Нағында, көшпенділердің қоғамдық қатынасын реттейтін, сондай-ақ, көшпелілерге бағынышты елдерді тиімді басқаруға бағытталған «Ұлы Яса» заңының түп нұсқасы сақталмаған. Әйткенмен, Шыңғысхан құрған қағанаттың, оның ішінде Алтын Орда мемлекетінің ішкі қуатын арттырған осы «Ұлы Яса» заңы екенін тарихшылар жиі-жиі ауызға алады. Ендеше, мұқым ғаламды тітіреткен ұлы империяның құқықтық негізі болған «Ұлы Яса» заңы қандай ерекшелікке ие? Оның шариғатпен үйлесетін тұстары бар ма?
Бұл тақырыпқа қалам тартқан зерттеушілердің көпшілігі «Ұлы Ясаны» Шыңғысханның шығарған жарлықтары деп біледі [1, 25-31-б.]. Бірақ, біздің пайымдауымызша, Шыңғысхан жарлықтарының қалыптасу негіздері бағзыдан келе жатқан көшпелілердің әскери және азаматтық ережелерінде жатқан тәрізді. Шыңғысхан өз заманының алғышарттарына сәйкес түркілердің құқықтық дүниетанымына жаңа жөн-жосық қағидаларын енгізген. Шыңғысханның жарлықтарына өзіне дейінгі бабалар негізін қалаған салт-сана мен әдет-ғұрып әсер еткен. Яғни, көне түркілік әдет-ғұрып нормалары «Жасақтың» өзегі болған десек қателеспейміз. Мұны кезінде Бартольд те өз зерттеулерінде мойындаған болатын [2, 89-б.]. Айталық, Шыңғысханның өз жарлықтарында игілік атаулының Ұлы Жаратушыдан болатынын ескертуі, дін адамдарын салықтан босатуы, үлкенге құрмет көрсетуді міндеттеуі, ішімдіктің ақыл мен өнер үшін пайдасыз, өнегесіз екенін өсиеттеуі, ішкі тазалығы бар адамның қоғамды ұры-қарыдан да тазарта алатынын ауызға алуы, отбасындағы еркек пен әйелдің өзара қарым-қатынас критерийлерін бекітуі (әйелдің еркекке бағынуы), жылқының күтімін жасау керектігі туралы, сондай-ақ, әскери тәртіпке қатаң мойынсұнуды дәріптеуі [3,177-178-б], «Ұлы Яса» заңының көшпелі түркі мәдениетіне сай құқықтық нормалар жинағы екенін көрсетеді.
Шыңғысханның ел билеуші ұрпақтары кейін Ислам дінін қабылған соң «Ұлы Ясадан» басы бүтін бас тартқан емес. Шариғат пен «Ұлы Ясаны» жымдастырып, қатар ұстанған. Оған сол дәуірдің шариғат білгірлері рұқсат берген. Мысалы, атақты ислам тарихшысы Тақиуддин Мақризидің жеткізуіне қарағанда мұсылман құқығындағы «сийаси шария» термині Шыңғысханның «Ұлы Ясасынан» алынған. Оның айтуына қарағанда, «сийасаны» (саясат) ізгілікке һәм зұлымдыққа негізделген деп екіге бөліп қарастыруға болады. Яғни, ізгілікке негізделген «си-йасаны» қолдану шариғатқа қайшы емес. Бибарыс Мысырда Мамлүк мемлекетін құрғанда және оның одақтасы Алтын Орда билеушісі Берке хан да Шыңғысханның «Ұлы Ясасын» шариғатпен сабақтастырып, қатар ұстанған. Соның негізінде мұсылман фикһында «Си-йаси шария» (си – үш, иаси –Ұлы Ясақ, яғни, жосық) деген әдет-ғұрыппен үкім беру тарауы пайда болды [4].
Әдет-ғұрыпты шариғатпен қатар ұстауға Ханафия мәзһабындағы «ғурф» қайнар-көзінде де рұқсат берілген [5, 37-б.]. Әйтсе де, шариғатқа «Си-йаси шария» термині кіріккеннен кейін көбінесе «ғурфтің» орнына осы термин кеңінен қолданылатын болды. Демек, Шыңғысхан жарлықтарының шариғат нормаларымен қабысуы, «Ұлы Яса» заңының прогрессивті сипаты болғандығын әйгілейді.
Жалпы, шариғатта исламнан бұрын қалыптасқан ұлттардың салт-жораларына қатысты екі түрлі үкім берілген. Құран мен сүннетке қайшы емес ғұрыптарды факиһтер теріске шығармайды. Ханафи мәзһабы бойынша бір мәселеге қатысты Құран мен Сүннетте нақты үкім болмай, оны шешудің дұрыс жолы әдет-ғұрыпта бар болса, ол үкім ретінде қабылданады. Оны «сахих әдет-ғұрып» деп атайды. Ал, Құран мен Сүннетке қарама-қайшы салттарды тұтынуға шариғат ада-күде қарсы. Шариғатта мұндай теріс салт-жоралар «фасид әдет-ғұрып» [6, 67-б.] деп аталады.
Қазақ халқының ислам дінін қабылдағанына мың жылға жуық уақыт болды. Осы мыңжылдық барысында би-қазыларымыз шариғатқа теріс ескі жораларды тәрк етіп отырған. «Ұлы Ясаның» әр ғасырда сын-тезден өткізіп, оның жосалы жұрнақтарын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» етіп қабылдаған. Әсіресе, соңғы «Жеті Жарғы» заңындағы құқықтық нормалар барынша шариғатқа сәйкестендірілген. Ал, Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» Қазақ халқының әдет-ғұрып құқығының дамып, ең шырқау шегіне жеткен тұсы саналады. Олай болса, біздің ескі салт-жораларымыз толығымен шариғатпен қабысып жатыр деп нық айта аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Березин И. Очерк внутреннего устройства Улуса Джучиева. – СПб., 1863.
2. БартольдВ.В. Туркестан в эпоху Монгольского нашествия. – Т. І. М., 1963.
3. Д-р Эренжен Хара-Даван. Чингис-хан как полководец и его наследие. Алма-Ата. Издательство «Крамдс-Ахмед Яссауи», 1992.
4. Мақризи Т. Ас-сулук ли-марифати дубалил мулук. – Бейрут. 1974.
5. Апайдын Юнус. Усуле дайыр йазылар. – Кайсери, 2013.
6. Зайдан А. Аһкамул-з Зиммин уа Муста’минин фи дарул ислам. – Бағдат, 1963.
Мұхан ИСАХАН,
Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау орталығы
Исламды зерттеу бөлімінің басшысы