Құранды жақсы көрген адам әлемді де, әлем туралы ғылымды да жақсы көруі керек. Өйткені “әлем” – үлкен Құран. Ғылым – ол құдайдың заңдылықтары. Сондықтан, шынайы діндар адам ғылым мен дамуға қарсы келмейді, егер ғылым-білімге, өркендеуге қарсы келетін болса ол шын мәнінде исламның мәнін түсінбеген адам. Сондықтан балаларымыздың діндар болуын қамтамасыз етпей тұрып, білімді, парасатты болуын қадағалауымыз керек.
Данышпан Абай: «Білімсіз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына жүрмейді десе, Мұхаммед пайғамбар: «Наданның (нәпіл) құлшылығынан ғалымның ұйқысы артық» немесе білімсіз құлшылық еткен адам диірменді айналдырған есек сияқты деген теңеулер жасаған. Бұл да ғылым мен білімнің маңыздылығын көрсетеді.
Ислам діні пайда болғаннан бері 14 ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл әлемдік дін деңгейіне көтірлген ислам үшін көп уақыт болмаса керек. Дегенмен, ислам діні осы уақыт арасында әлемдік өркениет пен мәдениетке ауқымды үлес қосты. Оған исламның өзінде жатқан ғылымға деген көзқарасы ықпал етті деуге болады. Исламның ғылым мен білімге үндеуі сол кездегі адамдар үшін өте үлкен жаңалық болғандығы шындық. Осы ғылым мен білімге байланысты пайғамбардың көптеген хадистері бар. Мәселен, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) бір хадисінде: «Білім алу әрбір мұсылман ер-әйелге парыз» немес «Қытайда болса да барып білім алыңдар» не болмаса «Хикмет-мұсылманның жоғалтқан малы, қай жерден тапса сол жерден алады» деген мағынадағы хадистердің өзі исламның білім-ғылым туралы ұстанымын түсінуге жеткілікті. Осы қағидатты ұстанған мұсылман әлеміннен әлемдік деңгейдегі ғалымдар шықты.
Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына Батыстың қосқан үлесі қанша болса, Батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуіне мұсылман ғалымдардың қосқан үлесі де өте зор. К.В. Бодлейдің айтқанындай, қазіргі Батыс мәдениеті ренесансқа, ренесанс өз кезегінде исламға қарыздар [1].
Осындай әлемдік деңгейдегі ғалымдарды тәрбиелеген, орта ғасырларда барлық дүниеге үлгі болған ислам әлемі қазіргі кезде неге артта қалып отыр деген сұраққа әртүрлі жауап беруге болады. Оның себебін исламның ішінен іздеушілер де бар. Мәселен, исламдағы «тағдыр» түсінігі туралы сөз болғанда осы исламның артта қалуының бір себебі ретінде айтылып қалады. Яғни, мұсылмандар құдайдың тағыдырына сеніп, еңбек етпей, артта қалып қойды дегісі келеді. Осы тағдыр жөнінде біздің халқымыздың арасында да не бір мақалдар пайда болған. Мәселен, «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» деген мақалдың астарында еңбектенбесең де, Алла беремін десе береді. Болмаса араб халқының «Саған бұйырған нәрсе таудың астында болса да сенікі» деген сияқты түсініктер осы тағдыр түсінігінің мұсылман халықтардың арасындағы көрінісі деуге болады.
Бірақ, ислам әлемін фатализм пікірі жаулап алғандығы шындық. Фатализм пікірінің жаулағандығы соншалық адам егер қандай да бір істе өзіне бір пайда беретін болса ол құдайдың тағдырына қарсы келгені болып саналған.
Кезінде бүкіл әлемді мойындатқан мұсылмандардың тең жартысы сауатсыз көрінеді. Кейбір елдердегі сауатсыздық деңгейі алаңдатады: мәселен, 2008 жылғы деректер бойынша ересек әйелдердің Алжирде 34%, Бангладеште 52%, Мысырда 40%, Мароккода 58%, Пәкістан мен Йеменде 60%, Түркияда 20% адамдар сауатсыз [2].
Дегенмен, бұл «Ислам әлемі енді құрдымға кетті. Баяғы өркениет пен ғылым енді келмейді» деген сөз емес. Осы орайда ислам елдерінің дамуы кімге пайдалы деген сұрақ туындайды. Соңғы кездері исламға тағылып жүрген кінә, экстремизм және терроризм жоспарлары кімдерге қызмет етіп отыр дегенді ойланатын болсақ, мұсылман елдерінде туындап отырған түйткілді мәселелерге алдымен мұсылмандардың өздері себепкер, дегенмен дамыған елдердің көзқарасынан да оң қадам байқалмайды.
Сондықтан, көптеген мұсылман ғалымдар осы мәселелер төңірегінде пікір айтқан. Мұсылмандардың оянатын, алға қарай қадам басатын, әлемдік өркениет көшіне еретін кезі келді деп санаймыз. Ол үшін білім мен технологияға бет бұру керек. Бұл мәселе бүгін ғана қозғалып отырған дүние емес. Қаншама ғалымдар бұл дағдарыстан құтылудың себептерін қарастырып, ең басты себебі ретінде жалқаулықты, орынсыз тәуекел етуді атап көрсеткен.
Шибили Нұғмани мәселеге қоғамдық тұрғыдан қарап, ислам бойынша адамзаттың дамуы, құлдырауы қайтадан өрлеуі не болмаса құрып кетуі адамдардың өздерінің еңбегі мен қажыр-қайратына байланысты болғандығын айтады. Өйткені, дін мен дүниенің бақыты сол адамның еңбегіне келіп тіреледі. Құранда: «Адам баласы тек еткен еңбегінің ғана жемісін көреді» [3, 526 б.]
Бұл жөнінде хәкім Абай да: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дейді.
Астанада өткен VII Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығы мұсылман үмбеті үшін ауыр сынақтармен басталды. Әлемдік қаржы дағдарысы, азық-түлік импортына тәуелділік, жастар мәселесі және басқа да түйткілді жайттар Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелең туғызды. Тунис пен Мысырдағы саяси режімнің ауысуы, Ливия ұшыраған гуманитарлық зауал жүздеген мың босқындардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдерінің көштің соңында қалуы анық байқалды. Бір жарым миллиардқа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр», – деді өз сөзінде.
Ислам дін ретінде ешқандай дағдарысқа түспейді. Бұл – қазіргі дүниедегі ең қарқынды тарап келе жатқан дін. Елбасы Н.Назарбаев әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі өзінің экономика саласындағы әлеуетіне мүлдем сай келмейтінін атап көрсетті.
Ал қазіргі әлемде даму мен өркениеттіліктің талаптары басқаша есептеледі. Сондықтан, діндар болу бір басқа ал өлкениет көшіне еру басқа мәселе деп қарастырмаған дұрыс. Оған ИКҰ-ның есептеріндегі көрсеткіштер дәлел. Мәселен, Ғылыми белсенділік, белді басылымдарда шыққан мақалалар, зерттеу және дамыту, жоғары технология, әл-ауқаттылық, бәсекеге қабілеттілік индекстерінде бірде-бір мұсылман елі жоғары сатыдан көріне алмай отыр [4].
Қорыта келгенде, қазірде дінді желеу етіп білімнен, мемлекеттік қызметтен, отан қорғаудан бас тартып немес салғырт қарап жатқан азаматтар шығып жатыр. Бұл, дінді дұрыс түсінбеуден не біреулердің арандатушылығымен болып жатқан іс деп санаймын. Бұл жағына мемлекеттің қойған заңдары мен талаптары толық орындалуы тиіс. Әлі буыны бекімеген, көзқарасы қалыптаспаған жеткіншектерді дінге, идеологияға араластыру дұрыс емес. Екіншіден, елдің заңы азаматтарға ортақ. Сондықтан, ортақ талаптарды ұстану белгілі бір сенім өлілдеріне жасалған қыспақ болып табылмайды. Құранда халықтың өзгеруіне қатысты: «Шынында, Алла ешбір қоғамды олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді» деп бұйырылады («Рағд» сүресі, 13/11). Олай болса, алдымен білім, екіншіден еңбек жеке адам үшін де, мемлекет үшін де дамудың даңғыл жолы болып табылады.
Кеңшілік ТЫШХАН,
дінтанушы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. М. Уотт, Влияние Ислама на средневековую Европу, иное положение в мусулманском мире, Шапағат-нұр, 11/ 2001. – 36-37 бб.
2. http://www.sesric.org/baseind_5.php3. Кәнған М. Тәфсиру Жәләләйн. – Бәйрут, 1411 х. – 685 с.
4.