Өкінішке қарай, осындай аса жауапты құлшылық сапарын, өзге елдерге жасайтын туристік сапармен тең дәрежеде қарайтындай деңгейге жеткеніміз де жасырын емес. Осыны ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылдан бастап ҚМДБ жанынан «Tawaf travel» қажылық компаниясын ашты.
Ал енді қажылық туралы не білеміз? Қажылық қандай құлшылық? Жалпы қажылықтың мәні не? Біз бұл туралы қажылыққа барып келген қажылар мен биыл қажылық парызымды өтесем деп ниеттеніп отырған кісілердің пікірлерін білген едік.
Әділхан Серікбай,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы
Қажылық – Алла Тағаланың шақыруы. Сол шақыруды пенде бар болмысымен, жан дүниесімен, мал-мүлкімен қабыл алуы керек. «Я, Алла Тағалам, сенің шақыруыңды қабыл алдым, өзіңе құл болып, бұйрықтарыңды орындауға ниет еттім» деп ниет етуі. Бұл шақыруды сонау Адам (а.с), Ибрагим (а.с), Исмайл (с.а) Мұхаммед (с.ғ.с) секілді пайғамбарлар мен еліміздегі белгілі әулие-әмбиелер, Құнанбай қажы, Досжан хазірет, елбасымыз секілді ардақтыларымыз қабыл алған. Сондықтан бұл – ұлы сапар.
Осы құлшылықты жасау арқылы Алланың ризашылығына кенелу. Алла Тағала осы құлшылықты жасаған пендесіне жұмақты уәде еткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кiмде-кiм жаман сөз айтпай, бұзақылық жасамай осы үйді қажылық етер болса, жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болады» – деп айтқан екен. Тағы бір хадисте «Қажылық пен Умраның марапаты – жәннат» делінеді.
Самат Өмірбеков,
«Әл-Ғани» мешітінің наиб имамы
Қажылық – бес парыздың бірі екендігі баршамызға белгілі. Біздің мәзһабымызда шамасы келген адам қажылыққа барып парызын орындауға міндетті. Хазіреті Омардан жеткен «Қажылар Рахманның қонағы» деген сөз бар. Сондықтан да, бұл құлшылықтың орны ерекше. Қажылыққа барған кісі сонау Ибрагим пайғамбар, Исмаил пайғамбарлар көтерген үйді көздерімен көріп, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жүріп өткен жолдарды, табанының ізі түскен топырақты басып жүргенін жан-дүниесімен сезініп, ерекше күйге түседі. Өзін сол Пайғамбарымыздың заманында жүргендей сезінеді. Бұл әсерді таспадан көріп, не біреудің айтуымен сезіну мүмкін емес. Мұны тек қажылыққа барып, сол топырақты басқан кісі ғана сезіне алатын әсер. Себебі, ол жердің аурасы сондай. Міне, осындай күйді басынан кешірген кісі ғана қажылықтан керемет әсермен қайтады.
Алайда, кейбір бауырларымыз арнайы қымбат компаниялармен, қазіргі тілмен айтқанда «люкс» жалдап, қымбат қонақ үйлерде жатып, демалып қайтады. Менің ойымша бұл аса құптарлық дүние емес. Сол кісілердің көпшілігінің қажылықтан келгеннен кейін не мінезінде, не өзінде еш өзгеріс болмайды. Себебі, ол кісілер жоғарыда біз айтқан әсерді сезіне алмағандығынан болса керек. Кезінде Айша анамыз пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Қажылық деген не?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «шаштың ұйпа-тұйпа болуы» деп жауап берген екен. Қажылыққа барғанда барлық жағдайыңды жасап, тойып тамақ жеп, жаныңды аяп жүру емес, керісінше, құлшылық қылып, соның қиындығын, азабын тартып, Алланың алдында өзіңнің әлсіз құл екеніңді, бейшара һәл екеніңді сезіну. Жағдайы жақсы кісілерге сонша қаражатты шығындау қиын емес шығар. Бірақ, сол қаржыға екі кісіні алып баруға болар еді ғой. Қажылыққа барарда осындай жағдайларды ескерген абзал болар еді деп ойлаймын.
Қажылыққа барған кісілер түгелдей бірдей аппақ болып киініп жүреді. Баршасы Алланы ұлықтап, бірінің соңынан бірі бір бағытқа қарай ағылып бара жатқанын көресің. Бұл барша адамзат баласының махшарда жиналғаны іспетті. Сол сәтте ертең қияметте адамдардың барлығы Алланың құдіретімен осылай бір жерген жиналатынын, мынау соның жер бетіндегі бір көрінісі екендігін түсінесіз.
Жәнділла Бекжігітов,
«Tawaf travel» қажылық компаниясының директоры
Өздеріңіз білесіздер, тәуелсіздік алған жылдан бастап ҚМДБ еліміздегі қажылықты өз бақылауында ұстап келеді. Осы кезге дейін түрлі қажылық компаниялары елімізден қажылыққа баратын кісілерге қызмет көрсетіп келеді. Олардың біразы жұмыстарын әлі де жалғастырып жүрсе, көбі өздеріне жүктелген аманатты орындай алмай, жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Одан бөлек, қажылық саласындағы түрлі туристік компаниялардың ұлы қажылықты, ғибадатты туристік сапарға немесе бизнес көзіне айналдырып жібергені баршамызға аян. Осындай жағдайлардан кейін ҚМДБ өзінің жанынан бір қажылық компаниясын ашса, еліміздегі кісілерді апарып, алып келсе жақсы болар еді деген ұсыныстар үнемі айтылып жүретін. Алла сәтін салып, көптің тілегімен биыл діни басқарма көп жылдан бері ниет еткен қажылық компаниясын құрды. Мақсатымыз бизнеске, туристік сапарға айналған ұлы құлшылық сапарын өз деңгейінде халыққа паш ету. Жалпы, қажылыққа ниет еткен азаматтардың құлшылығын өз деңгейінде атқаруға көмектесу.
Сонымен қатар, Мекке мен Мадинаны құлшылық орнынан көрі саяхат жасайтын туристік жер секілді көретіндер де аз емес. Егер, Меккеге туристік компаниялар арқылы емес, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жанынан құрылған қажылық компаниясымен барса ол Анкара, Дубай секілді демалыс орны емес, бес парыздың бірі болған ұлы құлшылық орны екенін түсінер еді. Алайда мұндай мәдениетті қалыптастыруға біраз уақыт керек.
Дайындаған
Олжас СӘНДІБЕК