Имам Мәлік және басқа да хадисші фиқһ ғалымдары рай мен қиястан мейлінше ұзақ тұрғанымен, кейбір жағдайда (Құран, сүннет, ижмадан сүзіп алынған) жалпы қағидаға қайшы келген кейбір хадистерді қабылдамаған. Имам әш-Шатиби өзінің «Муафақатында»: «Айша, ибн Аббас, Омар ибн Хаттаб секілді мүжтәхидтер ислам негіздерінен саналған жалпы қағидаға қайшы келген кейбір хадистерді қабылдамаған. Өйткені, мұндай хадистің жалпы қағидаға қайшы келу себебін оның Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барып тірелетіндігіне күмәнмен қарағандықтан немесе үкімінің күші жойылған деген пікірмен байланыстырады. Имам Мәлік те осы негізге сүйенген.
Мысалы, Әбу Хұрайра Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) риуаят еткен «Ыдыстарыңызды ит жаласа, онда оның тазалылығы ыдысты жеті мәрте жуу, әрі алдымен топырақпен ысу арқылы жүзеге асады», – деген хадиспен Әбу Ханифа амал етпеген және Имам Мәлік бұл хадисті сынға салған. Ит жалаған ыдысты жеті мәрте жуу жайында Имам Мәлік былай деген: «Хадис бар, бірақ, жеті рет жуу себебі белгісіз. Ит ұстаған аңның етін азық етеміз, олай болса, неге сілекейін нәжіс санаймыз? Сондай-ақ, хадисті жеткізген Әбу Хұрайраның ит жалаған ыдысты жеті мәрте емес, үш мәрте жуғандығы жайлы нақты риуаят бар. Бұл арада Әбу Хұрайра риуаят еткен хадиске қайшы амал қылғанын көреміз. Яғни, Әбу Хұрайра өзі риуаят еткен хадистің үкімі жойылғандықтан, басқаша амал еткен. Сондықтан, сөзі емес, әрекеті қаперге алынады және Имам Мәлік ит жалаған ыдысты тазалау жайында айтқаннан кейін: «Бұл хадиспен амал қылынбайды, өйткені, ол жалпы ережеге томпақ келіп тұр. Ол Құран кәрімдегі «Олардың аулағандарын жеңдер» деген аят» дейді.
Мадина халқының мұжтахид ғалымы Имам Мәлік кейбір ахад хадистерді өзінің жалпы қағидасына қайшы келгендіктен алмаған. Бір мысалында «Кімде-кім оразасын өтемей қайтыс болса, ол үшін баласы ораза тұтады» деген Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадисін «ауыртпалық тудырмау» қағидасына сүйене отырып алмаған . Сонымен қатар, Айша (р.а) «Туыстары жыласа, өлі азапталады» деген хадисті дәлелге санамады. Өйткені, бұл хадис мына «Біреу біреудің күнәсінен сұралмайды» , «Әркім өз істегенінің ғана нәтижесін көреді» деген Құран аяттарынан шығарылған жалпы қағидаға қиғаш келеді.
Негіздердің (асылдардың) дәлелдігі нақты, ал ахад хабарлардың дәлелдігі күмәнді, сондықтан Имам Шатиби умуми (негізгі, жалпы) асылдарға (Құран аяты мен нақты хадистен алынған жалпы қағидаға) қайшы келген ахад хадистерді алып, алмау жа-йында имамдардың түрлі көзқарастарын бере келе, былай деген: «Ибн Араби: «Ахад хадис шариғат қағидаларынан саналған бір асылға қайшы келсе, онымен амал қылуға рұқсат па? Имам Шафиғи «рұқсат» десе, ал Имам Мәлік таңдауда күмәнданған. Имам Мәліктің мына сөзіне де назар аудару керек: «Егер бұл хадис белгілі бір шариғи ережеге тура келсе, ол хадиспен амал жасауға рұқсат етіледі. Ал шариғи ережелердің бірде-біреуіне тура келмесе, аталмыш хадиспен амал қылынбайды». Осы тұста имам Мәліктің ит жалаған ыдысты тазалауға қатысты көзқарасын айта келіп, былай дейді: «Өйткені, бұл хадис екі негізге қайшы. Біреуі «Олардың аулағанын жеңдер» деген аят, ал екіншісі «Тазалықтың негізгі себебі, тірі болуда». Тірі ағза таза саналады. Ит өз кезегінде тірі.. Арая, яғни құрғақ құрма мен ағашта тұрған құрмаларды айырбастауға қатысты хадис риба (өсім пайызы) қағидасына қайшы келгенімен, ол әдет-ғұрыпқа сай. Арая хадисінің негізгі мәні мынада: Мысалы, Зәйд ибн Сәбиттен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кепкен құрманы ағаш бұтағында жеміс салып тұрған құрмаға айырбастауға рұқсат берген. Олардың мөлшері жобамен белгіленеді. Жобамен белгіленген мөлшерде біреуі артық, екіншісі кем түсетіні белгілі, яғни екеуінің тең мөлшерде айырбасталуы өте сирек жағдайда ғана жүзеге асатындықтан пайыз (риба) қосылу күмәні бар. Бірақ, мұндай күмәні болып, фиқһтағы негізгі қағидаға қайшы келсе де, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл хадисін Әбу Ханифа дәлел ретінде алған және сауданың бұл түріне рұқсат берген. Кей отбасы кепкен құрмадан таршылық көрмесе де, кептірілмеген құрма емге табылмаса, айырбастау айып саналмайды. Ал салт-дәстүр бойынша бұл қажеттіліктен туған қалыпты жағдай болып есептеледі. Сондықтан, аталмыш хадис бойынша сауданың бұл түрі елдің тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бір бөлігіне айналып кеткендіктен, «жеңіл келу» қағидасына орай дәлелге саналған .
Тағы бір мысал, Ирак елінің ғұламалары «Мұсаррат» хадисін қабылдамады. Негізгі қағидаларға қайшы келгендіктен, имам Мәлік те бұл хадисті алмаған. Өйткені, Исламдағы компенсация (шығынның құнын төлеу) қағидасына қайшы. Мәселен, біреу басқа біреудің қандай да бір затын жұмсап немесе қолданып қойса, оның орнын толтыру үшін соған ұқсас бұйымды тауып беруі тиіс немесе оның толық құнын төлейді. Ал аталмыш қағида бойынша, яғни, өзге біреудің өңешінен өтіп кеткен азық немесе өзге біреудің бұйымының орнын басқа нәрсемен толтыруға тыйым салынады» .
Мұсаррат Әбу Хұрайраның Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Түйе мен қойды қайткен күнде де өткізуді көздеп, сүтті етіп көрсету үшін айлаға барып, оны әдейі саумай желіні жер сызған кезде сатуы дұрыс емес» хадисіне қатысты. Алданып, осындай бір малды сатып алған біреу оның сүтінің аз екендігін бір сауғаннан кейін байқаса, оның таңдау құқығы бар, қаласа, ол малды қайтарып береді және сауып алған сүті үшін үстіне бір уыс құрма беруі тиіс» деген пәтуа шықты. Аталмыш хадистің мағынасы жоғарыда айтылған орнын толтыру қағидасына қайшы келгендіктен, фиқһ ғұламалары хадисті алмаған және оны әлсіз деп тапқан.
Риуаятшыларға байланысты хадистің үкімі ғұламалар тарапынан сахих немесе әлсіз болып өзгеруі мүмкін. Мысалы: Әбу Ханифа әлде бір риуаятшыны әділ әрі сенімді деп білсе, екінші біреу оны әлсіз деп тануы мүмкін. Негізінде, Әбу Ханифа хадис алған ұстаздарын басқалардан артық танып-білген. Әбу Ханифа мен сахабалардың арасын ары кетсе риуаятшылардың екі ұрпағы ғана бөліп тұр. Буын алмасу кезеңі жақын әрі оларды жан-жақты танып, қалағанын сұрап біле алатын болғандықтан, хадистерге сын көзбен қарау оған көп қиындық тудырған жоқ. Ал Хижаз бен Шам елдеріндегі риуаятшыларды танымағандықтан, олар жайында тіс жармайтын. Олардың риуаяттарын кейбір шәкірттері сахих десе, оны Әбу Ханифа әлсіз деп танитын кездер де болған. Кейде Әбу Ханифаның сахих дегенін олар да дайф (әлсіз) деп пікір түйген.
Мүжтәхид ғалым қандай да бір себеппен сахих хадис бойынша амал етпей басқа, одан да әлсіз хадиспен әрекет етуі мүмкін. Оның себептері түрліше, мысалы, хадисте айтылған үкімінің өз күшін жоюы, риуаятшысының сенімсіз адам болуы, хадис тек бір мәселеге қатысты айтылып, жалпыға қатысы болмауы немесе дәлел жағынан одан да күшті хадис табылып, жалқы мән иеленсе, сонымен амал етуі және, т.б. себептерге байланысты сипат алды. Екінші бір нақты дәлел табылып жатса, онымен амал етпейтін иманды адам жолықтыру екіталай. Мысалы, Ләйс ибн Сағыд: «Имам Мәліктің өзі жазған «Муатта» еңбегіндегі риуаят етілген хадистердің жетпіске жуығына амал етпеген» – деп, әлгі хадистерді атап шыққан . Демек, Имам Мәлік те біз жоғарыда сөз еткен амал бойынша әрекет ететін.
Бұл мысалдардан түсінетініміз, тек Имам Ағзам ғана емес, жалпы фиқһ ғалымдары өздерінің Құран мен мәшһүр хадистерге сүйене отырып, шығарған қағидалары негізінде Исламның жалпы қағидаларына қайшы келген кейбір хадистерге күмәнмен қарап, әлсіз деп санаған.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы,
исламтанушы