Сұрақ: Кейбір адамдар бастаған намазын тастап кетеді. Бұған не себеп?
Жауап: Адамның намаз оқымауы немесе бастаған намазын тастап кетуі көбінесе мына себептерге байланысты болады:
Намаздың қаншалықты маңызды екенін білмеу. Намаздың маңыздылығын білмейтін кейбір алдамдар «намазды кейіндеу оқимын», «сосын оқимын» деген сияқты өзіне жұбату сөздерін айтуы мүмкін. Бірақ сол «кейіндеу» деген уақыттың оған мүлдем келмеуі де ғажап емес екенін ойланып жатпайды.
Алайда адам баласының бұл өмірдегі жаратылуының ең басты мақсатының өзі – Жаратушыға құлшылық ету. Құранда Зарият сүресі, 56-аятта Алла тағала: «Жындар мен адамзатты тек Өзіме ғана ғибадат жасасын деп жараттым» деген.
Пайғамбарымыз да (с.а.с.): «Қиямет күні Алланың құлы істерінің ішінен ең алдымен намазынан сұралады» деп ескерткен. (Тирмизи)
Бізді жаратып, өмір нәсіп еткен, бізге ненің қажет, ненің қажет емес екенін білетін, ақыретте бүкіл іс-амалымызды есепке алатын Алла тағала Құранда айқын түрде құлшылық және намаз оқу үшін жаратылғанымызды айтып, пайғамбары арқылы да оның қалай оқылатынын үйреткен болса, біздің әртүрлі себептерді сылтауратып, намазға немқұрайдылық танытуымыз дұрыс емес екені бесенеден белгілі емес пе?
«Уақытым жоқ» деп ойлау. Кейде адамдар қарбалас тіршіліктің ортасында жүргендіктен намаз оқуға уақытым жоқ деп ойлайды. Ал бірақ сол уақытты да жаратып, біздің игілігімізге ұсынған Алла тағала емес пе?
Ендеше, жаратылысымыздың негізгі мақсаты етіп құлшылықты тағайындаған Алла тағалаға бұл сылтауды қалай айтпақпыз? Күніміздің ішінде керексіз істерге уақыт тауып жатқанда, намазға уақыт табылатыны айтпаса да түсінікті. Тек қана жалқаулық пен немқұрайдылықты жеңе білсек болғаны.
«Қартайғанда оқимын» деп, кейінге шегеру. Намаз кәрілерге ғана парыз етілмеген, балиғат жасына жеткеннен бастап барлық жастағы кісілерге парыз құлшылық. Себебі Алла тағала: «Уа, иман еткендер, намаз оқыңдар!» деп құлдарының бәрін намаз оқуға шақырады. Егер намаз оқу тек кәрілікте атқарылатын құлшылық болғанда, онда аятта: «Уа, қариялар, намазға келіңдер!» деп, кәрілер ғана шақырылар еді. Демек «қартайғанда оқимын» деп ойлау – нәпсіміздің бізді алдауы.
Намаздың бұл өмірдегі пайдасын білмеу. Алла тағала бір құлшылықты яки ізгі амалды орындауды әмір еткен болса, міндетті түрде оның біз білетін һәм білмейтін көптеген қайыры бар. Негізінде Ұлы Жаратушымыздың оқыған намаз, ұстаған оразаларымызға мұқтаждығы жоқ. Оған біз мұқтажбыз. Бізді жоқтан жаратып, өмір сыйлаған Алла тағала, әрине, осы өмірді дұрыс сүріп, бақытқа кенелуіміз үшін бізге не қажет екенін бізден жақсы біледі.
Құранда: «Жаратқан білмей ме? Ол тым жұмсақ, әр нәрсені толық білуші» дейді (Мүлік сүресі, 14-аят). Ендеше, намаздың да бұл өмірімізді реттеуге, адамдығымызды сақтай білуге тигізер пайдасы орасан. «Атымды адам қойған соң, қалай надан болайын?» деген Абай атамыз: «ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» дейді.
Демек ақылды адам намаздың маңызын сезініп, бұл өмірдегі бақыттың кілті екенін ұғынады. Құранда: «Расында, намаз (адамды) арсыздықтан және жамандықтан (яғни, күнә саналатын жағымсыз қылықтардан) тыяды» («Анкәбут» сүресі, 45-аят) деген. Ал арсыздық пен жамандықтан тыйылған адамның жан-жүрегі тыныш, айналасына жылулық сыйлайтын көңіл байлығына ие болады.
Бірде Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларына: «Қайсыбірің күніне бес рет есігінің алдында сарқырап ағып жатқан өзенге жуынатын болса, оның денесінде кір қала ма?» – деп сұрайды. Сахабалары: «Жоқ, ондай адамның денесінде кір қалмайды», – деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Бес уақыт намаз да сол (өзен) тәрізді. Алла тағала бес уақыт намаз арқылы күнәларды жуып-шаяды» – деп айтады (Бұхари).
Демек, намаз көңіліміздегі кірді де тазалап, бізге дұрыс өмір сүруді үйретеді. Намаз бізді сабырлыққа тәрбиелейді. Ал сабырлық – бұл өмірде жетістікке жету жолындағы ең қажетті қасиеттердің бірі.
«Шын мәнінде адам баласы сабырсыз жаратылған. Басына бір ауыртпашылық түссе тым шыдамсыз. Ал оған жақсылық келгенде өте сараң. Тек намаз оқушылар (мұндай) емес» дейді Құранда Алла тағала (Мағариж сүресі, 19-22 аяттар).
Намаздың ақыреттегі пайдасын білмеу. Адам баласы тек бұл өмірін емес, ақыретін де ойлауы керек. Ал намаздың ақыретке пайдасы шаш етектен. Бұны Құран аяттары мен хадистерден білеміз.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Өзіне парыз бес уақыт намазды еш кемітпей, толық орындаған мүминді Алла тағала міндетті түрде жәннатына кіргізеді» деген. (Әбу Дәуіт)
Құранда: «Қылмыстылардан: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» Олар: «Біз намаз оқушылардан емес едік» деп баяндайды («Мүддәссир» сүресі, 41-43 аяттар) Демек, о дүниедегі бақыттылардың қатарын намаз оқыған адамдар толықтырады.
Негізі кейбіреулер ойлағандай намаз – тым ауыр, уақыттың бәрін алатын, өмірдің қызығын көруге кедергі келтіретін құлшылық емес. Оның жеке адамның кемшіліктерінен арылып, жүрегін тазартуға, айналасындағылармен көркем түрде қарым-қатынас жасауда берер пайдасы көп. Алла Тағала еш уақытта бізге зиян тигізетін нәрселерді бұйырған емес. Алайда адамның нәпсісі әрдайым жеңіл жолды қалайды. Әрине намаздың денсаулыққа, адам писхологиясына т.б. тигізер пайдалары жетерлік. Намаздың ол қасиеттері кітаптарда егжей-тегжейлі баяндалғандықтан, оларға тоқталып жатпай-ақ қояйық.
Алау Әділбаев
Көңіл толарлық жақсы жазба. Алла разы болсын!