-Алатын кезде – алға озып, беретін кезде – артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке тізіп санайтын адамнан аулақ жүр. Ондай адамнан құтылудың өзі – үлкен олжа.
-Адам өмірге, мынау жарық дүниеге жылап келеді, ал ата-ана, туған-туыс айналасы шат-шадыман қуанады. Кетеріңде өзгелер жылап, өзің ризашылықпен қуанып кететіндей істе…
-Жақсы адамның жақсылығын айтқын, мейірленсін. Бірақ жағымпазданып, өтірік мақтама! Нашар адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа!
– Біреуді өсектеп келген адамға сенбе, басқаға сені өсектейтініне сене бер.
– Өзіңді сыйлайтын жерге қайта-қайта жылтыңдап бара берме, қадірің кетеді.
– Құрмет ету мен құлдық ұрудың аражігін ажыратуды үйрен. Жүректен шығатын мақтау бар, артында есеп тұрған ауыздан шығатын жағымпаздық бар.
-Өзгені «беске» білуге тырысқанша, өзіңді «үштікке» білуге күш салсаң, олжалы болғаның.
(Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан алынды)