Сол сапарында орны толмас қасірет, қираған қалалар мен мәдени құндылықтарды көзбен көрген суретші әлемдік мәдениетке қайталанбас картиналар сериясын табыс етті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Камиль Муллашев талас-тартысқа толы сол бір сапары турасында «Kazislam.kz» порталына әңгімелеп берді.
Сирия – ежелгі шумер мәдениеті мен вавилондық мәнер салтанат құрған, ерте християндық, византиялық билік пен ислам өркениеті үстемдігі із қалдырған орын. Мұндағы көненің көзінен жеткен тарихи ескерткіштер шашырай орын тепкен.
– Сирияны әкемнің айтуымен білетінмін. «Өнер тарихы» деген үлкен альбомнан ежелгі Грекияны, Сирияны көрсетіп, әңгімелеп беретін. 1914 жылы Меккеден қайтып келе жатқан атам Мухаммадияр Муллашсондағы Шам қаласында өмірден өткен екен. Атамның бейітін тапсам деген едім, бірақ қалың үйіндіден қабірін іздеп табу мүмкін болмады.
Сириялық суретші әріптестер мені өте жақсы қарсы алды. Қатарынан 17 қаланы аралап, көптеген көне мәдени ескерткіштерді көрдім. Сирия астанасы Дамаск шаһары – дүние жүзі астаналарының ішіндегі ең ежелгісі. Ежелгі және ортағасырлық архитектураның ескерткіштері сақталған қаланы Рим қабырғалары қоршап тұр. Қаладағы «Кішкене қақпа» бейітінде ғұлама, ғалым Әбу Насыр әл-Фараби жерленген» – деп еске алды ол.
Суретшінің айтуынша, ежелгі рим сәулетімен даңқы шыққан Пальмира қаласында үш күн болған. Біздің заманымыздың ІІІ мыңжылдығы соңынан бастап сақталған Пальмира Шам мен Ефраттың арасындағы ескі керуен жолының ортасында жатыр. Кезінде Александр Македонскийдің иелігінде болған бұл қала еуропалық өркениет шапағы саналатын әйгілі Салтанат қақпасымен ерекшеленетін.
Қазір бұл ескерткіштер түгелдей тоналып, жекелеген бөліктері қара базарда қолдан қолға сатылатыны туралы айтылады. Суретшінің осы сапарынан туған «Пальмира», «Пальмира қабырғасында», «Пальмираның триумфалды аркасы» сынды картиналар сериясы сол заманның шынайы көрінісінен мол дерек беруімен құнды.
Бұдан соң жүрек жұтқан суретшіні Ауғанстан жеріндегі орта ғасырлық өмір салты күтіп тұр еді. Мың жыл бұрынғы дамымаған қалпында қалып қойған ауған елін көруге құмартқан ол, осыған дейін кеңес адамының аяғы тимеген жерлерге барып, көліктен шықпай сурет салуға кіріседі.
«Көп естіген елдің ішкі өміріне куә болдым. Барлық уақытта жасырынып жүруге тура келді. Өйткені оларда шариғат заңы бойынша сурет салуға тиым салынған. Тіпті мені таспен атып өлтіруге де құқылы болатын. Қираған көшелердің бойында кедейшілік көріністері мықтап орнығып алғандай. Қарулы сарбаздар мен танкілер ерсілі-қарсылы жүрсе, көше жиегінде арып-ашқан балалы әйелдер, шал-шауқан қалжырап жататын» – деп еске алады суретші.
Камиль ағаның өзі де бірнеше рет өлім аузынан аман қалған екен.
– Сол барған жерімде мені үш рет Құдай сақтап қалды. Бір рет, мен жүріп өткен бойда, дәл артымда келе жатқан қыз танк минасына тап болды. Волейбол ойнайтын алаңға көміп қойған екен, мен институтқа кіре бергенімде жарылды.
Одан кейін бізді пионерлер үйіне ертіп апарды. Біз шыға бергенімізде, әлгі оқу орнына бомба тасталып, заматта күлі көкке ұшты.
Үшінші рет, абайсызда жалғыз сыртқа шығып кетіп, кенет ауғандарға ұсталып қалдым. 50-дей адам екен, жабыла кетті. Жаным қысылғанда «Әлхамдулилла, мұсылманмын» деп саудыратып, құран оқи жөнелдім. Олар аңырып 3-4 минут тоқтап қалғанда, әскерлер де келіп, жанымды алып қалды,– дейді Камиль Муллашев.
Суретші-репортердің осы жылдары туындаған композицияларындағы көріністер сол кезеңдегі кедейшілік пен сауатсыздықты, діни соқырлық пен жантүршігерлік қатыгездікпен дәлме-дәл қауыштырады. Десе де туған халқын осыншалық азаптан құтқарғысы келетін саналы ауған азаматтарын да жолықтырғанын айтады.
«Ауған халқының басына төнген нәубетті өз картиналарым арқылы жеткіздім деп білемін. Сапар соңында Кабул университетінде көрме өткіздім. Ал Алматыға оралған соң, 1986 жылы КСРО СІМ шақыруымен Мәскеудегі Достық үйінде «Тәуелсіздік және жасампаздық жолында» атты кең ауқымды көрме өткіздім. Жиынға сол кездегі Ауғанстан басшысы Мохаммад Нажибулла және Кеңес Одағының бірқатар қайраткерлері, белгілі басқарма мүшелері қатысты», дейді ол.
Өкінішке қарай, содан бері 20 жылдан астам уақыт өтсе де сұм соғыс тоқтаған жоқ, бейкүнә халық бордай тозып, қынадай қырылып келеді. 2011 жылдың көктемінде президент Башар Асадқа жалпыұлттық қарсылық ретінде басталып, соңы елді жайлаған қанды соғысқа ұласты. Инфрақұрылым нысандары мен тұрғын-үйлер ғана емес, ЮНЕСКО қорғауындағы 290 тарихи ескерткіш қиратылып, оның 24-і жермен жексен болды.
Сарапшылардың айтуынша, таяу онжылдықта қираған мәдени, тарихи орындарды қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Ал роман архитектурасының бастауы болған Сирия өркениетінсіз әлем бейнесі ешқашан толық болмақ емес.