Бұлардың сәләф-салихтерден ең негізгі айырмашылығы өздері секілді ойламайтындардың бәрін адасқан, бидғатшы санап, ақииқатты меншіктеп алуында. Алайда, ең ізгі буын саналған сахабалар бұлай демеген. Мәселен, алғашқы халифа Әбу Бәкір (р.а.) қандай да бір мәселеге қатысты ижтихад жасар болса, «Егер дұрыс болса, Алладан, ал қателессем өзімнен, яки шайтаннан» деген жоқ па? Сәләф-салихиндердің ізінен ерген мужтахид имамдар да солай деген.
«Сондай-ақ, сəлəф салихтар құлшылықтарға қатысты үкімдер мен сенімдегі тармақты мəселелерінде бір ғана жолды ұстанбаған және олар үшін діннің тармақты мəселелерінде түрлі көзқараста болу алауыздыққа жол ашпаған. Айталық, фақиһтардың арасындағы тармақты мəселелерге қатысты пікір алуандығы сəлəф салихтардың да арасында бар еді. Сол себепті, кей тармақты мəселелерге орай берілген үкімдерді ғана негізге ала отырып оны сəлəф салихтардың ұстанымы деп есептеу дұрыс емес. Өйткені, мұндай көзқарастан екі түрлі ой туындайды. Біріншісі: жекелеген ұстанымдарды сəлəф салихтардың бірауыздан келіскен шариғат заңы деп есептеу. Бұл – құр болжам ғана. Екіншісі: Фиқһ имамдарының табиғин ұстаздарынан жеткізген ұстанымдарын сəлəф салихтардың жолы емес деп ойлау. Бұл – тек бүлікшінің аузынан шығатын сөз. Дұрысы, фиқһ мəзһабтары сəлəф салихтардың ұстанымдарын жеткізуші əрі олардың фиқһқа қатысты көзқарастарын насихаттап, түсіндіруші бірден-бір дəнекер болып табылады. Қалайша Құран Кəрімнің мутауатир қирағаттары – Алланың кітабын жеткізудің, хадистегі сəнад (тізбекті сақтау) – пайғамбар хадистерін жеткізудің жолы болса, дәл солай фиқһ мəзһабтары да сахабалардың фиқһқа қатысты көзқарастары мен ұстанымдарын жеткізудің бір жолы болып саналады» (А. Жұма. Муташаддидун. (Дінде шектен шыққандар). (Қазақ тіліне аударып, баспаға дайындаған Нұр-Мүабарак университеті, «Әбу Ханифа» ғылыми зерттеу орталығы, Алматы, 2016 ж., 7-8-б.).
Бірақ, өздерін сәләфтарға ерушілерміз деп санаған осы керітартпа дінбұзарлар көзқарастарын Құран мен сүннет, сахабалар мен табиғиндердің істері мен сөздеріне негіздеген мужтахид имамдардың мәзһабтарын бидғат деп тауып, діндарларды бүліктер мен бидғаттардан арылған «таза исламға» шақырған болып көріну арқылы, ғасырлар бойы қалыптасқан ізгі дәстүрдің түбіріне балта шабу арқылы, дінге енді ғана бет бұрып, ықылас танытушылардың жүректеріне күмән ұялату арқылы мұсылман жамағаты арасында бүлікке жол ашып, мұсылманды мұсылманға жау етіп, бір-бірінің қанын төгуге дейін алып баруда. Сондықтан бұл үмбеттің ғалымдары өздеріне сәләфи деп айдар таққан уаххабилік ағым өкілдерінің адасушылықтарынан сақтануды ескертеді. Неге десеңіз осы псевдо-сәләфилік ағым таралған әләмнің кез келген елінде өзге дін өкілдерін былай қойғанда мұсылмандар арасында үлкен кикілжіңдер туындап, мұсылман үмбетінің мазасын қашыруда.
Осы керітартпа жалған сәләфилер тақлид, яғни мужтахид имамдар негізін қалаған даңғыл жолға еруді харам санап, қарапайым халықтың бәрін мужтахид деңгейіне жеткізуді қалайды. Бұл ұстаным да сәләфтардың жолына сай келмейді. Неге десеңізі алғашқы буын, ардақты пайғамбарымызыдың көзін көрген сахабалардың барлығы мужтахид болған емес. Олар өз араларында білімді сахабалардың пәтуасын тыңдап, соларға ерген. Мәселен, сахабалардың саны өте көп болғанына қарамастан артынан пәтуалары қалған сахабалар саны 130-ға ғана жуық. Демек, сахабалардың бәрі ижтихад жасай бермеген. Табиғиндер де солай жасаған.
Бір қызығы, олар мужтахид имамдарға еруді харам санағанымен өздерінің ғалым санайтын кісілерінің сөздеріне еруді харам санамайды. Ал, бұл өз кезегінде ұстанымдарындағы үлкен қайшылықты көрсетеді. Әсілінде, әлемдегі мұсылмандардың 50 пайызға жуығын құрайтын ханафи мәзһабының негізін қалаушы Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақымына бөлегей) нағыз сәләф-салихиндердің буынына кіреді. Ал олар соңынан ілескен имамдары Ибн Тәймия, Ибн Қайим, Мухаммед ибн Әбдулуаххаб, Ибн Бәз, Усәймин, Әлбани, Фаузан т.б. секілді тұлғалар уақыт тұрғысынан сәләфқа жатпайды. Олар осылай әрекет ету арқылы «мәзһабсыз мәзһаб» құрып алғандарын түсінгісі келмейді. Ал бұл өз кезегінде адамдарды ислам тарихында әлі мәзһабтар пайда болмай тұрған кездегі қалыптасқан бей-берекетсіздік пен діни алауыздыққа қайтадан ұрындыру деген сөз. Бұны қазіргі заман анық көрсетуде, оған алыстан дәлел іздеп сабылудың қажеті жоқ. Сол кездегі харижиттер, шииттер, қадариттер, жәбрилер, муғтазилиттер т.б. секілді топтар шала түсініктерімен исламды бұра тартқан болатын. Осындай сындарлы кезеңде мужтахид имамдар шығып, бүліктің алдын алуға бар күш жігерін салды. Соның арқасында Құран мен сүннетке, ғылыми әдіснамға сүйенген даңғыл жол, яғни мәзһабтар қалыптасты. Сондықтан бұл тарихи шындықтарды назарға алмау – сауатсыздық яки әдейі жасалған қара ниетті бұрмалаушылық.
Ақиқатты меншіктеп алған түсніктерінің салдарынан ғасырлар бойы мұсылман ғалымдары соңдарынан ерген әхлі сүннет уәл-жамағаттың ақида саласындағы екі имамы Имам әл-Әшғари мен әл-Матуридилерді адасқан деп санайды. Негізінде имам әл-Матуриди – әс-сәләф әс-салих саналатын имам ағзамның жолын жалғастырушы ғұлама. Ақида саласындағы ұстаздарының тізбегі Имам Ағзам Әбу Ханифаға барып тіреледі. Имам Матуриди имам Ағзамның кітаптарын ұстаздары Әбу Насыр Ахмад ибн Аббас әл-Бәйади, Ахмад ибн Исқақ әл-Жүрджани және Насыр ибн Йахия әл-Балхилердің көмегімен үйренгендігі, ал олардың Әбу Сүлеймен Мұса әл-Жүрджаниден дәріс алғандығы, әл-Жүрджани болса, бұл ілімді ұстазы Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбаниден алған. (А. Әділбаев, Орта Азиядан шыққан ғұлама – Матуриди/ ІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (2006-2007ж.), Исламтану және араб филологиясы мәселелері, Алматы, 2008ж, 94-100-б.). Сондықтан олардың айтып жүрген бұл пікірлері негізсіз әрі үлкен жала болып табылады.
Сонымен қатар, жаңсақ түсініктегі жалған сәләфилер Ибн Тәмияға еріп, исламның ең негізгі сенімі саналатын таухидті улухуия, рубубия және әсмә уәс-сифат деп үшке бөліп қарастырады. Алайда әс-сәләф әс-салихин бұлай жасаған емес.
Осы мәселеге қатысты Мысыр елінің құрметті мүфтиі А. Жұма былай дейді: «Шынайы сəлəф салихтарға ерушілер, ол – Құран мен сүннетті түсінуде сəлəф салихтардың сара жолын (ислам ғұламаларының бірізділікке түсірген қағидалар мен ережелерін) ұстанушылар. Бұл ұстаным ізгі сəлəф салихтардың істерінде анық көрініс тапқан. Осы жолды ұстанған адамның барлығы кейінгі ғасырларда өмір сүрсе де, əһлі-сүннет уəл-жамағат санатына кіреді. Ал, бұл жолды ұстанбаған адам исламның алғашқы кезеңінде ғұмыр кешсе де, жамағат қатарына кірмейді.
Сəлəф салихтарға еру сəлəфтардың дінді дұрыс қалпында түсініп, оған амал етуде орындаған əрекеттеріне, ілімдеріне сүйенуді білдіреді. Бұл – барша мұсылман қауымына ортақ ұстаным. Сондай-ақ, ізгі сəлəфтар аталмыш жол аясында белгілі бір мəселеге қатысты қалайшы əртүрлі көзқарас білдірсе, кейінгілер де оларға еріп, олардың жолын ұстана отырып, əртүрлі пікір білдіру құқына ие. Сəлəф салихтардың өзара түрлі көзқараста болуы олардың бірлігіне сызат түсіріп, «тура жолды ұстанушы» немесе «тура жолдан таюшы» деп бөлінуіне себеп болмаған. Сол секілді кейінгілердің арасында туындаған пікір қайшылығы мұсылмандардың бірлігіне еш нұқсан келтірмейді жəне «сəлəфи», «бидғатшы» деп екі топқа бөлінуіне жол бермейді.
Әс-Сəлəф әс-салихтар (Алла оларға разы болсын) сəлəф сөзін қандай да бір мұсылманды қоғамнан жырақтату, алалау мақсатында қолданбаған. Олар өздерінің сенімдері мен мінез-құлық тəрбиесіндегі ұстанымдарын өзгелерден ерекшелейтін айрықша көзқарастағы жамағат ретінде де көрсетпеді. Керісінше, сəлəф салихтар мен қазіргі таңда біз хəлəф деп атап жүрген ғалымдар арасында осы үрдіс негізінде өзара түсіністігі зор қарым-қатынас орнаған. Кейіннен мұсылмандардың арасынан шыққан бір топтың əрекеті салдарынан олардың арасындағы осы бірлік пен тұтастықты бұзатын бүліктің туындайтындығы сəлəф салихтар мен хəлəфтардың ойына да келмеген еді».
Алау ӘДІЛБАЕВ,
дінтанушы