Хазірет Омар бин Хаттаб (р.а.):
«Сендер отырып алып: Уа, Алла! Ризық бере гөр,-деп айтасыңдар. Аспаннан алтын да, күміс те жаумайтынын жақсы білесіңдер»,-деген екен.
Бір кісі пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, отбасындағы жоқшылықты айтып шағымданды. Қайта айналып келіп:
–Уа, Алланың елшісі! Отбасымның жағдайы мүшкіл. Мен қайта барғанша олар аштан өледі-ау,-деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
–Үйіңе барып, кәдеге жарайтын бұйым болса әкел,-деп тапсырды. Жамылатын жабу мен сусын ішетін ыдысты алып келді де:
-Уа, Алла елшісі! Мынау – жартысын төсеніп, жартысын жамылатын төсек. Ал мынау – ас ішетін ыдыс,-деді. Пайғамбар (с.ғ.с.):
–Мына екі затты кім сатып алады,-деді. Бір кісі:
–Мен бір дирһамға аламын,-деді.
–Кім көбірек береді,-деді пайғамбар. Біреу:
–Екеуіне екі дирһам беремін,-деді.
–Ал, бұлар сенікі,-деді де, әлгі кісіні шақырып: –мынаған балта сатып ал, ал қалғанына бала-шағаңа азық-түлік ал,-деді.
Пайғамбардың айтқанын орындап қайта келді. Пайғамбар оған:
–Мына сайға бар да ешбір (қураған) ағаш, талды қалдырма. Он бес күн сені көрмейін,-деп отын жинауға жіберді.
Екі жұмада он дирһам табыс тапты. Бес дирһамға бала-шағасына азық-ауқат сатып алды, қалған бес дирһамға отбасына киім-кешек алды. Ол пайғамбарға (с.ғ.с.):
–Сіз маған айтқан іске Алла Тағала берекет берді,-дейді. Сонда Алла елшісі(с.ғ.с.):
–Сенің еңбек етіп табыс табуың қиямет күні жүзің қара боп тұрғаннан әлде қайда жақсырақ. Қайыр сұрауға үш жағдайда ғана рұқсат: кісі құнын төлеу, ауыр қарызға батқан және кедейлікке кіріптар болғанда[1],-деген.
Ибн Масғұд (р.а.):
«Мен дүние тіршілігі, не ақырет қамын ойламай құр бос жүрген адамды жек көремін»,-деген екен.
Әнас (р.а.) жеткізген риуаятта: «Кедейлік күпірлік бола жаздады[2]»,-деп айтылған.
Қазақта:
Арғымақ мойнын оқ кесер,
Азамат мойнын жоқ кесер,-деген аталы сөз бар.
Лұқман Хәкім баласына: Балам! Адал кәсіп етіп кедейліктен сақтан. Өйткені, жоқшылық көрген адамға үш қасірет тиеді: дініне немқұрайлы қарайды, ақылы әлсірейді және қадірі қашады. Бұл үшеуінен де ауыры адамдар арасында сыйын жоғалтады,-деген.
Хазірет Омар (р.а.): «Кедейлік адам болса, оны өлтіретін едім»,-деген екен.
Өйткені, кедейлік адамды жаман жолға итермелейді.
Руслан ҚАМБАР
[1] Тирмизи, Әбу Дауд, Байһақи, Ибн Мажа
[2] Ибн Әбу Шайбә, Байһақи