Ескеруге тиіс басты мәселе сонда – ислам қағидаларының сенімге (ақидаға) қатысты тұстары өзгермейді (пайымдау ерекшеліктері – бөлек мәселе). Ал тұрмыс-тіршілікті, қарым-қатынасты реттейтін құқықтық нормаларға (фикһқа) қатысты бөлігінде уақытқа, мекенге (ортаға) сәйкес өзгерістер орын алуы мүмкін. Осындай өзгерістер ислам тарихында бірнеше мазхабтың қалыптасуына негіз болды. Бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын, Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мазхабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Демек, жергілікті халықтың дәстүріне тән қандай да бір әдет немесе ғұрып ислам шариғатына қайшы келмесе, оны қолдануға, сол бойынша іс-әрекет етуге ешбір шектеу қойылмайды. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдет-ғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданады. Ханафи мазхабы бойынша сонымен қатар исламға дейінгі шариғаттар да пәтуа шығарудың негізі бола алады. Бұл жағдайда да белгілі бір халықтың исламға дейінгі ұстанған сеніміне сәйкес қалыптасқан дәстүрлер мен іс-әрекеттердің ислам шариғатына қайшы келмеуі басты өлшем болып саналған. Осының барлығы Әбу Ханифа негізін салған мазхабтың икемділігін, жергілікті жағдайларға бейімделгіштігін, дәстүрдің озығы мен тозығын ажырата отырып, ақыл-парасатқа негізделгендігін аңғартады. Осы мазхабты ұстанған қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп кетті. Халқымыздың дәстүрлі құқығы болып табылатын әдет-ғұрып заңдары өз бастауын сонау ерте кездегі тайпалық дәуірлерден алатыны белгілі. Мемлекет басқару жүйесінен бастап, азаматтық қарым-қатынастарға дейін толығымен дерлік әдет заңдарымен реттелді. Ғасырлар бойы ауызша қолданыста болған заңдардың бертінде жазбаша нұсқалары да қалыптасты. Көк Түріктердің «Төре бітігі», Шыңғыс ханның «Ясасы», Өзбек хан мен Едіге бидің «Низам» жүйесі, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің «Жеті жарғысы» заманалар бойы қолданылған әдет заңдарын жүйелеп, жаңғыртып, ішінара өзгертіп жеткізіп отырған құқықтық құжаттар болды. Жергілікті жағдайларға, басқару жүйесі мен құқықтық қатынастарға сәйкес туындаған әдет заңдарына ислам шариғаты күрт өзгеріс әкеле қойған жоқ. Керісінше әдет заңдары ислам дінімен қатар даму барысында мазмұндық жағынан бірте-бірте бейімделуге ұшырады деуге болады. Ал ислам арқылы түбегейлі өзгерістер енгізілген тұстар негізінен ғұрыптық жерлеу рәсімдері секілді нақты діни сипатқа ие жораларға қатысты орын алды. Жоғарыда айтылған ислам діні мен қазақ дәстүрінің ғасырлар бойғы астасу үдерісінің нәтижесінде шариғат пен әдеттің қатар өмір сүру формалары қалыптасты. Қазақ жерінде Ресей отарлық саясаты нәтижесінде құрылған сайлау жүйесі мен кеңестік кезеңдегі заң билігі дәстүрлі әдет-ғұрып институттарының күшін жоюдың негізгі сатылары болды. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында ресми дін өкілдерінің өз қызметін жүзеге асыруына мүмкіндік беруге мәжбүр болған кеңестік билік органдары сонымен бір мезгілде шариғат пен әдет үндестігіне балта шабудың барлық шараларын қарастырып отырды. Осы мақсатта ресми дін өкілдері атынан әдетке бейімделген тариқаттарға қарсы үкім шығарғызылды. Шариғатты әдетке қарсы қою – дінді өмір сүру формасынан айыру, дінді өлтіру арқылы ұлтты өлтіру әрекетінің бастауы еді. Кезінде бірқатар ориенталистік зерттеулер де осы мақсатқа бағытталды. Өкінішке орай, әлі де сол арандатушы саясаттың, негізсіз пікірлердің әсері жойылған жоқ. Осыны ескере отырып, рухани тарихты зерделеуде осындай ақтаңдақтар қайта қаралып, өскелең буынға орнықты бағыт берілуі қажет деп санаймыз.