Кенесары ханның қозғалысының айтылмай жүрген тұстарының бірі – біз көтерілістің ғазауаттық сипатын ашып көрсете алмай келеміз. Рас, Хан Кене тақырыбына қалам тартқан тарихшылар: «Кенесары ортаазиялық хандар мен дінбасылар сол шақта барынша насихаттауға тырысхан «кәпірлерге» қарсы қасиетті соғыс – «ғазауат» үндеуін ұстанған жоқ» (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында) – деп, Кеңестік идеологияның ықпалымен Кенесарының бас көтеруін тек ұлт-азаттық көтеріліс ретінде көрсете алды. Әйткенмен, Кенесары қозғалысының қозғаушы күштері, оның сыртқы саясаттағы қолдаушылары, сондай-ақ, хандық үкіметтің реформасында исламдық атрибуттардың басымдығы нені аңғартатын еді?
Әсілі, Хан Кенені қазақ хандарының ішінде мемлекеттік басқару ісінде тұңғыш болып шариғат жүйесіне өтуге талпынған билеуші деп бағалауымызға болады. Десек те, хронологиялық тұрғыдан алғанда, Кенесарыдан бұрын ел билеу ісіне шариғат заңдарын Арынғазы сұлтан енгізді. Кіші жүз жерінде шариғат құндылықтарының нық орнай бастағанын ХІХ ғасырдың басындағы Ішкі Ордадағы қозғалыстардың сипатынан, сондай-ақ, жыраулар поэзиясынан айқын аңғара аламыз. Мысалы, жыр дүлдүлі Маханбет:
Мәшурәт кеңес сұралса,
Мәшурәт берер ер едік.
деп Кіші жүз жерінде шариғи үкімдердің қаншалықты маңызды рөл атқарғанын жеткізеді. Ал, оның ізін басқан Шернияз жырау:
Бекетай құмның белесі,
Түтіндеген шаң болды ай.
Аллалаған дауысқа,
Жер сілкініп қозғалды-ай.
деп Исатай қолының жорығын ғазауатқа балайды.
Кіші жүз жеріндегі шариғат реформасын Е. Бекмаханов: «Бұл сөзсіз түрде оң қадам және қазақтардың құқықтық қатынастарының дамуындағы белгілі бір кезең болды», – деп бағалап, «Кенесарының қызметінде қазақтардың әдеттегі құқығын тура жоққа шығару байқалмаса да, оны бар уақытта қолдана қойған жоқ. Бұл жағынан оның Арынғазымен ұқсастығы көп еді» (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында) – дейді. Яғни, хандық билік деңгейінде мемлекеттік басқаруға шариғат заңдарын енгізген Хан Кене болатын.
Кенесары хан мемлекеттік басқару реформасында өзі жоғары билеуші болғанымен, «Хан Кеңесі» органы жұмыс істеді. Осы кеңеске дін адамдары да мүше болды. Мысалы, Кенесарының бас уәзірі Сайдақ қожа Оспанов Самарханд пен Бұхарада діни білім алған. Сондай-ақ, ханның кеңесшісі әрі дипломат татар Әлім Ягудиннің де архивтік деректерде дін адамы екені айтылады. Зекет жинаушы қызметін атқарған Ғабдулсаттар да молда еді.
Хан Кене тұтқынқа түскен орыс солдаттарын Ислам дінін қабылдауға үндеген. Мысалы, қазақтарға тұтқынға түскен П. Федоров өзін Кенесарының православ дінінен бас тартуға үгіттеп, Исламға мойынсұнуға шақырғанын айтады. Сондай-ақ, архивтік деректерде Хан Кененің жасағында мұсылман туыс халықтаран түркімен, қарақалпақ, қырғыз, өзбектердің болғандығы айтылады. Тіпті, Кенесарыға Хиуа, Бұқар хандықтары арнайы жасақ аттандырмаса да қару-жарақ беріп қолдап отырған. Ал, Қоқан хандығы қазақтардың орыс отарлауына қарсы жасаған ғазауатын Саржан сұлтан басшылық жасаған шақта қолдағанымен, Кенесары хан тұсында қасиетті күреске дем берген жоқ. Себебі, Хан Кене Сыр бойы мен Қаратау өңіріндегі қазақтарға өктемдігін жүргізген Қоқан хандығына қарсы бірнеше рет жорық жасады. Сонымен бірге, Ташкент құшбегінің Қасым сұлтанды, Саржан және Есенгелді сұлтандарды айуандықпен өлтіруі, Кенесарының Қоқан билеушілерімен орысқа қарсы бірлесіп күресуіне кедергі келтірген фактор еді.
Екімыңыншы жылдардың басында Кентау қаласының іргесіндегі көне Қарнақ медресесіне соғып, оқу орнының өткен тарихымен танысудың сәті түсті. Медресенің мұрағатынан осында оқыған шәкірттердің тізімі табылыпты. Тізімге қарап отырсам қазақтың бірқатар билеушілері осында білім алған екен. Ішінде Кенесары ханның аты да ұшырасты. Демек, Хан Кененің өзі де құр жайдақ емес, белгілі бір деңгейде діни сауаты болған. Оның мемлекеттік басқаруда шариғат заңдарын басшылыққа алуына осы діни білімі әсер етсе керек.
Жалпы, Кенесары ханның күресінің ғазауаттық белгілерінің бар екенін алғаш аңғарған философ Д. Кенжетай болатын (Кенжетай Д. «Хан Кененің қасиетті мұраты»). Әйткенмен, философтың бұл пікірін тарихшы қауым қаперге алмай келеді. Басқа елдерде мұндай мәселе көтерілген болса, әлдеқашан тарихи тұрғыдан жан-жақты зерттеп, өз бағасын беріп қойған болар еді. Ал, біз әлі күнге дейін ескі сораптың соңында келеміз. Сайып келгенде айтпағымыз, Кенесары ханның Патша өкіметіне қарсы күресінің діни сипаты бар екенін мойындауға тиіспіз. Яғни, 1837-1847 жылдар аралығында ислам дінін ұстанатын көшпелі қазақ халқының Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы күресте діни атрибуттар орын алды.
Мұхан ИСАХАН