Онсыз әйелге қажылық парыз болмайды. Әйелдің үйленуіне болмайтын туыстары кімдер? Құран кәрімде «Нұр» сүресі 31-аятта: «Мүмін әйелдерге де айт: “(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ өзіндігінен көрінетін жерлері (беті, қол-аяқтары) бұның тысында. Бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Сондай-ақ көзге түспеген зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Уа, мүміндер, түгел Аллаға тәубе етіңдер! Әрине құтыларсыңдар», – делінген. Сондай-ақ, «Ниса» сүресі, 23-аятта: «(Уа, мүміндер!) Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, әпке-қарындастарыңмен, әкелеріңнің әпке-қарындастарымен, аналарыңның әпке-сіңілілерімен, туған бауырларыңның қыздарымен, әпке-қарындастарыңның қыздарымен, өздеріңді емізген сүт аналарыңмен, емшектес әпке-қарындастарыңмен, қайын енелеріңмен және жақындасып қойған әйелдеріңнен туған қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді. Ал жақындасып үлгермей ажырасып кеткен әйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнә болмайды. Сондай-ақ сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену һәм апалы-сіңілі екі қызды бірдей әйелдікке алу харам етілді. Ал бұдан бұрын (надандық дәуірінде) болған іс болды. Расында Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтылған. Осы аяттардан көргеніміздей, әйел үшін мәңгі үйленуіне болмайтын туыстары келесі кісілер: Әкесі, атасы, ұлы, өгей ұлы, аға-бауыры, аға-інілерінің балалары, жиендері (әпке-сіңлілерінің балалары), қайын ата, әке жағынан аға-іні, нағашы (ана жағынан аға-інілері), сүт бауырлары, сүт ему жағынан болған әке. Яғни, қажылыққа әйелдің қасына жоғарыдағы туыстары еріп бара алады.