Ислам діні халық санасына бейбіт жолмен сіңісті. Қазақстанның кең-байтақ территориясы мен Еуразия аумағын мекендеген түркі ұлыстары ІХ ғ. басында Ислам дінін қабылдап, кейін осы территорияға иелік еткен ұлыстардың ұрпақ жалғастырған халықтары өз дүниетанымына, мәдениетіне Ислам құндылықтарын дәстүрлі бағдар етіп салт-дәстүрімен біріктірген.
Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңдерде территориямызда түрлі мемлекеттік бірлестіктер тарихында Ислам ұлттық менталитеттің негізгі діңгегі ретінде өміршендік танытқандығына тарихи деректер дәлел болады. Тіпті атеизмді басшылыққа алған Кеңестік отаршылдық саясат қазақ дүниетанымдағы Исламды жоя алмады. Халық санасында Құдіретті Құдайдан қорқу, оған сиыну сияқты діни таным руханиятымыздың өзегі болып сақталды.
Тоталитарлы-отаршылдық саясаттың күшімен цензураға ұшыраған тарихи жыр мен толғаулардан алынып тасталған отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа, ел үшін күреске шақыратын, рухты оятатын, жігерді жандандыратын өлең жолдарындағы «Алла», «Құдай», «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» сөздері көркем мәтіндерінде бұл күнде өз орнына қойылды.
Халқымыздың салт-дәстүрлерінің басым көпшілігі Исламнан бастау алатындығын Ислам құндылықтарының халықтық санада берік бекігендегінен көруге болады. Қазақ дәстүрлі мәдениетінде айшықталған әдеп ұстанымдары батыстық этика ұғымдарынан басқаша, өзіндік бітімі бойынша тұжырымдалады. Біріншіден, кісілік қасиеттер ауызекі поэтикалық арнада көркем суреттемелер арқылы берілген. Екіншіден, әдеп нормалары (кісілік белгілер) қазақы руханиятта құқықтық, діни, көркем өнерлік нормалармен синкретті әрекет еткен. Үшіншіден, әдеп нормалары ақын-жырауларда ауызекі мәдениеттің көне үлгілерін қамти отыра жырланған.