Әл-Фузайл ибн Ияз өзі турасында мынадай әңгіме айтады:
«Бір күні мен бір үйге ұрлыққа түстім. Үйдің ішінен біреудің:
«Иман келтіргендердің жүректері Алланың зікіріне (Құранға) жұмсап және түскен ақиқатқа жібімей ме? Бұрын өздеріне Кітап беріліп, сосын ұзын мерзім өткендіктен жүректері қатайғандар сияқты болмаңдар. Олардың көбі бұзақылар» – деп Құран оқып отырған дауысын есіттім (Хадид: 16).
Сонда менің аяқтарым сіресіп, тұрған жерде қатып қалғандай болып, жүре алмай қалдым. Мұнан соң мен:
– Ей, Раббым! Жүрегімнің Сені зікір етіп қорқатын кезі келді. Аллаға ант етемін! Осы күннен кейін саған күнә жасамаймын – деп Аллаға уәде бердім». Расында да, Әл-Фузайл ибн Ияз мұнан соң дін іліміне бас ұрды.
Түйін: Алла Тағала кімді тура жолға салса, оны ешкім адастыра алмайды. Алла Тағала кімді тура жолдан адастырса, оны ешкім тура жолға сала алмайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ