы жоқ. Өткенде де осыған ұқсас бір сұраққа жауап беру барысында харам жолмен келген ақшаны қоғамның игілігі үшін қолдануға болатындығына кең көлемді тоқталғандықтан ол дәлелдерді қайтадан қайталамай-ақ қояйық.
Негізі харам нәрселер «ли айниһи» және «ли ғайриһ» деп екіге бөлінеді. Ли айнихи деп болмысына байланысты харам етілген арақ, доңыз еті т.б. нәрселер аталса, ли ғайрихи санатына өз болмысынан харам емес, бірақ келу жолы арқылы харам етілген нәрселер жатады. Мысалы, ақша өзі адал нәрсе. Бірақ, ол ұрлық арқылы немесе ішімдік сату т.б. жолдар арқылы келсе харам болып саналады. Сондықтан ақшаның харамдығы тапқан адамға қатысты мәселе. Ал онымен сатып алынған материалдар таза болғандықтан ол мешітте намаз оқуға әбден болады. Сонымен қатар намаздың қабыл болу шарттарының ішінде «мешіттің адал ақшамен тұрғызылуы тиіс» деген шарт жоқ.