Уаила ибн Асқағ (р.а.) тұрған жерде бір кісі түйесін үш жүз дирхамға сатады. Уаила аңдамай тұрғанда, сатып алушы түйені алып жүріп кетеді. Мұны байқаған Уаила оның артынан жүгіріп:
– Әй, бауырым! Сен түйені сою үшін алдың ба, әлде мініске ме? – деп айқайлайды. Ол:
– Мініске алдым, – дейді.
– Мен ол түйенің табанында жара бар екенін көрдім. Ол ұзақ жүріске жарамайды, – дейді Уаила. Әлгі кісі сатушыға қайта келіп, түйесін қайтарып береді. Соңында сатушы жүз дирхам түсіп, түйені екі жүз дирхамға береді. Сосын Уаилаға:
– Алла саған рахым етсін! Менің саудамды бұздың ғой, – дейді. Уаила:
– Біз Алла елшісіне барлық мұсылманға адалдық көрсетуге серт бергенбіз. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамға тауарының кемшілігін айтпай сауда жасауы халал болмайды. Оны біліп тұрған адам үшін айтпау да халал болмайды» дегенін естігенмін, – деп жауап береді.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ