Сұраққа бірден жауап бермес бұрын мүрсәл хадис туралы қысқаша мәлімет бере кетейік. Мүрсәл хадис – хадис тізбегіндегі бір риуаятшысы (сахаба) түсіп қалған хадис. Мысалы, табиғиннің хадисті қай сахабадан алғанын айтпай, тікелей «Пайғамбарымыз былай деді» деп риуаят етуі. Бұл мысалда табиғин хадисті тікелей пайғамбарымыздың өз аузынан естігендей жеткізуін жеткізгенмен арадағы сахабаны аттап кеткен. Бұл жағдайда түсіп қалған риуаятшының хадис тізбегінің қай жерінде, риуаятшы рет санының қандай екені маңызды емес. Мүрсәл хадистің төрт түрі бар:
Мүрсәл сахаби: сахабалардың біреуі оқиғаға немесе қандай да бір жағдайға куә болған басқа бір сахабаның атын атамай ол өз көзімен оқиғаны көргендей етіп хадисті айтуы;
Мүрсәл табиғин: табиғиндердің біреуі сахабаның бір хадисін жеткізерде оның есімін ескерусіз қалдырып, хадисті өз атынан риуаят етуі;
Мүрсәл атбау табиғин – жоғарғы тізбектегі (табиғинді немесе сахабаны) риуятшының аты аталмай айтылған хадис;
Мүрсәл табиғин мен мүрсәлатбау табиғинді дәлел ретінде қолдануға болады. Өйткені, өзінен жоғарғы тізбектегі риуаятшы сенімді адам болғандықтан, тізбекте оның атын атамаған және риуят етуші сенімді адам.
Тәбәи табиғиндерден кейінгі ғалымдардың мүрсәл хадистері. Тәбәи табиғиндерден кейінгі біреуі хадис жеткізгенде оған жеткізген рауилердің біреуінің есімін немесе бірнешеуінің аттарын атамай, хадис тізбегінен «кемітіп» айтар болса, бұл хадис тәбәи табиғиндерден кейінгі ғалымдардың мүрсәл хадисі деп аталады. Бұл хадис тізбек жағынан «кем» соқса да хадисті риуаят етуші сенімді, ғалым кісі болғандықтан, хадисімен амал етуге әрі дәлел ретінде қабылдауға жарамды (әл-Асғади, әл-Мужаз, 216-б).
Мүрсәл хадистің дәлелге саналуы
Әбу Ханифада «мүрсәл» хадис егер қандай да бір сахаба Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі естімей, «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтты» деп риуаят етсе, бұл сахабаның мүрсалы болып саналады. Сол сияқты табиғин сахабаның есімін атамай хадисті тікелей Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтты деп риуаят етер болса, «Табиғин мурсалы» деп аталады.
Әділ әрі сенімді риуаятшы, хадис тізбегінен кейбір риуаятшыларды аттап, аттарын атамай, мүрсәл түрінде риуаят ете алады. Бұл жайында Әбу Ханифа: «Сахабалардың, табиғиндердің және тәбәи-табиғиндердің мүрсәлтүрінде риуаят еткен хадистерін қабылдауға болады», – деген (Әбу Захра, Әбу Ханифа, 265-б.).
Мысалы, Әбу Юсуф Әбу Ханифадан, Әбу Ханифа Зайд ибн Әбу Әнисадан, ол Мысырлық біреуден: «Бір күні Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір қолына жібек жіп, екінші қолына алтынды алып, бұлар үмбетімнің ер кісілеріне харам, әйелдеріне халал қылынды» деген хадисті келтірген (Әбу Юсуф, әл-Әсәр, 23-б.). Әбу Ханифаның риуаят еткен басқа да мүрсәл хадистері бар.
Әбу Ханифа мүрсәл хадисті сенімді және ұстанған жолы белгілі адамдардан алған. Әбу Ханифаның алдында сенімді, күмән тудырмайтын адамдар мыналар:
Ибраһим ән-Нәхәи – ұстазының ұстазы. Әбу Ханифа Ибраһим Нәхәидің фиқһынан риуаят ететін, кейде оған қарсы пікір айтып, кейде онымен келісетін. Қандай жағдай болса да оған сенімді тұлғалардың бірі еді. Оның риуаят еткен хадистеріне күмәнданбайтын.
Ирак уағызшысы – Хасан Басри. Ол да Ибраһим ән-Нәхәи секілді сенімді ғалым болған. Әбу Ханифа барлық мүрсәлхадистерді дәлел ретінде ала бермей, тек жеткізушісі сенімді деген хадистерді ғана қабылдаған.
Кейде табиғиндер бірнеше сахабадан риуаят етілген хадисті жеткізгендер, сахабаларды аттап кеткендіктерін ашық айтатын. Хасан Басри: «Егер бір хадисті төрт сахаба жеткізсе, мен ол хадисті мүрсәлтүрінде риуаят етемін» деген, яғни, хадисті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген деп, арадағы жеткізушінің атын атап, түсін түстеп жатпай-ақ, хадисті мүрсәл түрінде айта беретін болған. Бұл хадистің әлсіздігін білдірмейді, керісінше бір емес бірнеше сахаба риуаят еткендіктен әрі олардың есімдері елге кеңінен танымал болғандығынан аттарын атап жатуды басы артық әурешілік деп санағанын байқаймыз. Әбу Ханифа мүрсәлхадисті осылайша қабылдаған. Тағы бір айта кететін жайт, Әбу Ханифаның кітаптарында мүрсәлхадис пен ахад хадистің деңгейі бірдей.
Қорытындылай келе былай деуге болады, хадис пен сүннет Пайғамбарымыздан әр түрлі жолмен және сан қилы тізбекпен келіп жеткен. Хадис жеткізушілер арасында хадистеріне сенуге болатын рауилердің кездесуімен қатар, сенуге болмайтын рауилер де ұшырасады. Міне, осы жағдай үкім шығаруда хадис пен сүннетті іштей жіктеу қажеттігін тудырды.
Әбу Ханифа риуаятшылары әділдігімен танылған мүрсәл хадистерді дәлел ретінде ұстанған. Ал көпшілік хадис ғұламалары мүрсәлхадисті әлсіз деп, онымен амал етпеген. Осылайша, Әбу Ханифаға мурсал хадиспен амал қылды деп сенімсіздік білдіргендер болды. Әбу Ханифа өмірінде жалған айтпаған сенімді риуаятшының мүрсәлтүрінде жеткізген хадисін қабылдаған. Өйткені, хадис әлсіз болғанымен, риуаятшысы әділдігімен танымал ғалым болғандықтан, хадистің дұрыс болу ықтималдығы жоғары деп білген. Мүрсал хадисті тек қана Имам Ағзам емес Мәлік ибн Әнас, Ахмад ибн Ханбал да қабылдаған және имам әш-Шафиғи кейбір шарттар табылған жағдайда дәлелге саналады деген (Қосымша қараңыз: Қ. Құрманбаев, Хадис ілімі (тарихы және әдіснамасы), 252-255-б.)
Жалпылай алғанда хадистің сахих немесе әлсіз болу мәселесі ижтихадқа қатыыты жағдай болғандықтан кейбір ғалымдар сахих деген хадисті өзге ғалымдар әлсізге жатқызады. Сондықтан кейбір хадисшілердің белгілеген ұстанымдарын алға тарта отырып, Имам Ағзамды әлсіз хадистерді дәлелге алған деп сынаудың орынсыз екенін хадисшілердің ұстанымдарынан да байқауға болады. Мысалы Имам Суюти мынадай хадистерді сахих деп санаған:
- Ғұлама-ғалымдар қабылдаған хадистер. Тізбектері сахих болмаса да мұндай хадистер сахих ретінде қабылданады;
- Хадис имамдары арасында мәшһүр, яғни кең таралып олардың қарсылығына ұшырамаса;
- Құрандағы бір аятқа немесе шариғат негіздерінің кейбіріне сәйкес келген және тізбегінде өтірікші рауи кездеспейтін хадистер. Жалпылай алғанда фақиһтар хадистің сахихтігін осылайша белгілеген (Суюти. Тәдрибур-рауи фи шәрхи тақриби ән-Науауи 1-т., 67-68-б.).
Тирмизидің айтуы бойынша Имам Бұхари теңіз суы жайлы «суы – таза, өлексесі – адал» деген хадисті хадисшілердің иснад тұрғысынан сахих емес деп санауларына қарамастан сахих деп қабылдаған. Имам Бұхари бұған: «Менің ойымша хадис – сахих. Өйткені оны ғұламалар қабылдаған»,– деп уәж айтқан екен. Ибн Хажар әл-Асқалани осыған қатысты: «Қабылданатын хадистің ерекшеліктерінің бірі – ғалымдардың ол хадисті қабыл етіп, басшылыққа алулары. Мұндай хадис қабылданады, тіпті оны жетекшілікке алу міндет болады. Усул имамдарының көпшілігі осылай деп қабылдаған»,– деген. « Мұрагер үшін өсиет керек емес» деген хадис жайлы Имам әш-Шафиғи: «Бұл хадисшілер тарапынан нақты келмеген. Алайда ғалымдардың көпшілігі осыны қабылдап, қажетінше дәлелге санаған..»,– деген.
Қорытындылар болсақ, ғалымдардың әлсіз, тіпті тізбегі болмаған күннің өзінде кейбір хадистерді қабылдап, оны жетекшілікке алулары хадистің сахих болуы үшін жеткілікті саналған. Олай болса ең алдыңғы буын ғұламалардың ғұламасы, мужтахид имам Әбу Ханифаның кейбір хадистерді жетекшілікке алуы ешқандай күмән тудырмауы қажет (И. Хаккы Үнал. İmam Ebu Hanifenin Hadis Anlayışı ve Hanefi Mezhebinin Hadis Metodu, 204-505-б.).