Қазақтың тұлғасы күрделі сөзінің бірі – «кемпірқосақ». Аспанда жаңбырдан кейін пайда болатын доға тәріздес түрлі-түсті жолақтар құбылысы біздің тілімізде неге бұлай айдарланды, оған «кемпір» мен «қосақтың» не қатысы бар, бір рет болса да ой жіберіп көрдіңіз бе?
Рас, бір қарағанда мұнда бір көне аңыз-әфсана я мифтік түсініктің құлағы қылтиып көрініп тұрғандай болады. Әйтпесе, көк жүзінде кемпірдің несі қалыпты дейсіз?!
Халық аңызының біріне қарағанда, аспанда тұратын қазақтардың арасында өте бай кемпір бар екен. Кемпірқосақ – сол бай кемпірдің қосағындағы әртүсті қойлары-мыс. Сол кемпір қойларын ылғи да жауыннан кейін сауатын көрінеді. Тағы біреуінің уәждемесіне үңілсек, кемпірқосақ – кемпірдің қосағы. Қойды екі жағынан жіптің ілгегіне, жерге байлап қойған. Қосақ – түрлі-түсті қой, жаңбыр жауған соң, кемпір оны аямай сауады (Ш. Уәлиханов «Таңдамалы»).
Немесе мынаған назар аударайық:
Бейне жер бетіндегі қазақ қауымы сияқты аспандағы адамдар да малын бағып, қойын сауып, көшіп, қонып жүреді. Жаңбыр жауып, ашылған кезде көктегі елдің кемпірлері де қойларын қосақтап, сауып отырады. Соның үшін ол «кемпірқосақ» деп аталған («Бабалар сөзі» жүзтомдығы. 78-том).
Ғажап ертегілер-ақ. Бала кезімізде талайымыз осыған ұқсас лепесті ата-әжелерімізден естіген де, тіптен, оларға нанған да шығармыз, кім білген?! Бір қосағы кем, яғни доғалы түстердегі үш жұп, біреуі дара болғаннан да «кем бір қосақ» аталған дегенді де құлағы шалғандар бар шығар.
Қалай десе де, аталған сөздің шығуын осылардың қайсысымен болсын жаба салсақ та болатындай. Әйбат уәждемелер емес пе? Бірақ, бәрі біз ойлағандай оп-оңай емес екен. Оның артында тағы да арабы-парсылық, былайша айтқанда исламдық рухани ықпал дәуірінен қалған тіл өрнегі жатқан болып шықты және бұл сөзіміз Ә. Нұрмағамбетов сынды ғалымның ғылыми тұжырымдарына негізделіп тұр.
Оның филология ғылымдарының докторы Ә. Ибатов пікір жазған, 1994 жылы Алматыда жарық көрген «Бес жүз бес сөз» атты кітабында да «кемпірқосақ» сөзінің этимологиясы мәселесі қозғалған.
Ғалым бұл туралы: «Сөз мағынасы кез келген қазаққа түсінікті. Ал сөз төркіні қайдан шықты деген мәселеге келсек, бұл жөнінде бірен-саран автордың аңызға сүйенген тұспал, долбарын ғана кездестірдік.
Мысалы, 1918 жылы Б. А. Куфтиннің ел арасынан жинап, бастырған аңыз, ертегісі. Автордың ойынша, мыстан кемпір аспанда, жаңбырдан кейін өзінің түрлі-түсті қойларын қосақтап саууының нәтижесінде табиғат құбылысының бір атауы келіп шыққан. Ғылымда бұл сияқты жорамалды «халықтық этимология» дейді. Оның дұрысынан бұрысы молырақ болатындықтан, таза тілдік деректерге сүйенген жөн», – деп, «кемпірдің қосағы» туралы барша аңыз-әңгімелерді жоққа шығарған.
Ә. Нұрмағамбетовтың жазуынша, арабша-орысша сөздікте «кузах» – әшекейлеу, безендіру сияқты мағына меншіктенсе, ал «кус кузах» – біздегі «кемпірқосақ» дегенді ұғындырады. Араб тіліндегі «қус кузах» тіркесінің алғашқы сыңары – «қустың» мағынасы — «иілген» немесе «доға сияқты» мағыналар береді. Демек, бұл тілдегі «кус кузах» тіркесін қазақ тіліне сөзбе-сөз аударсақ «әшекейлі доға» болмақ.
КЕРЕК ДЕРЕК: Физика әлемі: пәндік-анықтамалық энциклопедиясынан…
Кемпірқосақ – атмосферада түрлі түсті бір немесе бірнеше доға түрінде аспан күмбезінде жаңбыр пердесінің бүркеуінде, күнге қарама-қарсы тұста пайда болатын оптикалық құбылыс. Ол көбінесе аспан күмбезінің бір жағында жаңбыр жауып, ал қарама-қарсы жағы ашық болып, күн көзі жарқырап тұрған кезде байқалады.
Алайда, бұл «айсбергтің» тек беткі жағы екен. Бұдан әрі ғалым осы біріккен сөз төркінін анықтауға боларлық тағы бірнеше мәліметтер келтіріп, өз пайымдарын былай деп дәйектейді:
«Арабша «қус» сөзі «садақ» мағынасына да ие. Жалпы алғанда, иілген заттарға осы сөз қолданылатындығы байқалады. Тіліміздегі «кемпірқосақ» сөзінің соңғы сыңары (қосақ) қайдан пайда болғандығы дау тудырмаса керек. Араб тіліндегі «кузах» – бізге ауысқанда «қосақ» қалпына дейін өзгерген».
«Бақсам, бақа екен» демекші, бұл орайда биыл жарық көрген Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігінде (Құрастырғандар: Ш. Құрманбайұлы, С. Исақова, Б. Мизамхан және т.б. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры) мынадай да қызықты мәлімет келтірілгенін айта кеткен жөн:
«Араб мифологиясы бойынша жарықтың құдайы Қузах күннің шығуына қарсы болған түнекпен шайқастан соң, садағын аспанға іліп кеткен екен. Осыдан кейін жаңбырдан соң шығатын түрлі-түсті құбылыс «қаус Қузах» деп аталған».
Мұны Ә. Нұрмағамбетовтың уақытында білген-білмегенін білмейміз. Алайда, ол зерттеуінде: «Енді осы өзгерген «қосақ» сөзінің алдына «кемпір» қалайша киліккен. Шын мәнісінде, қазіргі біз қолданып жүрген «кемпір» мағынасындағы сөз бе?» деп сауал қояды да: «Біздің ойымызша, оның қазіргі «кемпірге» үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сияқты. Мысалы, иран тілінде әрбір иіліп жасалған зат атауының түбірі – кем, кеман – садақ; кемер – 1. белбеу; 2. күмбез т.б. Иран тіліндегі «күмбез» мағынасын беретін «кемер» араб тілінің «кузах» сөзінің алдында тұрып, тіркес құрып, сол күйінде («кемер кузах») қазақтарға ауысып, дыбыстық өзгерістерге ұшырай отырып, «кемпірқосақ» қалпына дейін жеткен. Сөйтіп, кемпірқосақтың нағыз қазақша мағынасы – «әшекейлі күмбез». Бұл жерде сөздердің орын ауыстыруы да болған (кемер//кемпір – күмбез, қосақ – әшекейлі)», – деп түйіндеген.
Түйін орнына…
Сонымен, «кемпірқосақ» сөзіне «сауыншы» кемпірдің де, «ұзын арқанмен мойындарынан тіркеп байлаған қой-ешкілер тобын» білдіретін қосақтың да (әрине, тура мағынасында) қатысы жоқ болып шықты. Бұл жағынан тіл ғалымымен біргеміз. Артық-кемі жоқ, парсы мен арабтан енген сөздер бірігіп жасаған мағынасы әнтек «туынды сөз» деуге болады. Сөз болғанда да қандай сөз десеңізші! Қазақ тілі жүйесіне еніп, сіңісіп, түркінің шапанын жамылып, Ұлы даланың аптабына күйіп, қоңыр тартып, етенелесіп кеткені сондай, «туған ата-анасы» танымастай болып өзгерген-дүр.
ЕСКЕРТЕ КЕТЕЙІК: «КЕМПІРҚОСАҚ» СӨЗІ «ӘШЕКЕЙЛІ КҮМБЕЗ» ДЕГЕНДІ БІЛДІРЕДІ. АЛ ІЛКІ ФОРМАСЫ – «КЕМЕРҚОСАҚ».
КЕРЕК ДЕРЕК:
Жазушы Абай Мауқараұлы «Ғашығым – қайыршы, қайыршым – ғашығым» шығармасында «кемерқосақ» нұсқасын қолданған. Шыққан ортасы баянөлгейлік қандасымыз мұны өз аймағындағы қандай да бір жергілікті үлгіге сүйеніп жазды ма, болмаса, ізденіп білгені ме, бұл жағы беймәлім:
«Ес біле өзен жағасында ойнайтын, сонда қуанып күлгені де, қорқып жылағаны да судың сарқырымен бірге ағып кете беретіндей елестейтін… Сар-сар дыбысы, гүр-гүр үні өзі ғана түсінетін таусылмайтын кеңестер айтатын… Тасқа соғылғандағы бұрқыраған су тамшыларынан көрінген түрлі-түсті кемерқосақ та өзін қуантатын, өзін уататын тірі бейне секілді сезілетін, өзімен бірге ойнайтын, армандайтын…».
Қосымша: «Кемпірқосақ» ұғымының ұлт мәдениетіндегі көрінісінен бір үзік:
Ұлтымыздың кесте тігу өнерінде рет-ретімен орналасатын түрлі-түсті бірнеше жолақтан тұратын ою-өрнектің түрі «кемпірқосақ» деп аталады. Бұдан бөлек, қазақ үшін табиғаттың осынау ғажап құбылысы ай нұры әсерінен пайда болатын сәуле ойынына да телініп, оны ықылымнан «ай кемпірқосақ» деп атап келіпті. Бірақ, бұл енді таза физика. Мысалы, кемпірқосақты күн ашық кезде субұрқақтарынан да байқауға болатыны шындық қой. Ол үшін суға күн жақтан, яғни жотаңызды күн сәулесі түсіп тұрған жаққа қаратып қарау керек.
Қазақ тілінің бір томдық түсіндірме сөздігін індетіп кеп берсек, «қос кемпірқосақ» деген де бар дейді. Бұл енді негізгі кемпірқосақтан басқа онымен қабаттас байқалатын екінші кемпірқосақтың белгісін білдіреді.
«Белгі» дегеннен шығады, халқымыздың танымында «Түсіңде кемпірқосақ көрсең – ұнамды хабар естірсің» деген де сенім барлығын атап өткен дұрыс. Яғни символдық мәні жақсы. Ал ырым бойынша қысты күні кемпірқосақ көрінсе, жыл құтты, ел тыныш, мал төлді, өнім мол, тіршілік жайдары болады деген сөз.
Ол туралы бабаларымыздың шешендік толғаммен айтқаны да көп. Мысалы, Қазыбек би: «Күн күркіреп жауғанда, ел дүрлігіп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркірі шақырым жерден жететін. Кемпірқосақ құрылып, аспан мен жерді табыстырып кететін. Доғаланған иіні шақырымдай-ақ күншілік жер ғана» деген екен.
P.S. Кемпірқосақтың алғаш пайда болуы туралы түркі-қазақ қисса-әфсанасы бүй дейді:
Нұхтың кемесі Қазығұртқа тоқтаған соң, бүкіл жанды мақұлық сыртқа шығып, көңілдері жайланды. Пайғамбар үш ұлымен бірге жерге қазық ұрып, жаңа қоныстың іргесін қалап жатқан. Бір кезде жаңбыр жауып кетті. Нұх Пайғамбар «Топан су тағы басталып кете ме?» деп қорқып кетіп, Тәңірге жалбарынды. Сол сәтте Құдай тағаладан әуез келіп:
– Ей, Нұх, басыңдағы сәлдеңді алып, көкке лақтыр! Не болғанын көресің, – деді. Нұх дереу сәлдесін шешіп алып, аспанға атып жіберді. Сол-ақ екен, сәлдесі көкжиекке барып асылып тұра қалды. Күннің жарқын сәулесі мен су тамшыларынан керемет түстерге боялып, құбылды. Қызыл, сары, жасыл, көк, күлгін түстермен көз арбады. Нұх мына ғажап көріністен көз айыра алмады. Жаратқан тағы да бір сыр шертті:
– Ей, Нұх, бұл бір мөрлі келісім болсын. Енді бұдан былай топан суы баспайды. Жаңбыр қанша жауып, нөсер қанша құйса да, аяғында тоқтайды. Ұрпағың мен қауымың мынаны білсін! Көк жүзінде кемпірқосақ керілсе, жауынның толастағаннының белгісі, – деген екен. Содан бастап, адамдар жаңбырдың тоқтағанын кемпірқосаққа қарап біледі екен (Мың сұрақ. Алматы. 2019 жыл)
Мүмкін бұл кездейсоқтық болар, десе де, «кемпірқосақ» жасырылған қазақ жұмбағының бірінде де Нұхтың сәлдесінің көкке асылғаны астарланып тұрғандай әсерде қаламыз:
Жаңбыр жауып басылды,
Аспан шайдай ашылды.
Қызыл, сары, жасылды,
Көкте бір зат асылды.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ