…Омар оянса, тал түс болыпты. Денесі дел-сал. Құдды біреу ұрып тастағандай… Басы мең-зең болып біраз жатты. Түнгі ауысымнан келгенде осылай түске дейін ғана ұйықтайды да, сосын тұрып кетеді. Өйткені, кешке жұмысқа асығу керек. Шырылдаған оятқышты төбесінен бір қойды да, ары-бері аунап біраз жатты. Ауыр денесін күшпен көтеріп, орнынан тұрды. Ақырын басып, есікті ашып, ас бөлмесіндегі тоңазытқыштан су алып ішті.
Жатын бөлмеде баласын ұйықтатайын деп қасында әлдилеп жатып, өзі де қалғып кеткен әйелін ақырын түртіп оятты. Қолындағы сағатына қарай сала, басындағы жібек орамалын түзеп, әйелі ас үйге қарай жүгірді. Ваннаға салқын суға шайынып алмаққа кіріп кеткен Омар біреудің дүңкілдетіп сыртқы есікті қаққанын, баланың шырылдап жылағанын естіп, сүлгісін үстіне іле тез шықты.
Ас әзірлеп жатқан әйелінің қолынан бір жастан енді ғана асқан ұлын алып, есікке қарай беттеді.
– Кім бұл? – деді даусы гүрілдеп.
– Это – я, сосед, Артем! – деген көршісінің дауысын естіп, есікті ашты.
Қазақша мен орысшаны шатып-бұтатын көршісі көмек сұрай келіпті. Карта ойнап, ұтылып қалған Артем Ким досы Сергейден қомақты ақша алған көрінеді. Енді араға ай салып сол ақшасын қайта-қайта сұрап жүр екен. Алайда, сан сылтау айтқан Артемға енді тізе батырып, араға жігіттерін сала бастапты.
Подъезд алдына шығып, көлеңкеде екеуі біраз әңгімелесті.
– Короче, или с деньгами, или с кулаком помоги! Помоги, пожалуйста! Ты у нас – чемпион! Ты – боксер! Ты…, – дей бергенде Омар «болды!» дегендей ишара білдірді де, кәріс көршінің сөзі осы жерден үзілді.
– Білесің, мен түнгі ауысымда жұмыс істеймін. Бала-шағаны асырау керек. Жұмыстан сен үшін қала алмаймын. Егер күндіз әлгілер келсе, онда отвечаю, әкесін танытамын! – деді Омар баласының маңдайынан иіскеп. Тұла бойы тұңғышы болғасын да, Еркебұланды қолынан тастамайды. Әйелі екеуі өбектеп, екі жақтап айналып-толғанып, ұлын жылатпауға, жақсылап қарап, өнегелі тәрбие беруге тырысып бағады.
Балалар үйінде өскен Омар өз күшімен адам қатарына қосылды. Ондағы жағдай белгілі. Кім күшті, кім мықты, сол бала ғана жақсы өмір кешеді. Ол бала кезінен қара күшімен, аздаған ақылымен ешкімге есе жіберген емес. Барлық мәселе мектеп бітіріп, кәмелетке толған соң басталды.
Оқуға түсейін деп, емтихан тапсырып еді, құлап қалды. Жұмысқа тұрайын десе, білімі жоқтықтан анау-мынау мекеменің есігінен аттатпайды. Осылайша, базарда қол арба итеріп, жүк тасып, күн көрді. Кейін күзетші болып бір ойын-сауық орталығына жұмысқа орналасты. Еңгезердей алып денесі мен сұңғақ бойы, салмақты мінезі мұны қазір қарауыл бастығы дәрежесіне көтерді.
Мансабың өсті дегенше, жауапкершілігің де екі есе артты дей бер. Қазір әр түні қойманың қасынан табылады. Күндіз көмекшісі ауысымға түседі. Үлкен қоймада бірнеше күзетші бар. Олардың әрқайсына рация арқылы хабарласып, камера арқылы қарап отырады. Әлдене қараң ете қалса да, күдікті бір адам өтіп бара жатса да, жанына жетіп барады. Өйткені, бәріне басымен жауап береді.
Ал әйелі Әсем – бастауыш сынып мұғалімі. Ол да анасынан бес жасынан айырылған, әкесі мен өгей шешеден безініп кеткен бейбақ еді. Екеуі туған күн кешінде жолыққан. Бір көргеннен ұнатып қалғанын жасырмай, сөз салған Омар құрбыларымен пәтер жалдап тұратын оқымысты қыздың соңынан қалмады.
Оқуын бітіріп, жұмысқа тұрған Әсем көп ойланды. Әкенің адуынды мінезі мен өгей шешенің небір құйтырқысынан қалаға қашып құтылған өрімдей қыз болашағына күмәнмен қарайтын. Өзіне-өзі тым сенімді Омар да айтқанынан қайтпайтын. Біресе гүлін, біресе тәттісін алып, Әсем жүріп өтетін жолды торуылдаумен болды.
Екеуі тіл табысса да, үлкен өмірге қадам басуға қорқақтаған қыз жігіттің бойындағы адамға керек ұлы қасиеттерді көрді, арманын естіді.
– Мен ата-анамның кім екенін білмей өстім. Іштей олардың бейнесін ойша елестеткен боламын. Қаншама түн бала жүрегім оларды ойлап қан жылайтын. Олар мені тастап кетпеген болар? Бәлкім, жол апатынан қаза болған шығар? Басқа туыс-туғандары болмаған соң, мені осында тапсырды ма? Бәлкім, анам жас студент болып, әкем менің дүниеге келгенімді білмейтін де шығар…
Осындай көп сылтау, бір желеуді алға тартып, ата-анамды ақтап алғым келетін. Олар мен үшін қардан да аппақ, судан да таза, мөлдір сияқтанады. Олардың мені мына өмірге әкелгеніне іштей алғыс айтқан кезім де болды.
Қасымдағы балалардың бәрі керек қылмай, тастап кеткен әке-шешесін сөгіп, боқтап, кінәлауға шебер еді. Мен ондайда үнсіз қалатынмын. Мен үшін олардың орны қашан да төрде. Әр нәрсенің белгілі бір себеп не салдары болады. Маған белгісіз және жұмбақ күйінде қала беретіндіктен, мен бұл құпияны қазбалағым келмейді. Қазбаласам да, ешнәрсе таба алмаймын.
Біздің азан шақырылып қойған атымыз да, тегіміз де басқа шығар, кім білсін!? Бірақ, ата-анамды да кінәлағым келмейді. Неге десең, мен оқиғаның мән-жайын, себебін білмеймін. Мүмкін, олар бұл әлемді баяғыда-ақ тастап, бақилық болған шығар. Бәлкім біреуі бір үйдің қожайыны, бірі көпбалалы ана шығар, қайдан білейін… – деп, ауыр күрсінгенде қара жер қарс айырылғандай болатын.
Жастайынан оқу-білімге құмар Әсемнің өзі Омардың жетімдер үйінде тәрбиеленгеніне сенбейтін. Сенгісі келмейтін. Өнегелі бір отбасынан шыққандай, құтты топырақтан тараған текті ұрпақтай, қолында күректей қызыл дипломы бар, көп оқыған адамдай шешенсіп сөйлейді. Әттең, оқымай қалған. Оқыса, бір елге басшы болар ақылы бар жігіт.
Осылайша, екеуі шаңырақ көтерді. Дүрілдеп өткен той да, шет елде ақша шашқан бал айы да болған жоқ. Мешітке барып, некелерін қидырып, құран оқытты. Жақсы араласатын достарын шақырып, шағын отырыс жасады.
Омардың ақылы мен Әсемнің білімі қосылып, жас отбасыларға арналған бағдарлама арқылы ипотекаға үй алды. Жаңа қонысқа көшіп келгенде екеуінде бір-бір сөмке киімдері ғана болатын. Бүгін, міне, сол пәтерде бақытты күн кешуде. Еркебұлан атты тәп-тәтті ұлдары бар. Баласы өскен сайын қылығы да шығып, өзіне магнитше тартады ма, қалай өзі?!
…Артеммен әңгімесін тамаққа шақырған әйелінің дауысы бұзды. Үшінші қабатқа бірге көтеріліп, үйіне кірді. Кәріс көршісі мұның асқа шақырғанына тағы келмеді. Бұл да қыстамады. Көршісінің сырын 2 жылдан бері жақсы біледі. Өзі жұмыс істемейтіндей көрінеді кейде. Әйтеуір, арасында жоқ болып кетеді. Күндіз-түні үйінде. Сұрағандарға «У меня маленький бизнес», – деп қулана күлімсіреп қоятыны бар.
Арада күндер зулап өте берді. Бір күні таң алагеуімде Омар түнгі ауысымнан шығып келе жатқан болатын. Подъезд алдында Артем отыр екен. Үсті-басы алым-жұлым, мұрны қанап, көзі көгерген. Өлімші етіп біреу сабап кеткені айтпаса да көрініп тұр.
– Ей, көршім, тыныштық па? Мынауың не? Не болды? – деп қасына жақындай беріп еді, Артем орнынан жұлқына тұрып, жүгіріп үйіне кіріп кетті. Бір сөз айтпай, сонша бұлданғанына не жорық? Омар қашанғы сабырлы қалпымен үйіне қарай баспалдақпен көтеріліп келе жатты.
«Әлгі қарызын талап еткендер шығар. Әй, өзіне де сол керек! Құмар ойынның соңы қашан жақсылықпен аяқталып еді? Өзі – жұмыссыз. Көрпеге қарап көсілу керек қой. Мен ұрып тастағандай, маған несіне ренжиді?» – деп іштей өз ойымен өзі арпалысты… Алдынан құлдыраңдап шыққан ұлын емірене иіскеп, көтеріп алды да, асүйге қарай беттеді.
Көп ұзамай әйелі оған сүйінші хабар жеткізді. Екінші балаға жүкті келіншегі одан сайын құлпырып кеткендей… Екіге жаңа толған баласының туған күнін көршілерімен атап өтті. Артем ғана бас сұққан жоқ. Омар оған ренжімейді. Көрген жерде амандасып, халін сұрап, әңгімеге тартады. Ол да ашуы басылғандай, емен-жарқын сөйлеседі. Тіпті, өткен жолғы қылығы үшін кешірім де сұраған.
«Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деп, Омар танысын, танымасын, көршілерімен амандасып, хал сұрасып тұратын. Қонаққа шақырса, өзі де қалмауға тырысатын.
***
…Бір күні түнгі ауысымда камера қарап отырып, көзі ілініп кетіпті. Кенет безектей жөнелген телефон шырылы оятып жіберді. Таңғы сағат 5-тің шамасы. Жұмыстың бітуіне әлі екі сағат бар. Беймезгіл мазалай қоймайтын әйелі Әсем хабарласыпты. Қайта қоңырау шалайын дегенше, телефон тағы безектей жөнелді.
– Омар, Еркебұлан жоқ! Жаңа тықыр еткен дыбыстан оянып кетсем, сыртқы есік ашық тұр. Жүгіріп далаға шықтым. Ешкім жоқ! Баламызды ұрлап кетті! – деп зарлаған жұбайының дауысы Омардың жүрегін алқымына әкелді.
Қасындағы жігіттерге бір ауыз ескертіп, үйіне қарай құстай ұшты. Жолай ойлары сапырылысып келеді: «Кім ұрлады? Қалай ұрлады? Есікті қалай ашты?..». Үйге жеткенде көршілер де жиналып қалған екен. Полицей де келіп жетіп, өзі аңырап отырған Әсемге бітпес сұрақтарын қойып, төбеден төніп тұр. Ол келіншегінің қасына сылқ етіп отыра кетті…
…Арада екі-үш ай өтті. Еркебұланнан хабар жоқ. Зым-зия… Ондай баланың болғанынан мына әлем тіпті хабарсыз секілді. Көз жасын төккен ерлі-зайыпты әйтеуір күн кешуде. Омар құр сүлдері қалған әйеліне іштегі баласы үшін тамақ ішкізуге тырысып-ақ бағады. Өзі де жұмысқа тірі өлік болып барып келеді. Полицейлер де іздеу салып, жұмыс істеп жатыр. Бір айғақ қалдырмаған кім екен?
Түннің ішінде түлен түртіп, есікті білдіртпей бұзып, анасының ыстық құшағында балбырап ұйықтап жатқан екі жасар сәбиді ұрлаған қандай қаныпезер? Іштей өлмес үмітпен күн кешкен екеудің арасында бүгінде әңгіме де айтылмайтын болған. Есікті әлдекім тарсылдатып қақса, әйелі құстай ұшып, есікті ашқанда алдынан балапаны «Анашым!» – деп мойнына асыла кетердей күйде болады.
Бір жолы таусылмайтын көп сұрағымен полиция майоры Серік Жолболсынов, бірде учаскелік инспектор Таңат Әшірбеков бас сұғады. Енді бірде көңілін аулап, тәтті тоқашын алып көрші әйелдер кезек-кезек келеді. Онсыз да жаны шығардай болып отырған қайғылы келіншекке басу айтамын деп, одан сайын жылатып кететінін қайтерсің!?
Айтпақшы, бала жоғалған түні кәріс көршінің хаски күшігі де жоғалыпты-мыс. Қолынан тастамайтын күшігінің жоғалғанын айтып, баласынан айырылған жас жұбайларға келіп жеткен полицейлерге ол да жарыса арыз жазған болатын. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген осы шығар.
Кейде подъезд алдына шығып отырғанда Цея атты күшігін жоқтап, жылап, қайғысын бөлісіп отыратын кәріс көрші Омардың қытығына әбден тиіп бітті. Бауыр еті баласынан тірідей айырылған мұның үні шықпайды. Ал оның аузы күшігін жоқтап жабылар емес.
Осыдан екі жыл бұрынғыдай мұрнынан дәу жұдырығымен бір ұрып сындырар ме еді өзінің. Ол кезде де аузынан өзі қағынған. Омарға «Ты же детдомский. И у тебя нет ру. И у меня тоже нет. Мы же родные, братан!» – деп, 5-6 жігіттің көзінше тірідей жерге тыққан.
Қарап тұрар Омар ма, бір-ақ соққымен сұлатып түсірді. Қасындағы көрші жігіттер ұстап қалмағанда қабырғасын да қаусатар ма еді. Омар ешқашан ешкімге жетім балалар үйінде тәрбиеленгенін айтқысы келмейтін. Өйткені, қоғамда «детдомскийлерге» деген көзқарастың басқаша екендігіне көзі әлдеқашан жеткен.
Кәрістің мұрнын сындырған соң, «Мен ұлы Абайдың ұрпағымын. Арғынның тобықты руынанмын!» – дейтін болған. Мұнысын әлгі оқиғаға куә болған көршілері де үнсіз мақұлдап отыра береді. Кімнің қараптан-қарап мұрыннан айырылғысы келеді дейсің…
Келіншегі көптен күткен екінші ұлын дүниеге әкелді. Уайым мен қайғы жеп қойғандықтан ба, толғақ басталған кезде қан қысымы бірден көтеріліп кетті. Бірақ, өзі босанды. Омар ұлына мына қамшының сабындай ғана өмірде еркелеп өтсін деген ырыммен Еркеғали деп ат қойды. Оның үстіне, ағасының есіміне де ұқсайды.
…Арада жыл өтті. Еркеғалидың алғашқы қадамына мәз болысқан екеуі тұңғышынан бір хабар болып қала ма деп зарығып күте берді. «Тірі болса, бір келер, табылар… Егер… мына әлемде жоқ болса, онда жаны жәннаттан табылсын!» деген әке тілегі көзінен жас болып ағып, жастыққа сіңетін. Түн баласы кірпік ілмей, әйелі мен ұлының қамын жеп жүгіріп жүретін.
Араға балалар үйіндегі қаланы «ұстайтын» жігіттер де кіріскен болатын. Олар әрбір бұрышты, тіпті әр үйді қарап шықты. Бала ізім-ғайым жоқ. Олар нәтижесіз жұмысының ақысы ретінде Омарға бизнес ашуға көмек берейік деп шешті. Үйдің бірінші қабатындағы азық-түлік дүкенін сатып алып беріп, айналымға да ақша ұсынды.
Тау тұлғалы, көркем мінезді, сөзінде тұратын, ешқашан еш жерде сатып кетпейтін, нағыз жігіт – Омардың олар үшін орны бөлек еді. Оның үстіне өз бетінше үйлі-баранды болып, баспана сатып алып, қызмет етіп кететін балалар үйінің тәрбиеленушілері некен-саяқ. Сол үшін де Омар қадірлі болатын.
Алғаш қарсы болғанмен, кейін келісіп, ойыншықтар сататын дүкен ашты. Не көп, азық-түлік дүкені көп. Оның үстіне ойыншық десе, қуанбайтын бала жоқ. Ал баланың қуанышынан артық не бар бұл өмірде?
Ә дегенше бизнесі де дөңгелеп жүре берді. Тұтынушылары – ең жақсы адамдар: балалар! Іштей үлкен ұлына деген құрметпен осы дүкенді аштым деп ойлады. Оған «Еркебұлан» деп ат қойды. Ақшасы жетпей тұрған балаларға ойыншықты бағасын келістіріп, кейде қарызға, кейде тіпті жыламасын деп тегін де беріп жіберетін.
«Мен балаларыма үлгілі әке, қамқор, жанашыр әке боламын!» – деп өсті. Екінші ұлын осы дүкеннің қожасы деп санап, қалаған ойыншығын беретін. Бір жастан асқан баласы мен әйелі дегенде шығарға жаны бөлек. Шіркін, тұңғышы да жүрсе ғой жанына жалау болып…
***
…Бір күні таңғы сағат 5-6-лар шамасында есік қағылды. Әлгі сұмдық оқиғадан жүректері шайлығып қалған екеуі бірден баласының төсегіне қарады. Пысылдап ұйықтап жатқан кішкентай бөбегін көріп, жүректері орнына түсті.
Есік көздігінен полицейдің фуражкасын байқаған Омар дереу есікті ашты. Сол баяғы полиция майоры Серік Жолболсынов, учаскелік инспектор Таңат Әшірбеков жүздерінен қуанышты хабар айтатындарын бірден сезді. Жүрегі алқымына тығылған Омар екеуінің аузына кіріп кетердей болып құлағын тосты.
– Сүйінші! Ұлыңыз табылды!..
…Ар жағы есінде жоқ! Есін жиса, бетіне үңіліп, қолына кесе ұстаған екі полицей тұр. Анадайда қуаныштан жылап, бүрісіп әйелі отыр. «Қорыққан мен қуанған бірдей» деген осы екен-ау… Талып қалыпты. Салқын су шашқаннан үсті-басы су. Бетінің суын сүртіп жатып «Балам қайда?» – деді тамағы қырылдап.
– Ауруханада.
– Не дейді, құдай-ау, аман ба өзі? Қай жерден табылды? Кім ұрлапты? Ұрлаған сұмырайды ұстадыңдар ма? Жарығым-ау, сол кішкентай! – деп Омардың аузы жабылар емес.
– Иә, аман-аман. Жүріңіз, барып өз көзіңізбен көріңіз. Басқа сұрақтарыңызға сосын жауап береміз, – деді Таңат.
– Мен де барам!
Осы кезде барып Әсемнің үні шықты. Үшеуі үнсіз күтіп тұрды. Әсем ұйықтап жатқан баласын киіндіріп, Омарға ұстатты да, өзі де үстіне жемпірін желең жамыла салды. Үйден ауруханаға дейінгі жол қандай ұзақ еді, жеткізіп болмады. Бір сәтке баласының түрін, қылығын, сөздерін еске алған екеуі көзден аққан жасына ие бола алмай келеді.
Палатаға кіргенде ұйықтап жатқан баласын көріп екеуі тағы жылады. Қарайып, аяқ-қолы жарылып, беті мен қолдарын әлдене сырып кетіпті. Шашы да Мауглидің шашындай барынша өскен. Тырнақтары аюдың тырнағындай, кірден көрінбейді. Кейбіреуі сынған.
Әсем мен Омардың қатты таң қалғаны – Еркебұланның үстінде сол баяғы жоғалып кеткен кездегі пижамасы. Жыртылған, әбден кірленген, білегі мен балтыр жағы қысқарып қалған. Палатадағы сасыған, өңешті қаритын ащы иісті екеуі елеген де жоқ.
Құдай-ау, мына бала орманда адасып кеткендей. Аналық қасқыр асыраған Тарзан дерсің. Бірақ, жақын маңда орман да жоқ. Демек, олай деуге еш негіз де жоқ…
Таңғы дәрігердің тексеруі басталғанда олар дәлізде күтті. Ұйықтап жатқан баласын айналып, толғанды, еркелетіп, шашынан сипап, бетінен сүйді. Енді оянған соң, ол бұларды тани ма екен? Ендігі уайым сол болды.
…Ішке кірген Омарға баласы жатырқай қарады. Көзінен баланың ата-анасына деген махаббаты көрінбеді. Ит секілді ырылдағандай болды да, төсектен секіріп түсіп, екі аяқ, екі қолын жерге тіреп, «төрт аяқтап» жүгіріп барып, шкафтың тасасына тығылды.
Күшіктей қыңсылаған дыбыс шығарған 4 жасар баласына қарап Әсем бақырып жылап жіберді. Оны дәрігерлер палатадан шығарып алып кетті. Бірі кіші баласын көтеріп әкетті. Учаскелік полицей Таңат Омардың иығынан ұстап еді: «Ұлыммен жалғыз қалдырыңдар!» – деді даусы дірілдеп.
Палатада екеуі қалды. Сорлы әке төсек жанына тізерлей отырып, екі қолымен бетін жауып, солқылдап келіп жылай берді, жылай берді. «Өнегелі әке бола алмадым-ау! Балапаным екі жыл ата-ананың қамқорлығынсыз қалды-ау», – деген өкініш ішін жабайы мысықша тырмалап жатыр…
Қолына жып-жылы, кіп-кішкентай баласының алақаны тигенде барып басын көтерді. Жылап жатқан әкесіне жаны ашыды ма, әлде басқа ма, ит құсап қыңсылап қояды. Бас салып, баласын құшақтап алды да, бетінен, қолынан, ішінен сүйе берді, сүйе берді. Бақырып, шыңғырып, ұлып, қыңсылап, тырнап, әйтеуір барынша қарсылық білдіріп жатқан баласын қарулы әке қолы жібермеді.
Бір кезде барып, дәрігерлер баланың ендігі ұйықтап қалғанын, тал түс болғанын айтып жүріп, әрең ажыратып алды. Бала бүк түсіп төсекте жатыр. Түскі асын шкаф үстіне қойғанда, иісінен сезіп атып тұрып, итше тілімен жалап ішіп жатты…
Омар басы салбырап дәлізге шықты. Әйелі үстелде үнсіз отыр. Баласы алдында ұйықтап жатыр екен. Олар үнсіз үйге оралды. Дәрігерлер баланың қатты тоңып, жаурап қалғанын, түрлі дәрілер мен вакциналар алу керектігін, қан сараптамаларын жасату қажеттігін айтты.
Бала әзірге аурухана дәрігерлерінің бақылауында болады. Өздері шомылдырып, өздері киіндіреді. Адам секілді жүріп-тұру мен тамақтануды дәрігерлер өздері үйрететін болды. Арнайы күтуші мен тәрбиеші, психолог баламен жеке жұмыс істейді. Олар ұжымдасқан түрде жеке бір палатада бір өзі жатқан Еркебұланды қалыпты өмірге жайлап алып келеді.
Бір ай, мүмкін бір жыл. Ол жағы белгісіз. Әйтеуір, баласы аман. Сол үшін Жаратқан иесіне сансыз шүкірлік айтып жүрген Омар мен Әсем ойыншығы мен киім-кешегі, тамағын алып күн сайын ауруханаға ұлына барып тұрды.
Әзірге олар екі-үш метр қашықтықта ғана баласын еркелетіп, сөйлесе алады. Ұлының шашын қиып, шомылдырып, киіндіріп қойыпты. Адамша тамақ ішу мен жүруді жаңа ғана үйрене бастаған. Бір-екі аттап барып «төрт аяқтап» жүгіріп кеткеніне алғаш жылаған ата-анасы қазір рахаттана күліп алады…
***
…Ұры алыстан келмепті. Кінәлі – кәріс көршісі екен. Мұны әлгі жігіттердің соққысынан құтқарып қалмағаны үшін Омар кінәлі екен. Ол кезде Омар түнгі ауысымда болды дегенді түсінгісі келмеген. Оған қоса ру үшін жеген таяғы тағы бар.
Бір сөзбен айтқанда, көршісіне көптен кек сақтап жүріпті. Оның үйін де, оның ішіндегі бақыт пен берекені де көре алмапты. Сөйтіп, қалай кек алуға болады деген жоспар құрып, құрығына бейкүнә сәби іліккен екен. Есікті, сейфті бұзып ашудың «мәстірі» болып нәпақа табатын Артем үшін көршісінің есігін дыбыссыз бұзып кіру сөз болмаған.
Көпқабатты үйдің астындағы су құбыры жүргізілген жертөледе оның «мықты бизнесі» болыпты. Ол жасырын арнайы клиенттеріне есірткі сататын. Енді, міне, сол «офис» бұған кек қайтару жолын тауып берген. Бұл жерді ешкім білмейтіндіктен, жан баласы мұнда бас сұқпайтын болған соң, жайбарақат «кәсібін» жүргізіп жүре беріпті.
Оған қоса сол бір түні баламен қоса күшігін де осы жертөленің бір шетіне әкеп байлапты. Омар мен Әсемнің тұла бойы тұңғышы осы жертөледе күшікпен бірге, мойнына қарғыбау тағып екі жыл өмір сүрген.
Олардың бір-біріне жетер-жетпес жерде шынжырмен байланып тұрғанын, ортақ итаяқтан екеуі таласа-тармаса тамақ ішіп жатқанын су құбырын тексеруші кездейсоқ көріп қалған. Үнсіз келген ізімен тез шығып кеткен сантехник бірден полицияға хабар береді.
Жедел құрылған топ ит пен баланы құтқарып, «офис» иесін де қолға түсіреді. Заңды түрде тыйым салынған есірткі саудасымен айналысқаны үшін, бала ұрлығы, тағы да басқа қылмыстары қосылып, Артем Кимге жиырма жылдан аса жаза кесіліп, сотталып кете барды.
Сот залында Омар кәріс көршісінің мұрнын бұзып, сазайын бермек болған, бірақ, құқық қорғау қызметкерлері бұған жол бермеді. Көршіден баласы арқылы кек алмақ болған кәрістің бұл қылмысы сол кезде бүкіл елді шулатты. Жаға ұстатқан оқиға әлі күнге дейін ел есінде. Кәріс көршінің күшігімен бірге есейген баланың обалы кімге? Адамның ойына кіріп шықпайтын мұндай кек қайтару үшін қандай қаныпезер болу керек?..
Адам баласын, титтей екі жасар баланы итпен бірге қосақтап, осылайша кек алғанына мәз болып, оның үстіне Омармен емін-еркін сырлас достай сөйлесіп жүрген Артемнің аярлығы әлеуметтік желі мен мобильді телефонның көп тарамай тұрған тұсында-ақ елге өте тез тарады.
Сол кезде қазақтар өзге ұлт өкілдеріне, олардың тайраңдап, білгенін істеп жүргеніне тісін қайрады. Әрине, өзге ұлт өкілдерінің ішінде де адамгершілігі мол жандар баршылық. Десе де, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» емес пе!? Көп ұлтты елімізде сол жылдары намысшыл қазақ жігіттері толқып барып басылды, ашу-ызаға булығып барып, сабасына түсті…
***
Омар мен Әсем – бүгінде бақытты ата-әже. Жеті бірдей баланы тәрбиелеп өсірді. Балалар үйінен тағы үш баланы асырап алған болатын. Он баланың ата-анасы ретінде қырықтан аса немере, оннан аса шөбере көріп отыр.
Балалар үйінде жетімдіктің кермек дәмін татып өскен Омардың ұлы арманы орындалды. Ойыншық дүкенінен бөлек, дәмхана, дүкендер желісін де ашқан. Балалары жоғары білімді, өз ісінің маманы. Немерелері де шетінен «сен тұр, мен атайын». Ал тәп-тәтті шөберелері кезекпе-кезек Омар ақсақалдың мойнына келіп асылғанда одан артық бақытты жан жоқтай күй кешеді.
Ал кәріс көршісінің күшігімен жертөледе екі жылын еріксіз өткізген Еркебұлан – қазір полиция генерал-майоры. Іні-қарындастарына қамқор, балаларына мейірбан, немерелеріне жанын беруге әзір.
Ал Артем Кимді одан кейін ешкім көрген жоқ. Біреулер оны түрмеде өлтіріп кетіпті деседі. Енді біреу үйін құмар ойынға ұтқызып, өзі көше кезбесіне (бомж) айналыпты дейді. Әйтеуір, содан кейін кәріс көрші із-түзсіз жоғалып кетті.
Қалай болған күнде де, баланың обалы жібермейтіні анық қой енді…
Айгүл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы