Ал енді, қажылық кезінде етеккір көрген әйелдің қажылықтың қай амалдарын орындай алмайтынына тоқтала кетейік. Қажылықтың парыз, уәжіп, сүннет амалдары бар. Мысалы ихрам, Арафатта тұру мен зиярат тауабы парыз амалдардан болса, шайтанға тас лақтыру, құрбандық шалу, сағи жасау, Мұздалифада уақфа жасау, шаш алдыру мен қоштасу тауабын орындау уәжіп болып табылады. Сәлемдесу тауабы мен Минада түнеу секілді амалдар сүннетке жатады. Қажылық амалдарының ішінен тек қана тауаптарда ғана ғұсылдың және дәреттің болуы уәжіп. Себебі тауап та намаз секілді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қағбаны тауап ету дегеніміз – намаз. Айырмашылығы, Аллаһ тауап кезінде сөйлесулеріңе рұқсат етті. Кім тауап кезінде сөйлесе, жақсылықтан басқасын сөйлемесін» (Тирмизи) деген. Сондай-ақ қажылық кезінде Айша анамыздың етеккірі келгенде Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Қажы кісі істейтін нәрселердің бәрін істей бер және тазарғаныңша Қағбаны тауап етпесең болды»-деген болатын (Бухари).
Сондай-ақ, Айша анамыз Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) қажылығы жайында: «Меккеге келгенде оның бірінші бастаған ісі – дәрет алды, сосын Қағбаны тауаф етті..» деген болатын (Бәйхақи).
Тауаф жасаушының дәреті бұзылса, дәретін жаңартып, үзген жерінен жалғастырады. Ғұсылсыз тауаф жасаған кісінің тауафы дұрыс болуы үшін бір ірі қара (түйе не сиыр) шалуы уәжіп. Кіші дәретсіз тауаф жасаған кісі қой шалуы уәжіп. Алайда қажылықтың кезіндегі тауаптардың өзі үкім жағынан парыз, уәжіп, сүннет болып бөлінеді. Қажы кісі парыз тауапты орындамаған жағдайда қажылығы дұрыс болмайды, келесі жылдары қайта өтеуі керек болады. Ал уәжіп тауапты орындамаса, жаза ретінде қойды құрбандыққа шалуы қажет.
Ал әйел адамға етеккірі келгендіктен уәжіп тауапты орындамаса да, қажылығы дұрыс болып саналады, орнынан қойды құрбандыққа шалуы қажет емес. Ал сүннет тауапты орындамаса, ешнәрсе қажет болмайды. Қажылығы дұрыс деп саналады. Яғни қажылық кезінде әйелге етеккірі келетін болса, онда парыз тауапты орындай алмай қалуы мүмкін. Ал бұл қажылықтың дұрыс атқарылмауына әкеп соғады. Осының алдын алу үшін дәрігердің кеңесімен әйел етеккірін кешіктіретін дәрі қабылдауына болады. Сондай-ақ қажылық кезінде етеккірі келген әйел әл-Харам мешітіне де кіре алмайды. Себебі, ханафи мәзһабы бойынша ғұсылы жоқ адамның мешітке (белгілі себептердің тысында) кіруіне болмайды. Ал соншама қашықтықтан осындай қасиеттерді жерге, қажылық амалын түгел орындау үшін келген әйел осындай керемет мүмкіншіліктерді уысынан шығарып алғандай болады емес пе? Сондықтан әйелдердің көбі осы мүмкіндіктен айрылмау үшін дәрі қолданып, етеккірін кешіктіруге тырысады.