Орта ғасырлық қолжазба «Насабнамада» Мубайдиттердің көсемі Ысқақ бабтың (VIII ғасырдың аяғы) соғысты қойып, исламды бейбіт түрде насихаттауға көшкені айтылады. ІХ ғасырдан бастап ислам күшпен емес, бейбіт түрде насихатталып, түркілер біртіндеп исламды қабылдай бастады. Мысалы, 961 жылы Қарахан қағаны Мұса Ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады. Тарихшы З.Китапшы, В.Кляшторний, Т.Сұлтановтың келтірген деректеріне сүйенсек, бір күнде он мың үй қыпшақ-түркі исламды қабылдаған кездер де болған көрінеді. Осының нәтижесінде Орталық Азиядан Фараби, Ибн Сина, Бируни, Матуриди секілді шариғатпен қатар пәлсапа мен кәлам ілімін менгерген ғалымдар шықты. Сондай-ақ, Бұхари, Муслим секілді хадистанушылар мен Марғинани, Дабуси, Сарахси, Бәздауи секілді фиқһ ғалымдары бой көрсетті. Қарақан дәуірін терең зерттеген З.Кабакшы осы кезеңде Мәуреннахрдан үш жүзден астам фикһ ғұламаларының шыққанын айтады.
Орталық Азияда исламның таралуына елеулі үлес қосқан сопылық ағымдар болғаны белгілі. Қазақстанда да сопылық ілім Абдулхалық Ғыждуани, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Нәжмидденн Кубра секілді шейхтар құрған ордендердің ықпалымен дамыды.
ХІІ ғасырдағы Елуй Дашы бастаған Қидандардың Орталық Азияға басып кіруі, сонымен бірге ХІІІ ғасырдағы Шыңғысханның шапқыншылығы кезінде исламның қанат жаюы біршама уақытқа тоқырауға ұшырады. Әбілғазының «Шажра-ат Түрік» атты шығармасында Шыңғысханның Исламға қарсы болмағандығы айтылады. Десек те оның ұрпақтарының бірі Исламға қарсы болса, бірі Исламның жоқтаушысына айналды. Жошының баласы Берке Кубравия тарихатының мүриді болып, Исламның туын көтерді. Алтын Орданың ханы Өзбек хан ХІV ғасырдың басында Ясауи тарихатының өкілдерінің ықпалымен Ислам дінін мемлекттік дін етіп жариялады.
Алтын Орда дәуірінде ислам Берке ханның (1256-1266) билікке келуімен жанданды. Оның билігі тұсында мемлекеттік басқарудағы диван қызметіне Ислам орталықтарынан арнайы шақыртылған діни оқымыстылар тартылып, Алтын Орда қалаларының сипаты мұсылмандық нақышта өріле бастады. Империяның мұсылмандар қоныстанған қалаларында жаппай мешіт-медіреселер салынып, исламдану үдерісі қарқын түрде жүзеге асырылды.
Алтын Орда мемлекеті Өзбек ханның тұсында Ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады. Яғни, Алтын Орда мемлекетінде де исламдық білім беру қолға алынып, ол белгілі бір деңгейде дамыды.
Алтын Орда мемлекеті ыдырап, оның орнында пайда болған Қазақ хандығы дәуірінде де ислам дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл кезеңде ислам көбінесе саяси билеушілердің ықпалымен дамып отырды. Ал, хан-сұлтандардың балаларын оқытатын «аталық» институты исламның ілгерлеуіне белгілі бір деңейде әсер ете алды. Әсілі, аталықтар ислам дінін үйрететін ұстаздар еді. Мысалыға, Ондан сұлтанның ұлы Ораз-Мұхаммедтің аталығы атақты жылнамашы Қадырғали бек Жалайри еді.
Жалпы, хандық дәуірде қазақ халқының ислам дінін ұстанғанын Тарихи-Рашиди, Мехман-наме, Бахр аль-асрар, Бабырнама, сондай-ақ, Дженниксон мен Таушы мерген және Кэстльдің тарихи жазбаларынан көріп білуге болады. Бұл тарихи деректерде «Қазақтардың Мұхаммедтің дінін ұстанғанын» жеткізеді.
Қазақ хандығы дәуірінде исламдық білім беруді қожа-молдалар атқарды. Жеті жарғы бойынша қожа-молдалардың дережесінің төрелермен тең болып, жай қарашыдан жеті есе дәрежесі жоғары болды. Қазақтың әрбір руына тиесілі өз қожалары болды. Қожа-молдалар халықты исламдық құндылықтарды танып білуге үйретті.
Көшпелілер исламды қабылдағаннан кейін қоғамдық қатынастарды реттеудегі құқықтық жүйесінде де оң өзгерістер орын алды. Мысалы, Едіге бидің «Жасақ», «Қасым ханның қасқа жолы», Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» заңнамаларында исламдық атрибуттар көптеп кездеседі. Әсіресе, «Жеті жарғы» заңнамасы әдет-ғұрып пен шариғатты барынша сабақтастыруымен өміршең бола алды.
Қазақ хандығы дәуірінде медреселермен бірге ауыл-ауылда жеке сабақ беретін аталықтар мен қожа-молдалар исламдық білім беру үрдісін жалғастырды. Қазақ хандығы дәуірінде де исламдық діни білім беру үдерісі тоқтаған жоқ. Созақтағы «Баб ата», Тараздағы «Әбдіқадыр», Сырымбеттегі «Айғаным медресесі, Бөкей ордасындағы «Орда», Түркістандағы «Қарнақ», Ташкенттегі «Көкілташ» медреселері жұмыс істеді.
Қазақ хандығы дәуіріндегі билеушілердің тек Шыңғыс қаған ұрпақтарынан болуы, сондай-ақ, халықтың «Ұлы Яса» заңын шариғатпен қатар ұстануы, хандық дәуірде көшпелі мәдени құндылықтар мен исламды біріктірген синкретті қоғам құрылды деп сипаттауға негіз бола алады. Бұл сол кезеңде исламға қолдау білдірген клерикальді Қазақ мемлекеті болғанын әйгілейді.
Ермек МҰҚАТАЙ,
«Әлжан ана» мешітінің бас имамы