Сұрақ: Кейбір жастардың теріс пиғылды діни ұйымдар мен ағымдардың ықпалына түсуіне кім кінәлі?
Жауап: Ертеде Сократ есімді данышпаннан шәкірттерінің бірі сұрақ сұрапты:
– Дүниеде ең жеңіл нәрсе не?
Сондағы Сократтың берген жауабы:
– Дүниедегі ең жеңіл нәрсе – ақыл айту.
Данышпан тауып айтқан. Расында ақылгөйсіп біреуге ақыл айту немесе кінәлі адамды сырттан іздеу ең жеңіл әрі рақат амал. Сол сияқты кейбір жастардың радикалды немесе теріс пиғылды діни ұйымдар мен ағымдардың ықпалына түсу себебін сырттан іздеудің қажеті шамалы. Оны өзімізден сұрау қажет. Себебі біз ата-анамыз әрі осы қоғамды құрушы қоғам мүшесіміз. Сол ағымдарға кіріп кетіп жатқан сіз бен біздің балаларымыз, қаракөз қандастарымыз.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!». Ата-ана баланы жастайынан ата-баба дінін үйретіп, махаббатына бөлеп, дұрыс тәлім берсе, жастарымыз көрінген жат ағымның жетегінде кетпес еді. Атасы мен әжесінің жұмсақ алақанын ұстап, олардың ақыл-кеңесін тыңдап өскен бала рухани бай болады. Ал рухани бай адам Отанын сатпайды. Дәстүріне, діні мен діліне, тіліне берік болады. Тарихы мен мәдениетін мақтан тұтады.
Ал енді өзіміз басқа тілді мақтаныш көріп, соған әуес болсақ, тарихи және мәдени қалыптасқан дініміз бен дәстүрімізді намыс көрсек, атымыз мұсылман болғанымен затымыз басқа болса, онда әрине, біздің баламыз да дәл өзіміз сияқты болып өседі. Ол өзіне рухани азық іздеп, ғаламтор немесе желі арқылы небір псевдошейхтерге шәкірт бола бастайды. Себебі ол рухани азыққа мұқтаж. Біз оған рухани құндылықтарды үйретпедік. «Менің қолым тимейді» деп оның не нәрсемен әуестеніп жүргеніне тиісті деңгейде көңіл бөлмедік. Баланың тек материалды қажеттілігін өтегенімізге мәз болдық. Ал оның рухани әлемі бос қалды.
Ал енді жат пиғылды миссионер біздің балаға рухани азық беріп, басын сипап, өзінің идеологиясын қалағанынша үйретіп, дәстүрімізге, тарихымыз бен мәдениетімізге қарсы қойды, терроризм мен экстремизді насихаттады, рәміздерімізді құрметтемеуді үйретті. Осылайша теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың қоғам өмірінен ойып тұрып орын алуына белгілі дәрежеде өзіміз жағдай жасап қойғандаймыз. Дегенмен, өз кезегінде ҚМДБ және тиісті мекемелер бүгінгі күндегі сияқты діни танымдық және ақпараттық мәліметтерді БАҚ-та және әлеуметтік желілерде кеңірек таратуларын жалғастырып отырса, радикалды және теріс пиғылды жат діни ағымдарға қарсы күрес оңды нәтижесін береді деп сенемін. Жастарымыз үшін пайдалы болмақ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ