19-20 мамыр күндері Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов Татарстан Республикасы Қазан қаласында Еділ Бұлғариясының исламды қабылдауына 1100 жыл толуына орай діни және экономикалық сипаттағы іс-шараларға, оның ішінде «Ресей – Ислам әлемі: KazanSummit 2022» атты ХІІІ халықаралық экономикалық саммитке Қазақстан делегациясының құрамында қатысты. Бұл ауқымды шараға 64 мемлекеттің 5 мыңнан астам өкілдері келді.
Аталған саммиттің мақсаты – Ресей Федерациясының аймақтары және Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдері арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды нығайту, бұған қоса исламдық қаржы жүйесінің институттарын дамытуға жәрдемдесу.
Сонымен қатар, осы саммиттің аясында Төраға Е. Нүкежанов Татарстан Республикасы мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Мүфти Камил Хазрат Самигуллинмен, сондай-ақ Қазан және Татарстан Митрополиті Кириллмен кездесті. Аталмыш кездесулер барысында Дін істері комитетінің төрағасы олармен VII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі мәселелерін талқылады.
Бұған қоса, ол а.ж. 20 мамырында Еділ Бұлғариясының исламды қабылдауына 1100 жыл толуына байланысты салынатын мешіттің құрылысына арналған ескерткіш тасының қалануы салтанатына қатысты.