Бір анығы, олардың барлығы да дін таратушылар болған. Біз ахун, ишан, әулиелер кім болғанын нақтырақ білу үшін ғаламтор кеңістігін біраз шарлап көрдік. Уикипедия — ашық энциклопедиясының мәліметтері бойынша, ахун парсы тілінен енген сөз екен. Яғни, мұсылмандық діни лауазым. Баулушы, ұстаз мағынасында.
Ахун – Алла разылығы үшін халықтың діни сұранысына лайықты қызмет атқарған, уағыз-насихат айтып, халыққа дін ақиқатын түсіндірген. Олар ауыл балаларының діни сауатын ашып, сондай-ақ шариғаттың шарттарын, құлшылық-ғибадаттың жөн-жосығын үйреткен. Қоғам өміріндегі әр түрлі жиын-тойларда, жаназа-астарда діни-ғұрыптық қызмет атқарған. Ахун әдетте белгілі бір діни ғұлама ұстаздардан, атақты медреселерден ілім алған оқымыстылар болған, халыққа діни ағартушылық қызмет жасағандықтан өзінің білімдерін үнемі жетілдіріп отырған.
Ал ишан – әулие деген сөздің баламасы. Сопылық мектептің жетекшісі. Әулие – уәли сөзінің көпше түрі, мағынасы – ең жақын дос. Құран Кәрімде: «Біліңдер! Расында, Алланың достарына (әулие) қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды. Олар иман келтіріп, тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де ақыретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне, ірі қол жетушілік осы [1]»,-деп баяндалған.
Уәли (әулие) – шамасы жеткенше Алла тағаланы және көркем сипаттарын біліп таныған, парыз құлшылығына аса мұқият, күнә істерден өте сақ мұсылман. Бірақ бұл періштелік деңгей дегенді емес, қандай да бір қате-күнә жасап қойған болса, тез арада тәубе етіп, жасаған қателігіне қатты өкінгендігі.
Демек, уәли (әулие) – Алла тағаланың досы. Алайда, пайғамбарлардан (с.ғ.с.) асқан Алла тағаланың дос жоқ екені аян. Пайғамбарлардан кейін сахабалардың мәртебесі биік тұрады.
Жақында әлеуметтік желілердің бірінде белгілі исламтанушы, имам Қабылбек Әліпбайұлының осы ишан туралы айтқан бейнежазбасы жарияланды. Сонда ол ишан дегеннің кім екеніне көзі жеткенін айтады.
«Ишан деген кімдер деген сұрақ мені де ойландыратын. Олардың кім болғанына жақында Қызылорда облысына барған бір сапарымда көзім жетті. Ауылдық жерде бір кісінің шаңырағында қонақта болдық. Бесін намазын оқуға келесі бөлмеге жайнамаздарды төсеп дайындап қойыпты. Байқағаным, бұл кісілер ишанның ұрпақтары екен. Намаз оқып болғаннан кейін «мынау сол бабамыздан қалған мұралар деп біраз дүниесін таныстырды. Сондай-ақ, бұрышта тұрған үлкен сандықты көрсетіп: «мынау да ишан атамыздан қалған кітаптар» деді. Сосын мен кітаптарды көруге рұқсат сұрадым. Сандықты ашып қарасам, қалыңдығы қарысқа жуықтайтын, көлемі де үлкен небір көне кітаптар бар екен. Мен оның ішінен грамматикалық, фиқх, ақида кітаптарын көрдім. Ал қазір сол кітаптардан сабақ беруді айтпағанның өзінде, ол кітаптарды ежіктеп болса да оқи алатын бізде санаулы ғана жігіттер бар. Себебі, бұл кітаптар араб тіліндегі өте қиын жазулармен жазылған. Сыртындағы түсініктемесін ғана оқу үшін кітапты айналдырып отырып оқисыз. Оның жазылуы сондай.
Үй иесінің айтуы бойынша аталары Бұхараға 8 жасында кетіп, 20 жасында ишан атанып келген екен. Білесіздер, Бұхара медресесі 12 жыл білім береді. Мектеп оқушыларының бәріне алтын белгі берілмейтіні секілді, Бұхараны бітіргеннің бәрі ишан болмайды. Демек, ишан болу жай ғалым немесе жай ғана ұстаз емес екен. Олар үлкен тұлға болған кісілер. Міне, біздің бабаларымыз қандай болған. «Анау харам», «мынау кәпір» демей білім алған. Ал, біз солар оқыған кітаптарды оқи алмаймыз, сөйте тұрып «ірі» сөйлейміз. Біз алдымен сондай білімге қол жеткізуіміз керек».
Рас, қазақ даласы әулие мен ишанға кенде емес еді. Сол тұлғалардың арқасында қазақ қандай заман болғанда да Құдайын ұмытқан жоқ. Тіршілігі мен құлшылығын қатар жасады. Өкінішке қарай, қазір білімсіздер өздерін әулие санайтын заман болып тұр. Өзімбілемдік пен өркөкіректікке бой алдырғандар «ата-бабаң адасқан», «қазақ түк білмеген» деп, өздерінің түк білмейтіндіктерін, білімсіздіктерін танытады. «Қазақ хат танығанның бәрін ахун, ишан дей берген ғой» деп те пікір айтатындар бар. Бірақ, дінге шын жаны ашитын, дін жолында жүрмін дейтін жандар талас-тартыс тудыруды емес, білім алуды көбірек ойласа бәрі де басқаша болар еді.
Олжас СӘНДІБЕК