Ислам дінін насихаттаудың бұл жоралғысы түркілер арасында өз нәтижесін беріп, халық топ-тобымен ислам дінін қабылдай бастады. Тарих қатпарының әр кезеңінде саяси себептермен бірге исламдағы ахлаһ (иһсан) ілімінің жүйелі дәріптелуінің әсерінен Каспий теңізінің кенересінде Хазар (ІХ ғасыр), Еділ өзені бойында Бұлғар (Х ғасыр), Жетісу мен Мәреннахрда Қарақан (Х ғасыр), Дешті-Қыпшақта Алтын Орда (ХІІІ ғасыр) атты түркілердің төл ислам мемлекеттері тарих сахнасына шықты.
Орта ғасырлық қолжазба «Насабнамада» Ысқақ бабтың (VIII ғасырдың аяғы) соғысты қойып, исламды бейбіт түрде насихаттауға көшкені айтылады. ІХ ғасырдан бастап ислам күшпен емес, бейбіт түрде насихатталып, түркілер біртіндеп исламды қабылдай бастады. Мысалы, 961 жылы Қарақан қағаны Мұса ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады. Тегі, бін дінді мемлекеттік дін етіп жариялау үшін сол дінге халықтың басым көпшілігі илануы тиіс. Яғни, Мұса қағанның бұл шешімінен сол кездегі Қарақан мемлекетіне бағынышты елдің исламды қабылдағанын аңғарамыз.
Тарихшы З.Китапшы, В.Кляшторний, Т.Сұлтановтың келтірген деректеріне сүйенсек, бір күнде он мың үй қыпшақ-түркі исламды қабылдаған кездер де болған көрінеді. Исламның бейбіт түрде насихатталуының нәтижесінде халық хақ дінді кең арнада қабылдап қана қойған жоқ, түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары шыға бастады. Қарақан дәуірінде Марғинани, Дабуси, Сарахси, Бәздауи, Матуриди, Нәсафи секілді фиқһ және мутакәллим ғалымдар бой көрсетті. Тіпті, Қарақан дәуірін терең зерттеген Зия Кабакшы осы кезеңде Мәуреннахрдан үш жүзден астам фиқһ ғұламаларының шыққанын айтады. Ал ақлаһ ілімін Жүсіп Хамадани, Арыстан баб, Абдулхалық Ғыждуани, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Нәжмидденн Кубра, Зеңгі ата, Ұзын Хасан ата және т.б. шайқылар халықтың ар-ұжданына қызмет етті.
ХІІ ғасырдағы Елуй Дашы бастаған Қидандардың Орталық Азияға басып кіруі, сонымен бірге ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның шапқыншылығы кезінде исламның қанат жаюуы біршама тежелді. Әбілғазының «Шажра-ат Түрік» атты шығармасында Шыңғыс ханның ислам дініне қарсы болмағандығы айтылады. Десек те оның ұрпақтарының бірі Берке хан (1256 ж.қ) Кубравия шайқыларының ықпалымен ислам дінін қабылдап, Алтын Орда мемлекетінде Хақ діннің өркендеуіне жол ашып берді. Одан кейін Өзбек хан (1312-1347) исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні етіп жариялады. Сол кезеңде Алтын Орда мемлекеті әлемдегі ислам дінінің негізгі орталықтарының бірі саналды.
Жалпы, қазақ топырағындағы ислам дінінің шарықтап дамуы кезеңі ретінде Алтын Орда дәуірін негізге ала аламыз. Сол кездегі империяның бас қаласы Сарайда Имам Тафтазани, Имам Баззази, Сайф Сарайи және т.б. ғұламалар жұмыс істеді. Әз-Баззазидің «Фатауат-ил-Бәззази» атты Ханафи фиқһына қатысты мәшһүр еңбегі осы Сарай қаласында жазылған еді. Бұдан өзге Бурһануддин Рабғұзидің «Қиссәсул-әнбийә», Махмуд әл-Кердеридің «Нәһжул-фәрадис», Хусам Кәтибтің «Жұмжұма» және авторлары белгісіз «Муғинул-мурид», «Иршадул-мулук уәс-сәлатин», «Сираджул-қулуб», «әт-Туһфа фи илмил-хисаб» (математика) сынды еңбектер де Алтын Орда дәуірінде жарық көрді. Яғни, Алтын Орда мемлекетінің білім мен ғылымға қамқорлық жасауының нәтижесінде Дешті-Қыпшақта Хақ дін өркен жайған еді.
Алтын Орда ыдырап, оның қарашаңырағына мұрагер болып қалған Қазақ хандығы дәуірінде де ислам мемлекеттік дін мәртебесін иеленді. Сол кездегі Қазақ хандығын құрған 43 тайпа бір діни нанымда болғандықтан, ұйысып ұлт болып, хандықтың негізін құрды. Қазақ хандығы дәуірінде қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» (XVI ғасыр), «Есім ханның ескі жолы» (XVII ғасыр), Әз Тәукенің «Жеті Жарғы» (XVIII ғасыр) заңдарында ислам дінінің элементтері кеңінен қамтылған. Тіпті, Қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген жыраулар поэзиясы және сол кезеңде тұрғызылған тарихи ескерткіштердің мұсылмандық нақышта өрілгенін байқауға болады.
Мұхан ИСАХАН